"Астана ЭКСПО-2017" компаниясының бұрынғы топ-менеджері Мұрат Омаровтың жуырда берген сұхбаты қоғамда үлкен резонанс тудырды. Миллиардтаған қаржы жымқырылған атышулы іске байланысты ол тергеудің әділетсіз өткенін хабарлаған еді. Кейінгі уақытта түрлі деңгейдегі бұрынғы шенеуніктердің бірінен соң бірі осылайша мәлімдеме жасай бастауы — қоғамда "ақталу науқаны" жүріп жатқандай әсер қалдырады.Осыған байланысты Dalanews.kz тілшісі саясаттанушы Дос Көшімнің пікірін сұрап білді.
"Шенеуніктердің бірінен соң бірінің ақталуы – қалыпты құбылыс. Кез келген лауазымды тұлға өзіне қатысты іс қозғалғанда не қылмыстық күдік туындағанда, өзін қорғауға тырысады. Бұл – жазадан құтылудың бір амалы ғана және мұнда ерекше мән іздеудің қажеті жоқ.
Ең бастысы – жемқорлықпен айналысатын жоғары лауазымды тұлғалар туралы ашық айтылмайды. Қоғамда жауапкершілік көбіне төменгі деңгейдегі қызметкерлерге жүктеледі, ал олар өз кезегінде одан да төмендегілерге сілтейді. Яғни, кінәлілерді шын мәнінде жауапқа тарту механизмі сол қалпында өзгеріссіз қалып отыр", — дейді саясаттанушы.
Дос Көшімнің сөзінше, жоғарыдағы саяси элиталар арасында алдын ала келісім міндетті түрде болады.
"Жоғары саяси элита арасында өзара келісім, алдын ала дайындық, тіпті бірін-бірі қорғау әрекеттері әлі де бар. Бұл жүйе көбіне мафиялық құрылымға ұқсайды: әркімнің рөлі нақты белгіленген, кез келген жағдайға дайындық бар, тіпті ұсталған кезде қалай әрекет етуі тиіс екені алдын ала пысықталған. Мұның бәрі – жоспарлы түрде жүзеге асатын процесс.
Бұдан бөлек, жоғары лауазымды тұлғалар арасында туыстық және жолдастық байланыстардың да рөлі үлкен. Қоғам мен мемлекет мүддесінен бұрын осы қатынастар басымдыққа ие болып отыр", - дейді Дос Көшім.
Оның айтуынша, елімізде сот билігі дербес тармақ ретінде жұмыс істей алмайды.
"Қазақстанда сот жүйесі Кеңес үкіметі кезінде де, тәуелсіздік алғаннан кейін де биліктен бөлек, дербес тармақ ретінде жұмыс істеген емес. Біздің сот саяси элитаның бақылауында және мемлекеттік нұсқаумен шешім шығарады. Бұл – айқын шындық.
Мысал ретінде шетелге кеткен Әкежан Қажыгелдин мен Рахат Әлиевті алайық. Италия, Англия, Австрия немесе Ресей оларды Қазақстанға неге қайтармады? Олар мұның бір ғана себебін атады. "Сіздердің соттарыңыз тәуелсіз емес, әділетсіз және саяси бағытта жұмыс істейді" деген уәж айтты", - деп қосты ол.
Саясаттанушының пікірінше, елдегі жемқорлық істеріне қатысты жоғары лауазымды тұлғалар жиі тасада қалып жатады. Алайда орындаушылар да жауапкершіліктен жалтармауы керек.
"ЭКСПО-ға қатысты жеке көзқарасым бар. Иә, жұртшылық "жоғарыдағылар неге жауапқа тартылмайды?" дейді. Бірақ төмендегілердің сотталуы да әділетті. Айран ішкендер ғана емес, шелек жалағандар да жауап беруі тиіс. Өйткені олар қылмысқа қатысқан. Егер тек айран ішкендер жауапты болса, орындаушылар әрқашан: "біз тек бұйрықты орындадық" деп ақтала береді. Бұл – тарихта болған. Мысалы, Нюрнберг процесінде Гитлердің генералы мен идеологтары да "бұйрықты орындадық" деп айтқанымен, бәрібір сотталды.
Яғни, орындаушылардың да жауапкершілігі бар. Олар, егер қылмыс жасаса, жазаға тартылатынын білуі керек. Егер олар "жоғарғы жақты ұстап береміз" деп кейін қарсы шықса, оны екіжүзділік немесе сатқындық деуге болады. Қылмыс жасаған адам оның жауапкершілігін де бірге көтеруі қажет", - деп қосты ол.
Еске салайық, жақында мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи EXPO-2017 ісін қайта қарауды талап еткен еді. Бұған дейін осы іс бойынша сотталған Мұрат Омаров берген сұхбатында өзінің және Талғат Ермегияевтің үстінен қозғалған іс қолдан ұйымдастырылғанын, ал параны алған – "Ескі Қазақстанмен" байланысты нақты емес тұлға екенін мәлімдеген болатын.
Ермұрат Бәпидің айтуынша, тергеуге сол кездегі лауазымды тұлғалар – Кәрім Мәсімов пен Қайрат Қожамжаров тарапынан қысым жасалуы мүмкін. Депутат істің материалдарын мұқият зерттеп, Бас прокуратураға жаңа мән-жайлар ашылуына байланысты үкімге қарсылық білдіру және істі қайта тексеру жөнінде ресми сауал жолдаған.
Сонымен қатар бұған дейін саясаттанушы Данияр Әшімбаев та телеграм арнасында ақша жымқырып, жазасын өтеп жатқан шенеуніктер туралы қызық жазба жариялаған еді.
“Бұрынғы атышулы сыбайлас жемқорлық істері бойынша сотталғандар өздерін “саяси қуғын-сүргін құрбандары” ретінде көрсете бастады”, дейді Әшімбаев.
Dalanews.kz саясаттанушы кімді меңзегенін білу мақсатында өзіне хабарласқан.
“Кімді меңзегенімді атын атап, түсін түстей алмаймын. Жазбамда әдейі фамилиясыз жаздым, жалпы айтылған нәрсе. Негізі кім екенін айта аламын, бірақ қазір емес”, дейді Данияр Әшімбаев.
Көпшілік бұл “Астана ЭКСПО-2017” ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев деп болжаған. Ермегияев мерзімінің 2/3 бөлігін өтеген. Бірақ бүгін Талғат Ермегияев мерзімінен бұрын босатуға өтініш тастамағаны белгілі болды.
Осы уақытқа дейін Ермегияев сот тағайындаған 14 жыл ішінде 9 жыл жазасын өтеді. Алматы облыстық сотының мәліметінше де, Ермегияевтен жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыру туралы өтініш түспеген.
Ал ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Ермегияев қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде сот тағайындаған жазасын өтеп жатқанын хабарлады.
Ермегияев “ойланып” мерзімінен бұрын бостандыққа шығу не шықпауын алдағы уақытта бақылаймыз.