Әзілкеш Қайрат Әділгерейдің оразаға қатысты айтқан әзілі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Видеода ол жұмыс барысында әріптестерімен “ораза” тақырыбын әңгімеге арқау етеді. Әзіл ретінде айтылған сөздерінің бірінде: "Өлсеңдер, оразада өліңдер - жұмаққа барасыңдар" дейді. Әріптестері де "соған тырысып жүрміз ғой" деп қалжыңға қосылады.
Бұдан кейін әзілкеш сөзін жалғап: "Тірі қалып, оразада ауызашарға келіп тұрмайық, жұмақта әзірге орын жоқ екен" деп әзілін түйіндейді.
Желі қолданушыларының бір бөлігі бұл сөзді орынсыз деп бағалап, сынға алды. Ал енді біреулері оны әзіл ретінде қабылдау керегін айтып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін кәсіпкер Ахметбек Нұрсила әзілкеш Қайрат Әділгерейдің Құрманғазы Сағырбайұлына қатысты айтқан пікірін сынға алған еді.
Даудың тууына әзілкештің Құрманғазы туралы кино түсіру тақырыбында айтқан пікірі себеп болған. Оның сөзінше, тарихи тұлғаларды тек бір қырынан ғана емес, басқа қырынан да ашып көрсету керек. Осы ойды жеткізу барысында ол Құрманғазының өміріне қатысты даулы сипаттамалар айтқан.
Ахметбек Нұрсила бұл пікірге жауап беріп, мұндай мәлімдемелерді орынсыз деп бағалады. Ол танымал тұлғалардың сахнаға шығып, киноға түсіп, той жүргізіп жүргенін атап өтіп, қоғам алдында жауапкершілік болуы керегін айтты.
Сондай-ақ кәсіпкер Құрманғазының есіміне қатысты айтылған сөздер үшін құқықтық баға беру қажет екенін мәлімдеп, бұл мәселені қоғамдық деңгейде талқылауға шақырды.
