– Корей халқы десе, бiздiң көз алдымызға шағын түбектi мекен еткен, сан ғасырдан iштен екіге бөлініп, сыртқы жауымен де арпалысқан қажырлы ұлыс көз алдымызға келеді. Мұны соңғы жылдардағы елiмiзде көрсетіле бастаған тарихи телесериалдарынан да байқадық.
– Иә, корей халқының бастан кешкен зобалаңы аз емес. Бар болғаны жер шамасы елiмiздiң бiр облысындай ғана болуы керек. Ал сол жерде 70 миллион халық сыйып отыр дегенге бiреу сенер, біреу сенбес. Айналасы – адуынды теңiз. Таулы аймақтары көп. Теңiздiң мiнезi қатал, онымен жағаласып өмір сүру үшiн де ерлiк керек. Сондықтан болар, сол бiр ұйықта сан ғасыр мекен еткен соң, төзiмдiлiк, iскерлiк, еңбекшiлдiк корей халқының қанына ciңген дағдысы.
– Айтпақшы, осы телесериалдарды қарап отырып, кейбір ырым-тыйымдар мен салт-дәстүрлері түркілерге, оның iшiнде қазақтарға жақын келетін сарқыншақтары бар секілді.
– Дұрыс айтасың. Бәрiмiз бiр шығыстықпыз Шығыс халықтарының бойында ұждандылық, имандылық ұйыған. Және кейбір зерттеушілердің пікірінше, корейлер де Алтай өңiрiнен тараған көрінеді. Түп-төркiнiмiз бiр болуы әбден мүмкін. Сөздерiмiзде, әрекеттерiмiзде ұқсастық көп. Қазақтардың келiнi сәлем салса, корей келiндерi де ата-енесiнiң алдынан кесiп өтпейдi. Сәлем салады. Үлкеннiң сөзiн бөлмейдi, олардың айтқаны заң. Корей апаларының келiн сынауы, оның иба-әдетін, іскерлігін байқауы, тергеп-тексеруi қазақ әжелерiнiң іс-әрекеттеріне қатты ұқсап кететiнiн бiлу қиын емес.
– Тарихи киноларында оюлы шапан киетiнiн байқап қалдық. Кәдiмгi қазақтың қошқар мүйіз, дөңгелек, жапырақшалы ою-өрнектерi ежелгі тарихты суреттеген киноларында көп ұшырасады. Шынымен де, ұлттық киiмдерiңiзде бар ма бұл?
– Бұған таңырқаудың қажеті жоқ. Бiздiң арғы түбiмiз, мекен еткен өрісіміз бар. Арғы түркілер бүгiнгi Моңғолияның шығысында ұзақ жылдар билік құрған. Корейлермен көршi өмiр сүрген. Сондықтан бірден бірге көшкен салт-дәстүрлер болуы заңды. Оюлы шапандарды қарт кісілер киетін. Қазiр ер адамдар кимейдi. Ал мереке-мейрам кезiнде корей әйелдері ою-өрнекпен әдіптелген киiмдерiн киеді әлі күнге шейін. Мұндай киiмдер өте қымбат, қадiрлi.
– Кореяға барып тұрасыз ба?
– Демалыс кезінде барып тұратынмын. Пандемия басталғалы барған жоқпын. Кореяда адам көп болғандықтан ба, ұзақ тұра алмаймын. Туған жерiмдi, Отанымды сағынамын.
– Here?
– Себебі қазiргi Корея ежелгi Корея емес, мәдениеті де, өмір сүру салты да өзгеше. Біз қазақыланғанбыз. Қазақтың салтын, дәстүрін, кеңпейiлдiгiн бойға сiңiргенбіз. Әсіресе қазақтың етін сағынып, шыдай алмай кетем. Қазы-қарта жеп жүрген жан, үш күннен соң шөп-шаламнан зерігесің. Тұра қашқың келедi. Олар болса: «Неге тамақ жемейсіз?» деп қыстайды. Бір түйір ет жоқ, қалай жеймін?» деп қалжыңдаймын. Олар менiң етсiреп отырғанымды білмейді де. Қазір үш күн ет жемесем, тамақ iшкен құрлы болмаймын. Жаным да, ойым да қазақтанып кеткен.
– Олар Қазақстан туралы, қазақ туралы сұрай ма?
– Сұрамағанда ше. Қазақстанның үлкен ел екенiн бәрi бiледі. Өйткені жер көлемі әлем бойынша 9-орында ғой. Ал олар болса, тар қапаста өмiр сүріп жатқандай сезiледi маған. Тынысым тарылып, демалам деп барып, шаршап кетемін. Олар: «Қазақ қандай халық?» дегенде мен бiр-ақ нәрсені айтамын: «Сендер сүйген тамақтарыңды, жылы-жұмсақтарыңды өздерің жейсіңдер. Ал қазақ өзi жемей, қонағына сақтайды. Ел шақырып, соларға бередi» деп. Олар таңырқайды. Жер бетінде қазақтай қонақжай, кеңпейіл халық жоқ.
– Қазақстанға қай жылдары келіпсіздер?
– 1937 жылы. Мал таситын вагонға салып, Қызылорданың Шиелі ауданына бір күнде төгiп тастапты.
– Сол көш туралы үлкен кiсiлер қалай айтушы едi?
– Бұл өзi бiздер үшiн қызықты жайт болғанымен, сол кездегілер үшiн қасiреттi мезгіл ғой... Айтуларынша, күн-түн демей жүрген пойыз Шиеліге түнде жетіпті. Иен дала. Таң атқанда қараса, айналасында бірде-бір үй жоқ, жан баласы көрінбейтін құла түз екен. Сыңсыған кұм, шөлдi мекен. Өмiрi мұндай даланы көрмеген олар ес-түстен таныпты. Қайда келгенiн бiлмей, Күннiң қайдан шығып, қайдан бататынын аңғармай абдырапты. Әйелдер: «Бiздiң ажал осы жерде болатын болды ғой» деп жыласа керек. Күн шыжғырып, жердiң апшысын қуырып тұр дейді. Бір жағынан шөл қысып, ендi бiр жағынан аштық буып, үйiлiп жатыпты сонда. Түс ауа салт атты адамдар көрiнiптi. Бiрi келiп алыстан байқап, кетіп қалыпты да, аздан соң алты-жетi кiсi келiптi. Өңкей шалдар екен. Олардың қазақ екенiн ол кезде ешкiм бiлмеген. Жабайы бiр дала халқы шығар, ендi бiздi өлтірер деген ой ғана саналарын мекендеп, оларға жақындауға батпапты. Аттылы кісілер де арақашықтық сақтап, бастарынан қалпақтарын алып, қарап тұрыпты.
Кәдiмгi адамдар екенiн бiлген соң, үлкен кісілер топтанып оларға жақындапты. Әжем марқұмның айтуынша, екi жақтың қарттары ұзақ сөйлескен көрiнедi. Бiрiн-бiрi түсiнбесе де, ыммен ұғысқан ғой. Адамның басына күн туғанда, қиыншылық түскенде, бiлмейтiндi бiлiп, сезбейтiндi сезеді екен. Сонда қазақтар естіпті «Мына жерге көшiп бiртүрлі халық келіпті, олар адамның етін жейді екен» деп. Шалдар әңгiмелескенде, корейлердiң де қарапайым адам екенiн бiлген ғой. Әңгіме аяқталған соң, қазақтар шауып кетіп қалды дейді. Аздан соң арттарына бiр-бiр кішкентай балаларын мінгестiрiп, әлгi кiсiлер қайта келген. Қоржындарында ішпек-жемек сықа дейдi. Бiрi нан, бiрi ет, бiрi құрт әкелiптi. Ол кез – халықтың ашаршылықтан ендi ес жиып, қозықарын күн кешкен кезеңi. Сонда да ауыздарынан жырып, бiзге тосқан ғой алдағыларын. Тiптi бiр кiсiнiң үйiнде ешқандай тiске басар жоқ көрiнедi, бiр жұмыртқа әкелiптi. Кәдiмгi тауықтың жұмыртқасы. Аш өзектерiне түсіп, талмаусырап жаткан халық қазақтар әкелген кұрт-iрiмшiктi, нанды жеп әлденiптi.
Бұл туралы үлкен кісілер жиі айтатын. Қазақтардың арқасында аман қалдық, бұл жерге тез сiңiсiп кеттiк дейтін. Әжем әңгімелеген осы көрiнiс көз алдымнан кетпейдi. Өзiмдi сол бір күндер үшiн қазаққа борыштар сезінем.
– Бiзде өзiмiздi-өзiмiз ұнатпайтын, қымс етсе, «бiздiң қазақ сондай, жалқау, жатыпішер» деп жамандайтын әдет бар. Сiздiңше, қазақ қандай халық?
– Дәл осы сұрақты баяғыда бiр тiлшi қойып еді. «Ауылға барсаңыз, корейлердiң, немiстердiң аулалары гүлденiп, бақшасы жеміске толып тұрады. Ал қазақтардікі жұтаған қалпы. Біз бойкүйезбіз» деді. Сонда мен оған: «Құдайдың бар екеніне сенесің бе» деп қарсы сұрақ қойдым. «Әрине, бiр Жаратушының барлығына барлық пенде сенеді ғой». Онда «Құдайдың қателесуі мүмкін бе?». «Жоқ, мүмкін емес». «Онда мұндай пиғылыңнан пiкiрiңнен арыл. Мұншама жердi қазақ немен қорғады. Ойлашы, асты-үстi толған байлықты сендерге Алла сыйға берген. Алла сүйген ұлтына осындай жерді иеленуге мүмкiндiк еткен. Қазақтар да соған сай болған. Бүгінгі Қазақстан – қазақтың сан ғасырлық күресінің нәтижесінде қалыптасты. Бiр күннің, бір адамның еңбегi арқылы емес, тұтас халықтың. Бiз қазақстандықпыз деп мақтана бiлуiмiз керек» дедім. Сол тілшіге бүгінгі Кореяның хәлін, 70 миллион халықтың қажырлы еңбек арқылы ғана әзер күн кешіп жатқанын, әлемде жейтiн бiр тiлiм нанға жарымай отырғандардың көптiгiн, ал Қазақстанда жағдайымыз күн санап жақсаруда екенін баяндадым. Ол менімен үнсіз келісті. Сондықтан, біз ондаймыз, бұндаймыз деп емес, батыр, жауынгер еңбекшi халықпыз деп мақтана білгеніміз жөн.
– Бала-шағаңыз қазақ тілін өзіңіз секілді біле ме?
– Біледі. Оларға о бастан қазақша тәлім бердім. Қазiрге шейiн немерелеріме айтып отырамын, «Бiздiң Отанымыз – Қазақстан. Сондықтан қазақ тілін білу – басты парызымыз» деп! Оларға әжем айтқан әңгімені айтып беремін. Жастар тарихты білуі кеpeк. Өзiнiң қайдан келгенін, қалай келгенін, сол кезде ата-бабаларына кiмдердiң қол ұшын бергенін саналарына құйып өсулері керек.
– Қазақтың ән-күйін тыңдайсыз ба?
– Енді, Құдай-ау, ақ таңнан қара кешке шейін қазақ даласының ауасын жұтып, суын iшiп отырған соң, музыкасын, әуезін тыңдамау мүмкiн емес қой. Қазақтай өнерге, мәдениетке бай халық аз. Маған Мақпал Жүнісова қатты ұнайды. Қазақта әншi көп, десе де Мақпалдың орны бөлек. Оның дауысы нағыз қазақы бояуға қанық. Мақпалды тыңдау – тұтас ұлтты тыңдау. Оның мәдениетін, өнерін тыңдау. Қазiргi жастар батыстанып бара жатқандай, сөз ырғақтары, әуездері. Қазақылықтан, ұлттық әннен алыстамауға тиіспіз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрлан Әубәкір