Металлургия еліміздің экспорттық әлеуетінің тірегі

Жарбол Кентұлы 24 қыр. 2024 21:19 936

Қазақстан экономикасында металлургия саласы ерекше маңызға ие, әрі еліміздегі негізгі экономикалық салалардың бірі болып саналады. Бұл сала елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) маңызды бөлігін құрайтынын да айта кетуіміз керек. Металлургия Қазақстанның экспорттық әлеуетінің негізгі тірегі. Сонымен қатар бұл сала ел ішіндегі өнеркәсіптік дамуында серпін беріп келе жатқанын айта кетуіміз керек.

Металлургия саласында алынатын өнімдер – қара және түсті металлдар, соның ішінде болат, мыс, мырыш, алюминий және басқа да металдар бар.  Аталған өнімдер Қазақстан экономикасының негізгі экспорттық тауары болып табылады. Айталық, қазір мыс өндіру көлемі жыл сайын өсіп келеді. Елімізде өндірілген мыстың басым бөлігі сырт елдерге экспортталады.

Статистикалық мәліметтерге жүгінетін болсақ, Қазақстанның жалпы экспортының шамамен 20%-ы металлургия өнімдері құрайтынын байқаймыз.  Қара металлургия (болат, шойын) мен түсті металлургия (мыс, алюминий, мырыш) өнімдері Ресей, Қытай, Еуропа және басқа да әлемдік нарықтарға еркін саудалануда. Бұл – экспорт елдің валюталық резервтерін толықтырып, сауда теңгерімін ұстап тұруға мүмкіндік беріп отыр.

Металлургия саласы Қазақстанға шетелдік инвестицияларды тартудың маңызды салаларының бірі болып табылады. Шетелдік инвесторлар жаңа технологиялар мен өндіріс тәсілдерін енгізу арқылы саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүдделі.

Соңғы жылдары елдің түрлі өңірлерінде металлургиялық кәсіпорындарды жаңғырту және жаңадан салу жобалары жүзеге асырылды. Бұл – инновациялар өндірістің тиімділігін арттырып, қоршаған ортаға тигізетін әсерді азайтады.

Металлургия өндірісінің Қазақстандағы негізгі орталықтары ретінде Қарағанды, Өскемен, Павлодар қалалары саналатынын ескерсек, бұл саланың аталған аймақтарға экономикалық түрғыдан зор ықпалы бар екенін байқаймыз. Металлургияның дамуы осы өңірлердің экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік әл-ауқатын жақсаруына барынша ықпал етіп келеді.

Бұл сала қоршаған ортаға едәуір әсер ететін салалардың бірі болғандықтан, Қазақстан соңғы жылдары экологиялық стандарттарды күшейтіп, жасыл технологияларды енгізу ісіне мән беріле бастады. Осы арқылы өндіріс процесін экологиялық таза әрі тұрақты жүргізуге бағытталған реформалар жүзе асты.

Металлургия әрқашан Қазақстан экономикасының стратегиялық маңызы бар саласы ретінде елдің экономикалық өсуіне, экспорттық әлеуетінің нығаюына және аймақтық дамуға үлкен үлес қосатыны анық. Еліміз үшін металлургияны дамыту тек экономикалық табыс көзі ғана емес, сонымен қатар өндірісті әртараптандыру, технологиялық жаңғырту жолындағы негізгі қадамдардың бірі болып қала береді.

Қазіргі таңда Қазақстандағы металлургия саласына бірнеше ірі халықаралық және ұлттық компаниялар инвестиция салып, өндірісті дамытуға елеулі үлес қосып келеді.

Қазақстан металлургия саласына Германия, Корея, Жапония және басқа елдердің компаниялары тарапынан да инвестициялар тартылуда. Бұл елдерден келетін инвестициялар көбіне технологиялық жаңғыртуға, өндіріс процестерін автоматтандыруға және өнімнің сапасын жақсартуға бағытталған.

Қазақстанның металлургия саласына ең ірі инвестициялар шетелдік және ұлттық компаниялар тарапынан салынуда, оның ішінде Кармет, Glencore, РусАл, Қазақмыс, Қазмырыш сияқты алпауыттар бар. Бұл компаниялар саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықаралық нарықта Қазақстанның орнын күшейтуге көмектесіп келеді.

Бүгінде Қазақстанда өндірілген қара металдар (болат, шойын және басқа да қара металл өнімдері) бірнеше елдерге экспортталады. Негізгі экспорт бағыттары Қазақстанның географиялық жағдайы мен серіктес елдердің өндірістік қажеттіліктеріне байланысты болуда.

Қазақстанның қара металдарды ең көп көлемде экспорттайтын негізгі ел – Ресей.  Елімізде өндірілген металлургиялық өнімдерінің басым бөлігі солтүстіктегі көрші елдің өнеркәсіптік аймақтарына жеткізіледі. Өйткені Ресей қара металлургия өнімдеріне үлкен сұранысқа ие және жақын орналасқандықтан логистика жүйе тиімді қалыптасқан.

Қазір іргедегі Қытай да еліміздің қара металдарды импорттайтын негізгі елге айналып отыр. Қытайдың болатқа деген сұранысы жыл өткен сайын артып келеді. Себебі Қытай әлемдегі ең ірі өндірістік елдердің бірі болып табылады. Қытай Қазақстанның металл өнімдерін инфрақұрылымдық жобаларда, құрылыс және өнеркәсіп салаларында кеңінен пайдалануда. Географиялық жақындығы да бұл сауданың тиімділігін арттырады.

Түркия да Қазақстаннан қара металдарды көп көлемде импорттайтын елдердің қатынан орын алды. Түрік ағайында қазақстанның маталургия өнімдерін құрылыс пен өндіріс саласын өркендетуге кеңінен пайдалануда. Түркияның өнеркәсібі, әсіресе болатқа деген сұранысты жоғары.

Соңғы жылдары Қазақстанның қара металдары Еуропа елдеріне де экспортталап келеді. Негізінен бұл елдерге Германия, Италия, Нидерланды сияқты мемлекеттер жатады. Қазақстанның металлургия өнімдері Еуропадағы автокөлік, машина жасау, құрылыс салаларында қолданылады. Еуропалық нарықта жоғары сапалы болат өнімдеріне тұрақты сұраныс бар, бұл Қазақстанның қара металлургиясынан келетін экспорттық әлеуетті арттырады.

Орталық Азия елдері, әсіресе Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстан, Қазақстанның қара металдарын импорттайтын аймақтық серіктестер болып табылады. Бұл елдерде Қазақстандық металл өнімдері инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобаларда кеңінен қолданылады.

Қазақстанда қара металлургия саласы экономиканың маңызды бөлігі болғанымен, шикізатты бастапқы өндіруден соңғы өнімге дейін өңдеу деңгейі салыстырмалы түрде шектеулі. Бұл ретте елдегі қара металлургияның өңделуіне қатысты бірнеше аспектіні атап өтуге болады.

Бүгінде елімізде металлургияның басым бөлігі шикізат өндіру мен оны бастапқы өңдеумен тұйықталады. Темір рудасын өндіру Қостанай облысындағы Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатында және басқа да кен орындарында жүргізілетінін айта кетуіміз керек.

Өңдеу барысында шикізат болат пен шойынға айналады, бұл өнімдер ішкі нарықта да, экспортқа да шығарылады. Алайда, қара металдардың терең өңдеуі толыққанды дамымағанын мойындауымыз керек. Болат пен шойыннан құрылыс материалдарын, көлік бөлшектері өзге де басқа жоғары өңделген өнімдер шығаруға болады. Алдағы уақытта Үкімет осыған ұмтылуы керек.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар