“5 млн 700 мың”. Қазақстанда көлік саны артқанымен, олар ескіріп барады

Қаракөз Амантай 18 ақп. 2025 11:31 373

Қазақстанда тіркелген автокөлік құралдарының саны 5 млн 700 мың болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, оның 88,1% – жеңіл автомобильдер, 9,9% – жүк автомобильдері және 2% – автобустар.

Айта кетерлігі, 2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында барлығы 1 млн 836 мың автокөлік тіркелген. Олардың басым бөлігі желтоқсан айында есепке қойылған екен. 

Сонымен қатар елімізде әлі де ескі көліктер саны басым. Ресми мәлімет бойынша, 20 жылдан аса жүрілген көліктер саны – 2 млн 518 мың автокөлік болып отыр. Ал шыққанына 10-20 жыл болған көліктер – 1 млн 361 мың автокөлік екені белгілі болды. 

Өңірлер бойынша ең көп көлік Алматы қаласы (667 мың көлік) мен Алматы облысында  (610 мың көлік) тіркелген. Қазақстан бойынша дипломатиялық нөмірмен жүрген 51 мың көлік болса, өңірі көрсетілмеген 314 мың темір тұлпар бар екен.

3-7 жыл аралығындағы 838,8 мың көлік тіркелсе, үш жылдан аспаған жаңа автомобильдер саны бар болғаны 362,6 мың. Бұл – жалпы автопарктің небәрі 6,3%-ын ғана құрайды.

Еске салайық, бұған дейін ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша Қазақстандағы автомобиль өнеркәсібінің өндіріс көлемі 2024 жылдың үш тоқсанында 1,2 трлн теңгені құрағаны туралы жазған едік. Бұл 2023 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 8,5%-ға аз болды. Шығарылым көлемінің біршама төмендеуіне қарамастан, автоөнеркәсіп әлі де Қазақстанда машина жасаудың негізгі драйвері болып қала бермек. Мәселен, 2024 жылдың қаңтар–қыркүйек аралығында автокөлік құралдарын өндіру үлесі машина жасау саласының 39,4%-ын (және еліміздің барлық өңдеу өнеркәсібінің 7%-ын) құрады.

Өңірлер арасында автомобиль жасау саласында көлік шығару көлемінің жартысынан астамы Allur («СарыАрқаАвтопром») автозауыты орналасқан Қостанай облысына ғана тиесілі болды: 633,8 млрд теңге. Сонымен қатар, ондағы автоөнеркәсіптің үлесі машина жасаудың 84,7%-ына және өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің барлық көлемінің бірден 46,2%-ына жетті, яғни, автомобиль индустриясы — облыс экономикасының жетекші және айқындаушы драйвері.

Өндіріс көлемі бойынша келесі орынға Hyundai Trans Kazakhstan және Hyundai Trans Auto автозауыттарымен Алматы қаласы жайғасты: 359 млрд теңге. Ал автоөнеркәсіптің үлесі қаладағы машина жасаудың 69,9%-ын, ал өңдеу өнеркәсібінің 29,4%-ын құрады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар