Жақында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи EXPO-2017 көрмесіне байланысты қозғалған атышулы қылмыстық істі қайта тергеуді талап еткен еді. Оның айтуынша, бұл іс "Ескі Қазақстан" кезеңіндегі саяси-экономикалық жүйенің көлеңкелі тұстарын толық ашпаған. Сонымен қатар нақты кінәлілер жазадан құтылып, жазықсыз азаматтар жауапқа тартылған.
Депутаттың бастамасына қоғам белсенділері мен саясаткерлер де үн қоса бастады. Солардың бірі — саясаткер Әміржан Қосан, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін осы іс бойынша сотталған Мұрат Омаров өзіне және Талғат Ермегияевке тағылған айыптардың қолдан ұйымдастырылғанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, пара алған нақты тұлға — "Ескі Қазақстанмен" байланысты, бірақ аты-жөні аталмай қалған.
Осыған орай, депутат Ермұрат Бәпи істің материалдарын мұқият зерттеп, Бас прокуратураға ресми сауал жолдаған болатын. Онда жаңа мән-жайлардың ашылуына байланысты үкімге қарсылық білдіру және істі қайта тергеу қажеттігін алға тартқан.
"Бұл істе қылмысқа қатысы бар адамдар жауапкершіліктен босатылған. Ал кінәсіздер жазаланды. Мұндай жағдайда әділет туралы сөз қозғаудың өзі қиын", – деді депутат.
Айта кетейік, ұлттық компанияның бұрынғы басшысы Талғат Ермегияев бүгінде қамауда отырғанына он жыл болды.
Әміржан Қосан не дейді?
Аталған мәселеге қатысты саясаттанушы Әміржан Қосан да пікір білдірді. Оның сөзінше, EXPO-2017 ісі – Ескі Қазақстан тұсындағы кланаралық тартыстың бір ғана көрінісі.
"EXPO дегеніміз ескі Қазақстан тұсында бюджеттің қыруар қаржысы жұмсалған жалғыз жоба емес. Ондай бағдарламалар көптеп саналады. Оларға да қатысты небір шулы сот процестері өтті. Нәтижесінде, қармаққа шабақтар түсіп, шортандар шалқып жүре берді!
Бір нәрсе анық: экс-елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрған құбыжық жүйеде қолды болған бюджеттік қаржының әрбір тиынында сол кезде бас билік басында отырған Назарбаевтың отбасының, туған-туыстарының, Назарбаевқа жақын ықпалды кландар мен топтардың, қолдан жасалған олигархтардың тікелей қатысы болды. Бір сөзбен айтқанда, жоғары жақтың не нақты тапсырмасы, не рұқсаты болмай, ешкім де ашкөздік танытып, бюджет қаржысына коррупциялық қолын сала алмады", – дейді ол.
Қосанның пікірінше, сол кезеңдегі соттар президентке тікелей бағынышты болғандықтан, ірі көлемдегі қаржы жымқыру фактілері бойынша нақты жауаптылар сотталмай қалған.
"Сол кездегі соттардың президентке тікелей бағынышты болғанын ескерсек, халық қаржысын жымқыртуға байланысты соттарда президенттің айналасындағы нақты тұлғалар жауапты боп табыла қоймады (табылып жатса да, сол кездегі кланаралық тартыстың құрабын боп кетті). Сол себепті айран ішкендер тұтылды, шелек жалағандар құтылды, яғни, жоғарыда "крышасы" жоқ небір азаматтар нақақтан-нақақ тағылған ауыр айыптарды арқалап, сотталып кетті. EXPO-ға қатысты сот ісі сол үрдістің бір парасы ғана.
Қазір болса, жағдай өзгеріп жатыр. Ескі Қазақстан тұсында айтылмай келген шындық біртіндеп жария бола бастады.
Алайда бұл процестің көлеңкелі тұсы да жоқ емес. Байқауымша, сол шындық жартыкеш сипат алып бара жатқан сыңайлы, яғни, қазіргі билікке жақын ықпалды топтардың мүддесіне сай істердің жай-жапсары жарыққа шыға бастады да, ол топтарға жайсыз жайттар айтылмай жатқан секілді", – деп қосты ол.
Мұндай жағдайда саясаткер түбегейлі шешім қажет екенін алға тартады.
"Өзін Жаңа, Әділетті Қазақстан деп жариялаған елімізде Әділеттік қағидаттарының толыққанды һәм толықмәнді, түпкілікті де түбегейлі орнауы үшін, және де кеше әділетсіздік зардабын шеккен ешкім де алаланбауы үшін ескі Қазақстан тұсында қабылданған кланаралық тартыс сипатындағы сот шешімдері түгелдей (!) қайта қаралуы тиіс! Сол кезде шырқыраған Шындық ашылады, нағыз Әділдік орнайды", - деді ол.
Сонымен қатар саясаткер сол кезеңдегі саяси астармен сотталғандар жайын да еске салды.
"Бізде ескі Қазақстан тұсында саяси астары бар сот процестері де болғанын ұмытпауымыз керек! Авторитарлық режимге ашықтан-ашық қарсы шыққан қаншама асыл азаматтар сотталды, түрмеге жабылды, шетел асып кетті. Қаншама адамға қарсы қорқыту-үркіту, арандату акциялары ұйымдастырылды! Өзім де жастайымнан сол соттардың азабын тарттым, өзім және отбасым арнайы органдар ұйымстастырған құйтырқы арандату әрекеттерінің құрбаны болдық. Ол оңбағандықтарын мен ешқашан да кешірмеймін!
Қазірде сол кезеңнің зардабын шеккен оппозиция өкілдерінің алды өмірден өтіп жатыр, кейінгілері біраз жасқа келіп қалды", - деп қосты ол.
Осы тұста, саясаттанушы президент Тоқаевтың оппозиция өкілдерімен байланысты қадамдарын атап өтті.
"Иә, аздап болма да, жылымық сезіледі. Өткенде президент Тоқаев еліміздің Тәуелсіздігіне үлесін лайық қосқан азаматтар ішінде талай жыл Назарбаевпен күресіп келген Серікболсын Әбділдиннің атын атады. Ол сөзі тарихи әділеттіктің бастауы сынды болғандай. Одан кейін ширек ғасыр оппозиция қатарында жүрген мені "Парасат" орденімен наградтау туралы Жарлыққа қол қойды.
Алайда өзінің тарихи тұрғыдан лайық бағасын ала алмай жүрген қаншама асыл азаматтар әлі де ескерусіз қалуда!
Меніңше, өзін Әділетті деп санағысы келсе, Жаңа Қазақстан билігі кезінде ескі Қазақстан тұсында саяси астармен сотталып, жазықсыз жаза тартқан басқа да азаматтардың алдындағы моральдық, адами, саяси парызын осылайша өтей алады!", - деп түйіндеді ол.