Көпшілік студент кезінде баспана алу мүмкін емес деп ойлайды. Себебі ипотека рәсімдеу үшін тұрақты табыс пен еңбек өтілі қажет. Алайда кейбір бағдарламалар студенттерге де үй алу мүмкіндігін ұсынады, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Қаржылық сауат" арнасының мәліметінше, екінші деңгейлі банктердің басым бөлігі шәкіртақыны ресми табыс көзі ретінде қабылдамайды. Сонымен қатар, көптеген банкте ипотека рәсімдеуге жас шектеуі қойылған.
Ал Отбасы банктің "Наурыз" бағдарламасы бойынша 18 жастан бастап қатысуға болады. Бағдарламаның ерекшелігі сол - шәкіртақы ресми табыс ретінде есепке алынады. Студент оқумен қатар ресми жұмыс істесе, оның жалақысы мен шәкіртақысы бірге қаралады.
Бағдарламаға қатысу үшін үміткер Қазақстан азаматы немесе қандас болуы, кейінгі бес жылда өз атында тұрғын үйі болмауы және Отбасы банкте депозит ашып, кемінде 2 миллион теңге жинауы қажет.
Табыс жеткіліксіз болған жағдайда қосымша қарыз алушыларды тартуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, бастапқы жарна жинау үшін туыстарының Отбасы банктегі жинақтарын біріктіруге болады.
Бағдарлама аясында несие мөлшерлемесі - әлеуметтік осал санаттар үшін 7 пайыз, қалған қатысушылар үшін 9 пайыз. Алматы мен Астанада 36 миллион теңгеге дейін, өңірлерде 30 миллион теңгеге дейін несие рәсімдеуге мүмкіндік қарастырылған.
Биыл өтініш қабылдау аяқталғанымен, бағдарлама алдағы бірнеше жыл бойы жалғасады. Сондықтан мамандар қазірден бастап депозит ашып, бастапқы жарна жинауға кеңес береді.