Енді Қазақстан азаматтары зейнетақы жинағының бір бөлігін бала еміне пайдалана алады. Осындай өзгерісті қамтитын бұйрыққа Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2025 жылғы 9 сәуірде қол қойды. Жаңа өзгеріске сәйкес, бала еміне зейнетақы жиғанын қалай пайдалануға болады? Бұл сауалға жан-жақты әрі тыңғылықты жауапты Dalanews.kz сайтының осы материалынан оқып-біле отырыңыздар.
- Ең алдымен, емделу үшін зейнетақы жинақтарының біржолғы төлемдерін пайдалану мақсатында өтініш беруші немесе оның заңды өкілі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) емделуге ақша алу үшін қолжетімді міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы туралы ақпаратты өз бетінше алады.
- Өтініш беруші немесе оның заңды өкілі электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы уәкілетті оператордың интернет-ресурсында авторизациядан өтіп, жеке кабинет ашады және онда Әлеуметтік кодекстің 224-бабының 4-тармағына сәйкес, сомасы мен пайдалану мақсатын көрсете отырып, емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемін алу үшін электрондық өтінішті ЭЦҚ арқылы куәландыра отырып, толтырады.
- Егер өзінің емес, жұбайының немесе жақын туыстарының біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланатын болса, тараптар өтініш берушінің жеке кабинетінде зейнетақы төлемдерін беру туралы келісім жасайды, бұл келісім олардың ЭЦҚ-сымен расталады және ерлі-зайыпты немесе туыстық қатынастарды растайтын құжаттар қоса ұсынылады. Біржолғы зейнетақы төлемдерін кәмелетке толмаған балалардың емделуіне медициналық қызметтерді төлеу үшін пайдалануға рұқсат етіледі.
- Ем алушы немесе оның заңды өкілі медициналық қызметтер үшін арнайы шотқа ақша түскеннен кейін медициналық ұйымды, оның ішінде шетелдік ұйымды таңдайды және медициналық қызметтер алу үшін өзіне бекітілген медициналық ұйымға барып, Әлеуметтік кодекстің 220-бабының 3-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес, дәрігерлік-консультациялық комиссияның (ДКК) қорытындысын алу үшін өтініш береді және өтінішке ем алушының жеке куәлігінің көшірмесі мен профильдік маманның қорытындысын қоса ұсынады. ДКК қызметі ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі № ҚР ДСМ-34 "Дәрігерлік-консультациялық комиссия қызметі туралы ережені бекіту туралы" бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, зейнетақы жинақтары есебінен стоматологиялық қызметтерді алу тәртібі де белгіленді.
- Стоматологиялық қызмет көрсету кезінде комиссия профильдік маманның қорытындысын және ұсынылған медициналық құжаттарды зерделеп, ҚР Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттарының нысандарын және оларды толтыру бойынша нұсқаулықтарды бекіту туралы" бұйрығына сәйкес, 026/у нысаны бойынша ДКК қорытындысын береді.
- Стоматологиялық қызмет көрсеткен кезде ДКК құрамына стоматолог-дәрігер кіреді, ол екі кезеңнен тұратын ұсынылған емдеу жоспарын, емдеуге дейінгі және емдеу кезіндегі рентген-суреттерді зерттейді, стоматологиялық ұйымның медициналық қызметке лицензиясының бар-жоғын тексереді және ДКК үшін қорытынды дайындайды.
а) имплантациямен стоматологиялық қызметтер көрсетілгенде, ем алушы немесе оның заңды өкілі ДКК қорытындысын екі кезеңде алады: емделуге дейін және ортопедиялық конструкцияларды соңғы орнату алдында.
б) имплантациясыз протездеу кезінде стоматологиялық қызметтер алған кезде ем алушы немесе оның заңды өкілі ДКК қорытындысын екі кезеңде алады: бекітілмейтін тіс протездерін орнатқанда – протездеу басталғанға дейін және протездерді ақтық бекіту алдындағы сәйкестендіру кезеңінде, ал бекітілетін протездерді орнатқанда – протездеу басталғанға дейін және протездерді орнатар алдында.
ДКК қорытындысын беруге негіз осы ережелердің 1-қосымшасына сәйкес, біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен төленетін медициналық қызметтерді көрсетуге арналған медициналық көрсеткіштер болып табылады.
Стоматологиялық қызметтер алу үшін алушы немесе оның заңды өкілі құжаттарды бекітілген тізіміге сәйкес ұсынады:
- Денталдық имплантация кезінде ДКК қорытындысын алу үшін емделуге дейін тексеру жоспары, панорамалық немесе 3D рентген-суреттер, стоматологиялық клиниканың лицензиясы ұсынылады. Егер алдыңғы имплантациядан бері үш ай өтпесе, алдыңғы бақылау суреті пайдаланылады. Егер бұрын имплантация жасалмаса, диагностикалық сурет ұсынылуы керек.
- Денталдық имплантация кезінде ортопедиялық конструкцияларды орнату алдында ДКК-ның қосымша қорытындысын алу үшін денталдық имплант орнатылғаннан кейінгі панорамалық немесе 3D рентген-суреттер ұсынылады.
- Протездеу бойынша стоматологиялық қызметтер көрсеткенде, ДКК қорытындысын алу үшін протездеу басталғанға дейін тексеру жоспары, панорамалық немесе 3D рентген-суреттер, стоматологиялық клиниканың лицензиясы ұсынылады.
- Тіс протездерін орнату кезінде ДКК-ның қосымша қорытындысын алу үшін бекітілетін протездерді сәйкестендіру кезеңіндегі бақылау рентген-суреті, ал бекітілмейтін протездерді орнатар алдында пациенттің ауыз қуысындағы протезбен түскен фотосуреті ұсынылады.
- Медициналық ұйым қызметкері ем алушыға немесе оның заңды өкіліне ДКК қорытындысын береді және оны комиссия отырыс ыөткізілген күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде медициналық ақпарат жүйесіне 026/у нысаны бойынша енгізеді.
- Ем алушы немесе оның заңды өкілі стоматологиялық қызметтер алуға дейін және алу барысында ДКК қорытындыларын және шартты уәкілетті операторға электронды түрде жолдайды. Уәкілетті оператор құжаттарды алғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде медициналық ұйымның шотына біржолғы зейнетақы төлемдерін аударады.
Стоматологиялық қызметтер көрсету кезінде төлем екі кезеңде жүзеге асырылады: хирургиялық емдеу алдында және ортопедиялық емдеу алдында.
Біржолғы зейнетақы төлемдерінің мақсатты пайдаланылуын растайтын құжаттар:
- 026/у нысаны бойынша ДКК қорытындысы;
- Медициналық қызмет көрсету туралы шарт (немесе дәрілік заттарды сатып алу шарты).
Құжаттар дұрыс тураланбаған болса, қаражат БЖЗҚ-ға кері қайтарылады.
Бұл бұйрық 27 сәуірден бастап күшіне енеді.
Сөз соңында, біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен елімізде қандай медициналық қызметтерді алуға болатынын айта кетелік:
- дәрілік қамтамасыз етуді қоса алғанда, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша орфандық ауруларды емдеу, сондай-ақ емдеу тактикасын айқындау үшін диагностикалық тексерулер;
- ҚР аумағында орналасқан медициналық ұйымдарда көрсетілетін стоматологиялық қызметтер (тістерді протездеу, имплантациялау) ;
- операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен ақауларды түзету мақсатында, сондай-ақ жүргізілген мастэктомиядан кейін реконструктивті және қалпына келтіру операциялары (пластикалық) ;
- радионуклидті және радиоиодты терапия;
- радиохирургиялық емдеу (гамма-пышақ, киберног);
- Протон терапиясы;
- офтальмологиялық қызметтер (қарашыққа жасалатын, лазерлік коррекция).