Голощекин мен Назарбаевқа тән ортақ нәрсе бар – режиссер Теменов

Dalanews 21 жел. 2023 12:44 1721

ADAL Adam арнасына театр және кинорежиссер, сценарист, актер, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов сұхбат беріп, еліміздің Назарбаев жүйесі кезінде тозаққа айналғанын, идеологияның тек халықты алдауға құрылғанын тілге тиек етті. 

Сондай-ақ, ол Қаңтар қырғынына мемлекеттік төңкеріс деп баға беріп, реваншистердің амалы жүзеге аспай қалғанын да жеткізді деп жазады Dalanews.kz.

«70 жылға созылған азаптан кейін 30 жыл бойы тозаққа түстік»


 Талғат Теменов әңгімесінің басын «Қазақ халқы өзге ұлтпен салыстырғанда бағы жанбаған елміз. Өйткені, біз 100 жылдан астам коммунистік, фашистік қоғамның құрбаны болдық», – деп бастады.  «Большевизм – фашизмнің бір түрі. Ленин билікке келген соң қазақ халқының маңдайынан сор кеткен жоқ. Халық қырылды, тоз-тозы шықты. Мемлекет деген аты болмаса, ұлттығымыздан, болмысымыздан айрылып қалған халықпыз.

70 жылға созылған азаптан кейін 30 жыл бойы тозаққа түстік. Тозақтың бір қасиеті –тозаққа түскен адам шындық екенін біледі. 70 жыл бойы шала шындық болса, 30 жыл бойы шындықты түгел жоғалттық.


Шындық – күн мен түндей, су мен құмдай, аспан мен жердей нәрсе. Біз шындықтан ада болдық. Қай салада да ойымызды ашық айта алмадық. 70 жыл бойы әңгімені ас үйде айтсақ, бүгінде ас үйде де айта алмаймыз. Өтірік өзеуреп өрге шыққанда шындық шырылдап жылайтын болады...», – деді сұхбатта.

«30 жылда құлақтан тепкен идеология болды»


 –  Қазақ халқы қашан да оптимист болған. «30 жылда ертең дамыған 50, 30 елдің қатарына кіреміз. Араб, шейхтардан артық өмір сүретін боламыз деп, қазақша айтқанда құлақтан тепкен идеология болды. Дұрысы, идеология болған жоқ. Идеологияның барлығы адамды алдауға құрылды. Адамның болмысы үміт пен шындықпен өмір сүреді. Тіпті, шындық өлген кезде де адам үмітпен өмір сүреді. Соңғы үмітіміз – президент Тоқаевта. Егер ол үмітті ақтамаса, қазақ халқының басынан соры кетпеген ел боламыз.

Қазақ елінің бақытты кезеңі 1925 жылға дейін болды. Голощекин мемлекет басына келгеннен бастап қазақ халқы нағыз қасіретті, нәубет күндерді бастан өткізді. Батырларды, жауынгерлерді жоғалттық. Елімізден, жерімізден айрылдық. Бірақ халық тозса да халық болып қалды. 30 жыл атом бомбасының құрбаны болдық, одан кейін ашаршылықтың полигоны болдық. Сол Голощекин«Қазақ деген кім, олар адам ба екен, олар – малдар» деген. Қазаққа деген дұшпандық, өшпенділік, жеккөрініштілік оның да түбіне жетіп, 1941 жылы атылды. Алайда, оның орнына келген, паспортында «қазақ» деп жазылған «голощекиндерді» қайтеміз? Біздің алдымызда тұрған бір-ақ нәрсе: қазақ халқы қайтіп өз болмысын сақтайды, қазақ елі қайтіп бақытты ел болады? Кедейшіліктен, таршылықтан, жоқшылықтан, құлшылықтан халықты қалай құтқарамыз? Бізге ұлына, халқына, еліне, тіліне жаны ашитын азаматтар керек!

