Сот Данияр Хасеновтың өзін банкрот деп тану туралы өтінішін қанағаттандырмады. Мұндай шешім қабылдауға негіз болған — оның мүліктік жағдайы мен табысы туралы толық әрі шынайы ақпараттың болмауы, деп хабарлайды Dalanews.kz Nege.kz-ке сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, Хасеновтің «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ алдындағы берешегі 23,8 млрд теңгені құрайды. Бұл қарыз 2003 жылы «Казкоммерцбанк» пен «АзияПромСбыт» ЖШС арасында жасалған несиелік желі ашу туралы келісім аясында пайда болған. Міндеттемелерді орындау кепілдігі ретінде Данияр Хасеновтің жазбаша кепілдігі де көрсетілген.
Қаржылық басқарушының айтуынша, қазіргі таңда Хасеновтің атына жылжымалы да, жылжымайтын мүлік те тіркелмеген, ал орташа айлық табысы — 0 теңге. Алайда ол бірқатар заңды тұлғаларға иелік етеді:
«Petroleum Invest Corporation» ЖШС — 65%,
«Корпорация Империал Инвест» ЖШС — 90%,
«Біріккен технологиялар мен қаржы» ЖШС — 50%,
«Мегаспорт» футбол клубы» ЖШС — 50%.
Сот анықтағандай, Хасенов өзін толық төлем қабілетінен айырылған деп мәлімдегенімен, «Petroleum Invest Corporation» 2024 жылы 9,5 млн теңгеден астам салық төлеген. Қалған компаниялар да әлі жабылмаған және банкрот деп танылмаған. Сонымен қатар, қаржылық басқарушы аталған заңды тұлғалардың нақты қаржылық жағдайын бағаламаған және қосалқы борышкерлерді субсидиарлық жауапкершілікке тарту мүмкіндігі туралы қорытынды ұсынбаған.
«Сот Хасеновтің әрекеттерінен адалдық принципін байқамады, өйткені ол қомақты сомаға кепілгер бола отырып, өз міндеттемелерін өтеу үшін ешқандай әрекет жасамаған», – делінген судьяның мәлімдемесінде.
Сот қарыздың өзі азаматты банкрот деп тану үшін жеткіліксіз негіз екенін атап өтті. Хасеновтің табыссыз қалуына байланысты ауру, мүгедектік немесе еңбекке жарамсыздық сияқты объективті себептерді растайтын ешқандай құжат ұсынылмаған. Керісінше, сот жұмыссыздық оның жеке таңдауы деген қорытындыға келді.
Сонымен қатар, Хасеновтің отбасылық жағдайы туралы да жазбаша ақпарат ұсынылмаған.
«Жоғарыда айтылғандар борышкердің өзінің нақты мүліктік жағдайы туралы мәліметтерді жасырып отырғанын көрсетеді. Қарыздық міндеттемелер пайда болған кезде өзінің төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті әрі тиісті шаралар қолданғанын дәлелдейтін құжаттар да сотқа ұсынылған жоқ», – деді судья.
Данияр Хасенов — бұрынғы кәсіби футболшы және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының топ-менеджері болған. Ол — Әлия Назарбаеваның бұрынғы күйеуі, олардың ортақ балалары бар.