Ердоған айтты деп, қазақ-түрік лицейлерін жабу қажет пе?

Dalanews 25 шіл. 2016 07:16 922

Түркия посткеңестік мемлекеттерден Гүленнің жақтастарына қарсы шара қолдану туралы өтініш білдіре бастады. Әзірге, Қазақстанға мұндай өтініш түсті ме, түспеді ме, ол жағы белгісіз. Алайда бауырлас елден осындай өтініш келіп түссе, біздегі қазақ-түрік лицейлерінің, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің жабылуы мүмкін бе деп kaz.365info.kz сайты мәселе көтерді.

 

Шешімді дербес қабылдаған жөн

dalanews dos_koshimСаясаттанушы Дос Көшім Қазақстан бұл сауалға әлдеқашан жауап беріп қойған деп санайды.

– Бір жыл бұрын Түркия президенті Реджеп Ердоған Қазақстанға ресми сапары кезінде осындай мәселе көтергені туралы естігенбіз. Сол кезде қазақ-түрік лицейлерін жабу туралы қоғамда мәселе көтеріліп, халық оған наразы болды. Халықтың пікірімен санасқан Қазақстан билігі бұл ұсынысты қабылдамаған еді. Өйткені бұл білім ордалары беріп жатқан білімінің сапасы жоғары, ең бастысы, қазақтың менталитетіне сай, – дейді саясаттанушы.

Алайда Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті болды. Оны Гүлен ұйымдастырды деп жатыр. Саясаттанушының пікірінше, оған бей-жай қарауға болмайды. Осы негіздегі ақпараттар бізде де тексеріліп, анықталуы тиіс.

– Екі мәселені қарауымыз керек. Біріншіден, заң жүзінде оқу жүйесі кімнің қолында – Қазақстан билігінің бе, әлде Гүленнің өзінің қарауында ма? Мұндай оқу орны тек Қазақстан емес, көп елдерде де бар. Оның барлығын Гүлен өзі басқарып, қадағалайды деу қиындау.

Екіншіден, оқу бағдарламасына, шынымен де бөтен идеология тықпаланған ба, тықпаланбаған ба? Мұны да зерттеуіміз керек. Сөйтіп, құқықтық мемлекет ретінде, тоқ етер шешімді өзіміз қабылдауымыз тиіс.

«Гүленнің жақтасы» деп бізде біреулердің қудалануы мүмкін бе деген сауалға Дос Көшім

–  Мен бізде ондай адамды кезіктірген емеспін, – деп қысқа қайырды.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде Түркияда жұмыстан қысқарып, қудалауға ұшырап жатқан мыңдаған білімді адамдарды Қазақстанға сапалы адам капиталы ретінде тарту жөнінде ұсыныс айтылып жатыр.

Бұл ретте саясаттанушы Дос Көшім оған қарсы екенін айтады.

– Өйткені сырттан адам капиталын тарту тәжірибесіне сүйенсек, Қазақстанды солардың ешқайсысы қарық қылмады, тек ақша шашу болды, –  дейді ол.

 

Ұсынысқа бей-жай қарауға болмайды

dalanews toktar_esirkepovЭкономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов:

– Қазақстан сыртқы саясатта байсалдылыққа басымдық береді, сондықтан  Түркияда қысқарып жатқан қызметтегі адамдарды жұмысқа тарту туралы ұсынысты қабылдай салуы екіталай, – деп санайды.

– Түркия – бауырлас мемлекет. Одан тыс, екі мемлекет арасында барлық салада жақындасу өте  қарқынды жүргізілген. Ортақ құрған академиямыз бар. Бір әліпбиге сүйенейік деп жүрміз. Жібек жолы экономикалық жобасы арқылы осыған дейінгі экономикалық байланысымыз одан сайын нығая түспек. Міне, арада аса қадірлі, әлпештеген қарым-қатынасымыз бар.

Түптің түбінде, Ердоғанды қолдаған – халық. Ал біз халықтан үлкен емеспіз деп ойлаймын. Сондықтан мұндай ұсынысқа жүрдім-бардым қарап, ұрандатқандардың жетегіне кете беруге болмайды, –  дейді ғалым.

Түркия СІМ басшысы Мевлют Чавушоглу Қырғызстан билігін оппозициялық қайраткер Фетхуллах Гүленнің жақтастарына қарсы шара қолдануға шақырғанын айта кетелік. Ол бұл жөнінде Аланьяда демократияны қолдауға арналған акция кезінде айтқан. Мұндай шара Әзірбайжанда да қолға алынғандығы туралы ақпарат бар.

 

Камшат Сатиева

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар