Бюджет табысының 3 трлн теңгесі қайда кетті немесе Үкімет Ұлттық қорға неге қол сала береді

Кәмшат Тілеухан 23 қаз. 2024 15:37 3129

"Балапандарды күзде санайды" демекші, қаржыгерлер қыркүйек айында Қазақстан бюджетіне түсуі тиіс делінген табыстың шамамен 3 трлн теңгесі қайда кеткенін таппай, айран-асыр болды. Үкімет өз есебінде бұған металдар мен мұнай бағасының төмендеуі түрткі дей салды. Тағы бір жерде "салықтар дұрыс жиналмады" деген сылтау айтылды. Ақиқаты, қазына жыртығын жамау үшін Ұлттық қордан алынатын биылғы нысаналы трансферт көлемі тағы да ұлғайтылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Нақтырақ айтқанда, Үкімет 2024 жылы Ұлттық қордан 4 трлн теңге шығарған, жыл соңына дейін тағы 2 трлн теңге алу жоспарлары бар.

Қазан айының басында Халықаралық валюта қорының Қазақстандағы миссия басшысы Николя Бланше осылайша Ұлттық қорға көбірек қол сала бастаған Қазақстан билігі әрекетін сынап, оның үстіне ақша шығыстары туралы ақпараттардың ашық еместігін баса атап өтті. Сөйткен ол біздің билікке мынаны айтты:

"Негізі, Ұлттық қордың рөлі жыл сайынғы бюджет тапшылығын жабуға бағытталмаған, бұл болашақ өсімге, инфрақұрылымдарға, ғылым мен білімге арналған ұзақмерзімді стратегиялық қаражат".

Сондай-ақ Николя Бланше табысынан шығысы көп Қазақстанның есеп-қисап мамандары жұмысына да күдік пен күмән келтірді.

Осы сөз қамшы болды ма, әлде Үкімет басына Антикор адамының келуі әсер етті ме, біз сөз етіп отырған "ғайып 3 трлн теңгенің" ізіне түрен салына бастады.

Бюджет тапшылығы деп у-шу болып жатқанда экс-премьер-министр, қазіргі Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың жасап кеткені де отқа май құйғанмен бірдей болған. Мұны кезінде Олжас Бектенов Үкімет басына келе саласымен жария еткен еді.

"Смайыловтың кабинеті 2023 жылғы бюджет кірісінің бір бөлігін 2024 жылғы салықтар есебінен жапқан, салдарынан бизнесмендерге шамамен 600 млрд теңгенің ҚҚС-ғы қайтарылмаған", делінді. Иә, биыл Ұлттық экономика министрінің айтуынша, бизнесмендерге 1,6 трлн теңге көлемінде ҚҚС-ын қайтарылған,  оның 1 трлн теңгесі биылғы жылға тиесілі болса, 600 млрд теңгеге жуық 2024 жылдың шығын жоспарында жоқ өткен жылғы қарыздар.

Оның үстіне, күні кеше Жоғары аудиторлық палатасы 2024 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша жұмыс қорытындысын жариялады. Ол бойынша  474 млрд теңгенің бұзушылары анықталғаны жария етілді.

"Бюджет қаражатының 2,7 трлн теңгесін қамтитын 113 нысанға жүргізілген аудит нәтижесінде  474 млрд теңгенің бұзушылығы анықталды, оның ішінде 128,8 млрд теңге қаржылық бұзушылықтар, 154,8 млрд теңге тиімсіз жоспарлау және 190,3 млрд теңге тиімсіз игеру болып табылады. Бұл анықталған қаражаттың 108,8 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылды", делінген құжатта.

Жоғары аудиторлық палата ұйғарымдарын орындау шеңберінде Қаржы министрлігі 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап құрылыс саласындағы бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуына бақылауды күшейтпек. Атап айтқанда, қыркүйекте Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесіне түзетулер енгізілді. Оған сәйкес, қазынашылық сүйемелдеу сметалық құны 1 млрд теңгеден басталатын шарттарға қатысты қолданылатын болады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 2 млрд теңгені құраған болатын. Мұндай өзгерістерді Павлодар облысындағы аудит қорытыныдысы қабылданды. Ол жағдайда шамамен 731 млн теңге іс жүзінде орындалмаған құрылыс жұмыстарына төлем жасалған. Яғни, Павлодар құрылыс бөлімі бұрын төлем жасалған актілер негізінде мердігер ұйымға төлем жүргізген.

Жоғары аудиторлық палата жиі сынға ұшырайтын, былық-шылығы көп Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына да аудит жүргізіп, бюджет және өзге де заңнамаларды, сондай-ақ ұйымның ішкі нормативтік құжаттарынан бірқатар бұзушылықтарды анықтады. Қорытындысы бойынша ӘМСҚ мен оның өңірлік филиалдарының басшылық құрамының 11 өкілін, оның ішінде Қордың басқарма төрағасының бір орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданды.

Айта кетсек, мамандар 2025 жылы елімізде бюджет дағдарысы орын алатынын айтып, дабыл қағуда.  Олардың есебінде, 2025 жылғы бюджет тапшылығы 4,1 трлн теңге болуы мүмкін. Ал 2024 жылғы Қазақстанның бюджет тапшығылығы 3,5 трлн тенгені құрайтыны айтылып жүр. Ал 2023 жылы Қазақстан бюджетінің тапшылығы 3,1 трлн теңгені, 2022 жылы 2,3 трлн теңгені қамтыпты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар