Фискалдық және монетарлық саясатты үйлестіру не үшін керек болып жатыр - пікір

Кәмшат Тілеухан 20 ақп. 2025 10:31 475

2024 жылы республикалық бюджет тапшылығы 3,6 трлн теңгені, ал мұнай түсімдерімен байланысты емес тапшылық мөлшері 10,8 трлн теңгеден асты. Бұл мәселеге Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев "Время" басылымындағы "Логика реформ 2.0: В фарватере эпохи" атты мақаласында кеңінен тоқталған, деп жазады Dalanews.kz.

Оның айтуынша, елімізде бюджеттің шығыстары салық түсімдерінен екі есе артық. Бұл ретте ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың фискалдық және монетарлық саясатты кешенді түрде қарастырып, оған өзара үйлесімділігі мен сәйкестігі тұрғысында байыппен келу керектігі туралы айтқанын еске салады.

"Бұл арада да маңызды бағыттардың бірі – бюджеттің кіріс бөлігін халық пен бизнеске артық жүк салмай ұлғайту. Бұл, бір жағынан, салық салу базасын кеңейтуге және екінші жағынан салықтық іс жүргізу тиімділігін арттыруға бағытталған әрі дұрыс ойластырылған күрделі салық реформасын қажет етеді. Онда да осының барлығы экономикалық белсенділікті және инвестициялардың келуін ынталандыру үшін теңгерімді жағдайды сақтай отырып жасау керек", - дейді Мәулен Әшімбаев өз мақаласында.

Сенат төрағасы осы жағынан алғанда, бізді алда күрмеуі күрделі, бірақ аса қажет салық реформасы күтіп тұрғанын ерекше атап өтеді.

"Бізді қиын, бірақ аса қажетті салық реформасы күтіп тұр және ең басты міндет – Мемлекет басшысы атап өткендей, барлық тараптар үшін оңтайлы шешімдерді әзірлей отырып, оған теңгерімді түрде қарау керек", - дейді Әшімбаев.

Сондай-ақ, мақалада экономикалық теңгерімді қалыптастыруда бюджеттің шығыс бөлігін оңтайландыру маңызды рөл атқаратыны да баса айтылады. Ресурстарды тиімді қайта бөлу, мемлекеттік шығыстарды бақылау және олардың басымдығын айқындау, спикердің пікірінше, бюджет тапшылығын қысқартуға және қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.

"Теңгерімді бюджет инфляцияны бақылаудың маңызды құралы болып табылады. Тапшылықты азайту ақша-несие саясатына қысымды төмендетеді және пайыздық мөлшерлемелерді біртіндеп төмендетуде маңызды рөл атқарады. Бұл өз кезегінде бизнестің нарық жағдайында ұзақ ақшаға қол жеткізуіне жол ашып, несие ресурстарының арзандауына әсер етеді. Осылайша, фискалдық және монетарлық саясат арасындағы тиімді өзара іс-қимылды құру маңызды стратегиялық мақсат болып табылады", – делінген мақалада.

Оларды үндестіру экономиканың өсімі үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге және мемлекеттің экономикалық саясатына деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді, деп сөзін қорытындылайды Әшімбаев.

Айта кетсек,  бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС мөлшерлемелерін саралаудың келесі тетігін ұсынған болатын:

  • жалпыға бірдей белгіленген 16 % ҚҚС мөлшерлемесін белгілеу;
  • бірнеше салалар үшін 10  % көлемінде аралық мөлшерлеме белгілеу;
  • ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толықтай босату. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар