Қазақстанда көлік бағасы төмендеді: нарықты қытайлық брендтер жаулап жатыр

Қазақстанда көлік бағасы төмендеді: нарықты қытайлық брендтер жаулап жатыр
keyauto.ru

Қазақстанда жаңа көліктер арзандай бастады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жыл ішінде автосалондардағы көлік бағасы шамамен 18 пайызға төмендеген, деп хабарлайды dalanews.kz "Жетінші арнаға" сілтеп.

Нарықтағы өзгеріске ең алдымен қытайлық брендтердің ықпалы байқалып отыр. Автосалон өкілдерінің айтуынша, былтыр Алматыда жаңа зауыт іске қосылғаннан кейін кейбір модельдердің бағасы 7-15 пайызға арзандаған.

Қазір Changan, Chery, Haval және Tank сияқты маркалар сұранысқа ие. Олардың бағасы салыстырмалы түрде қолжетімді әрі техникалық жабдықталуы да жақсы.

Мысалы, Changan және Chery көліктерінің бағасы шамамен 7 миллион теңгеден басталса, Haval модельдері одан 1-1,5 миллион теңгеге қымбат. Сонымен қатар, кейбір автосалондар Geely мен Jetour брендтеріне 1,3-2 миллион теңгеге дейін жеңілдік ұсынып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, баға төмендеуіне қытайлық көліктердің Қазақстанда құрастырылуы да әсер еткен. Бұрын бұл брендтер сырттан әкелінсе, қазір өндірістің бір бөлігі ел ішінде жүзеге асырылып жатыр. Бұл логистика мен басқа да шығындарды азайтуға мүмкіндік берген.

Қазақстан автомобиль одағының дерегінше, кейінгі бес жылда қытайлық көліктердің нарықтағы үлесі айтарлықтай өскен. 2020 жылы олардың үлесі небәрі 2 пайыз болса, қазір бұл көрсеткіш 39 пайызға жеткен. Яғни елімізде сатылатын әрбір үшінші көлік - қытайлық бренд.

Соған қарамастан, былтыр ең көп сатылған модельдер қатарында Chevrolet Cobalt, Hyundai Tucson және Kia Sportage көш бастаған. Ал Changan мен Chery алғашқы ондықтың соңғы бөлігінде орналасқан.

Мамандардың айтуынша, қытайлық брендтердің көбеюі нарықтағы бәсекені күшейткен. Соның нәтижесінде өндірушілер мен дилерлер сатып алушыларды тарту үшін түрлі жеңілдіктер мен тиімді бағдарламалар ұсына бастаған.

Дерекке сүйенсек, былтыр Қазақстанда 235 мың жаңа көлік сатылса, биылғы төрт айдың өзінде автосалондарда 65 мыңнан аса көлік сатылған. Сарапшылар алдағы уақытта да баға үшін бәсеке күшейіп, нарықтағы ұсыныстар көбейетінін болжап отыр.