Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков 1 АҚШ долларының құны 600 теңге болуы тиіс екенін айтады. Алайда Ұлттық банк бұл процесті тежеп, шешуші қадамдарға бара алмай отырған көрінеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Соңғы бес жылда жинақталып қалған инфляция көрсеткіші бізде 50-60 пайызды құрап отыр. Ал ЕурАзЭҚ елдерінде бұл шама 20-30 пайызды қамтиды. Яғни, бес жыл бойы елімізде тауарлар мен қызметтердің, тарифтердің құны өсіп жатты, алайда ақша бағамы өзгеріссіз қалып отырған. Сондықтан алдағы перспективада, менің ойымша, 1 АҚШ долларының нақты құны 600 теңге болуы тиіс", - деді Қайырбек Арыстанбеков отандық БАҚ-тардың біріне берген сұқбатында.
Бұл - маманның "1 АҚШ доллары 600 теңге болуы тиіс" деген тұжырымға келтірген алғашқы дәлелі. Екінші факт ретінде ол шикізаттың емес сектордың үңірейіп қалған тұсын нұсқайды.
"Өткен жылы төлем балансында 9 млрд долар көлемінде тапшылық орын алды. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, онда валюталық қордан айырылып тынамыз. Мысалы, біз 2023 жылы шикізаттық емес сектордың экспорт көлемі бойынша 15 млрд долларды жоғалттық. Неге? Өйткені біздің валюталық бағам өзгеріссіз қалып келеді. Салдарынан біз әлемдік экономикада баға жағынан бәсекеге қабілетсізбіз. Сондықтан да девальвация керек бізге", - дейді экономист.
Оның айтуынша, девальвацияны дүңк еткізіп, бірден жасауға болмайды. Ол "еңбектей жоғарылаушы бағам" деген түсінік барын айтады.
"Ұлттық банк осы "еңбектей өсу ақша бағамын" ұстанса, біз экономикамыздың бәсекеге қабілеттігін арттыра алар едік. Яғни, жыл бойына там-тұмдап баға қосып, көтеру. Ондайда жұмыс орны көбейіп, бюджетке түсетін салық көлемі де артар еді. Сонда біз сыртқы экономкалық көрсеткіштерімізді де қалпына келтіре алар едік. Алайда, әзірге, Ұлттық банк ұсынылған бұл тәсілді пайдаланудан бас тартып отыр", - дейді маман.
Экономикалық саясат институтының директоры өз бағамдары бойынша, 2025-2026 жылдарда үш дағдарыстың нышаны білінетінін нақтылай кетті!
"Олар жеке-дара тәуекел түрінде үлкен қауіпті танытпайды. Мәселе экономикамыз үшін сол үш теріс нышанның шарықтау шегі бір сәтке, бір уақытқа келуі үлкен қауіп тудырады. Бейнелеп айтқанда, бір сәтте ел экономикасына үш соққы жасалмақ", - дейді ол.
Атап айтқанда:
- бюджеттік, ҚР кірістері мен шығыстары арасындағы алшақтыққа байланысты тапшылық (2025 жылы - 4,1 трлн теңге);
- сауда балансының дағдарысы (импорттың экспорттан едәуір асып кетуі, яғни шетелге капиталдың ағылуы басым болады);
- борыш бойынша – 2025-2026 жылдарда жеке компаниялардың халықаралық ұйымдар алдындағы борышын өтеуі осы кезеңге сай келеді (жеке компаниялардың сыртқа қарызы шамамен 101 млрд долларды құрайды). Демек, бұл капиталдың орасан көлемде сыртқа ағылуын танытады.
"Егер осы үш дағдарыс "бір уақытта қылаң берсе", жағдай өте қиын болады. Мұндай жағдайда теңге девальвациясына жол беріледі, Ұлттық қорымыз сарқыла түседі және басты капиталға жасалатын инвестициялар ағыны төмендеуі мүмкін", - дейді Арыстанбеков.