 «Назарбаев Димекеңді алақанына салғанда, кешегі қаңтар оқиғасы болмас еді»


–  Голощекин мен Назарбаевқа тән ортақ нәрсе: Голощекин кезінде Сәкен, Ахаңнан бастап бүкіл зиялы қауым өкілдерін «халық жауы» деп аттық. Ал бергі заманда Алтынбек, Заманбек халық жауы ма еді? Керісінше, олар халықтың сөзін сөйлеген, мұңын жоқтаған азаматтар. Жоғары қызметте істеген қаншама азамат үн-түнсіз кетті. Аухадиев, Әуелбековті білемін. Сағадат Нұрмағамбетов соғыстан батыр болып келіп, алғашқы Қорғаныс министрі қызметін атқарды. Ол қызметтен екі кітабы және блокнотымен ғана кеткен. Осыншама таза, адал, дана, кемеңгер, қарапайым адамды көріп таңқалдым. Іштей басымды идім. Сол секілді Димекеңнің де 30 жыл бойы қадірін білмедік.

Көп адамдар соның шапағатымен өскендер. Сол шапағатты көріп, өзіне тас атқан адамдар болды. Бірақ жақсы шәкірт ұстазының жағдайын жасайды, туған күніне барады, құрметтейді. Назарбаевтың ұстазына деген құрметі жоқ болды.


Егер Назарбаев Димекеңді алақанына салғанда, кешегі қаңтар оқиғасы болмас еді. «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, соңғы дөңгелегі де солай жүреді».

Татарстанның президенті Минтемер Шаймиевті сыртынан сыйлаймын. Ол өзі кеткен соң орнына Рустам Миннихановты қойды. Бірақ оның бірде-бір ісіне араласқан жоқ. Қазан қаласына барғанда жергілікті халықтың «абыз» деп құрметтейтінін естідім. Назарбаевты жанындағы адамдар азғырды. Шаймиевке де маңайындағылар «кетпеңіз» деген шығар. Дегенмен, оның ақылдылығы, кемеңгерлігі сол, дер кезінде кетті. Осылайша, татар халқының абызы болып қалды. Өкінішке қарай, бізде абыз қалмады. Әйтпесе, Назарбаевтың абыз болатын жөні де, тегі де, орны да болды.

Желтоқсан мен қаңтар айы – қашан да қазақ халқының соры. Хрущев Димекеңді 1956 жылы 16 желтоқсанда қызметінен алды. Екінші, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі, үшінші 2022 жылғы қаңтар қазақ халқының тарихында қанмен жазылды. Қаншама боздақ қырылды, қаншама шаңырақ ортасына түсті, қаншама тағдыр сынды. Тіпті, нақақтан-нақақ сәби де атылды. Бұл біздің қаралы күннің бірі. Бұл – мемлекеттік төңкеріс. Тоқаевтың уыстан шығып бара жатқанын кешірмегендіктен жасалған дүние. Оны ұйымдастырғандар Назарбаевтың қасындағы жандайшаптары. Бұл орындалмаған реванш. Олар бір нәрседен ұтылды. Біз Тоқаевты үркітіп, қорқытып, қуып орнына қайтып келеміз деп ойлады. Тоқаев оған көнбеді. Өйткені, ол халыққа, халық Тоқаевқа сенді. Ал Тоқаевтың атын жамылған қанішерлер оған қара күйе жағып, ақылға сыймайтын фашизмге дейін барды. Тырнақ астына ине тығу, үтік басу – қатыгездіктің ең жоғарғы сатысы. Халықты ашындырып, қайтадан алаңға шығару үшін алдын ала дайындалған дүниелер.

Назарбаевтың бір нәрсесіне ризамын. Ол шекарамызды бекітіп берді. Бұл қазақ халқына жасаған ерлігі. Оның бала-шағасына, жақын туыстарына, істеріне қатысым жоқ. Айтқым да келмейді. Адами болмысыма келмейді. Бір білетінім, 30 жылда жеткен жетістігіміз – шындық пен ұятты жоғалтқан ел болдық.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар