Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Бигайдаров «Астана Банкі» басшылығына қатысты іс бойынша жаңа мәліметтерді жария етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2025 жылғы 22 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Астана Банкі» АҚ-ның бұрынғы директорлар кеңесінің төрағасы әрі негізгі акционері Олжас Тоқтаровқа қатысты үкім шығарған.
«Сот Тоқтаровты агенттік қызмет көрсету түрінде банктен қаржы жымқыру және банкрот болуға жақын кезеңде Алматы қаласындағы бизнес-орталықты өз бақылауындағы компанияларға заңсыз өткізу деректері бойынша кінәлі деп таныды», – деді Бигайдаров Антикорда өткен брифингте.
Оның мәліметінше, Тоқтаров сырттай 10 жылға бас бостандығынан айырылып, жалпы сомасы 14 миллиард теңгеден асатын мүліктері тәркіленді. Олардың қатарында:
тұрғын үй,
әкімшілік және өндірістік ғимараттар,
құрылыс нысандары,
жер телімдері,
бағалы қағаздар мен криптовалюта бар.
Еске салайық, 2024 жылдың қыркүйегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Астана Банкі» бұрынғы акционері Олжас Тоқтаровты тергеуге шақырған болатын.
26 қыркүйекке Астана қаласындағы Антикор ғимаратына келуі талап етілген. Алайда елден шығып кеткен Тоқтаров тергеуге келмеген.