Күні кеше Ресейге қарсы АҚШ-тың енгізген кезекті санкциясынан кейін бірқатар елдерде, соның ішінде Қазақстанда да ресейлік Газпромбанктың банктік картасына қызмет көрсету тоқтатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл арада банктің халықаралық, яғни Қытайдың төлем жүйесінде тіркелген UnionPay картасы туралы сөз болып отыр.
Ресейлік БАҚ мәліметтерінше, банкоматтан ақша алуға тырысқанда, техникалық қате немесе картаға аталған банк қызмет көрсетпейтіні туралы ескерту хабарлама шығады.
Астанада бірқатар банк Газпромбанктың UnionPay картасына қызмет көрсетуді тоқтатқан. Тіпті, онымен дүкендерде де сауда жасау мүмкін болмай қалған, деп жазады exclusive.kz.
Сондай-ақ бұл карта БАӘ, Таиланд, Түркия, Қатар, Вьетнам, Германия және Мажарстан да істемей тұр.
Сондай-ақ мобильді жүйелерге арналған App Store дүкенінен де Газпромбанк жоғалып кеткені айтылуда. Ал Түркияда iPhone-ға жүктелген банк қосымшасы да ашылмайды. "Бұл версия жойылған" деп шығады банк қосымшасын ашуға тырысқанда.
Айта кетсек, 20 қарашада АҚШ жариялаған санкцияға Газпромбанкпен қатар оның жақын елдердегі өкілдіктері мен шетелдік алты еншілес компаниясы да ілінді. Өкілдіктері қатарында Қытай, Моңғолия, Үндістанмен бірге Қазақстандағысы да бар. Ал еншілес компаниялары Люксембургте, Гонконгта, Швейцарияда, Оңтүстік Африкада және екеуі Кипрда орналасқан.
Одан бөлек халықаралық байланысы бар 50 ресейлік банк, бағалы қағаздарды тіркеуші ресейлік 40 ұйым, қаржы саласындағы 15 шенеунік те санкцияға ілінді. Олардың барлығы АҚШ-тың Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) веб-сайтындағы тізімге енгізілді.
21 қарашада Газпромбанк өз картасын ұстаушылардың телефонына хабарлама жібере бастады. Яғни, оларға мүмкіндік болса, картадағы ақшаларын шешіп алуды ескерткен.
"21 қарашадан бастап шетелде Union Pay жүйесіндегі картамен төлем жасауда қиындықтар туындауы мүмкін. Егер сіз шетелде болсаңыз, онда қолма-қол ақшаны пайдалануға кеңес береміз", делінген банк хабарламасында.
Газпромбанктің бүгінгі күнге дейін санкцияға ілінбей келген себебі, ол шетелдіктермен арада төлем жасау үшін керек болып келген. Әсіресе, Еуропаға табиғи газ тасымалында маңызды рөл атқарады. Бірақ соңғы жылдары Батыс Ресей газына тәуелділіктен арылу үшін бірқатар шаралар қабылдап, импорт көлемін 18%-ға дейін қысқартуға қол жеткізді.