Ахмет Байтұрсынұлы – 150 жыл
Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыз. Биыл туғанына 150 жыл толатын арыстың есімін ардақтау, оның мұраларын халық арасында ұлықтауда көптеген жұмыстар атқарылуда. Иә, Ахаңның қазақтың мемлекеттілігін қалыптастыруда сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оның бәрін бір мақалаға сыйғызып айту мүмкін емес. Осы ретте Ахаңның қазақ әліпбиін қалыптастырып, қазақ тілін заңдылыққа сай жөнге қалай салғаны жайында аз-кем ой өрбітуді жөн санап отырмыз.
Әліпби мен жазуды ойлап табу ұзақ уақытқа созылатын дүние. Мұндай кешенді шаруаның ілуде бір туатын даналардың қолынан келетін шаруа десек артық айтқандық болмас еді. Осы тұрғыдан алғанда Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың маңдайына басқан асылы екенін аңғарасың. Славян жазуын Кирилл Мефодий тауып берсе, қазақ халқына үлгі болған қазақ жазуын Ахаң өзі дайындады. Сөйтіп, көпшіліктің ойына кіріп-шықпайтын, көп пенденің қолынан келмейтін істі бір өзі атқарды. Сондықтан қазақ халқы Ахаңдай мемлекетшіл тұлғаны қастерлеп, төбеге көтеруі орынды.
Бүгінде еліміз латын әліпбиіне өтуге күш салып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекеттік деңгейде қолға алынып Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы арман еткен істер біртіндеп жүзеге асып келеді. Бұған шүкіршілік айтуымыз керек.
Кез келген әліпби жобасын тіл мамандары дайындайды, сонан соң педагог-ұстаздар, әдіскерлер, сызба шеберлері, көз дәрігерлері психологтардан құралған топ бас қосып, талқылауы тиіс. Жоба арнайы сараптаудан өткен соң ғана мемлекет тарапынан көпшілікке міндетті құжат ретінде ұсынылады. Әрі қарай ол талқыланбайды, тек орындалады. Қазіргі таңда біздер әліпбиді талқылау кезеңінде жүрміз.
Ахаң өз жазуын ұсынғанда әліпби, дыбыс, графика және еміле мәселесінің басын қосып, бір бүтін дүние жасады. Себебі осы үшеуінің бірі шешіліп, бірі шешілмесе, ондай әліпбидің пайдасынан зияны көп болады. Өкінішке орай, қазіргі әліпби жасаушыларымыз «жазу құрастырған» дегенді бір таңбаны (кирилше) екінші таңбамен (латынша) ауыстыру ғана деп түсініп отыр. Бұл – әліпбидің бас қатырмайтын ең оңай тұсы.
Егер латыншаға әліпбиге қазақтың төл әріптерін баптасақ, басы артық емле-ережелер жол-жөнекей өзінен-өзі жөнделіп кетеді. Сауат ашу, жазып жаттығу, тасымал барысында қиындық туғызатын, тіпті ешбір емле-ережемен жөнге салуға келмейтін жаңсақтықтардың кетіп жатқанын көптеген жоба авторларының өз алдына ғылым саласы болып табылатын жазу теориясынан бейхабарлығының салдары екенін айта кеткен дұрыс.
Енді не істеу керек? Жол біреу-ақ, ол – Ахмет Байтұрсынұлы тағылымы. Біздің жерден жеті қоян тапқандай болып «апостроф» деп әріптің бір шекесін шертіп сәндеп, «диакритика» деп әріптің төбесіне сызықша қойып шендеп, оның белінен тартып «ө» жасап мәндеп, ае-ні қосақтап «ә» деп егіздеп жүргеніміздің бәрі Ахаңнан қалған үлгі. Ендеше, қазіргі латыншалар алып отырған жуан-жіңішкелік белгілер – сол Ахмет Байтұрсынұлы салған сара жол.
Сонымен Ахаңнан алатын бірінші үлгі – қазақтың төл дыбыстарының басын бір ашып алу, сонан соң барып кірме әріп (дыбыс) жағын ойластыру. Бұл екеуін аралас қарауға әсте болмайды.
Екінші үлгі – Ахаңның дәйекшесі: «Бұл жіңішке белгісі – дәйекшесі. Сөз алдында дәйекше тұрса, ол сөздің харіптері жіңішке айтылады...». Ахаңның «дауысты дыбыстар демей әріптер (хәріптер)» деп отырғаны тегін емес. Ендеше, компьютердің түйме-тақтасындағы 26 әріптің орны қазақ дыбыстары үшін артығымен жетеді. Тіпті бірнеше түймеше артылып қалады. Ал біз болсақ, екі есе көп 42 кирилл-әріпті сыйғыза алмай немесе қалай сыйғызамыз деп неше түрлі амал-әрекет жасап жүрміз.
Х.Досмұхамедов айтқандай: «...жазудың жеңілдетілген жолы байқалады».
Кирилшенің үрдісі латынша әліпби жобаларында жүр. Айырмашылығы тек кирилл дауыстыларға арнайы жеке-жеке алынған. Ал латыншада дәйекше (апостроф) әріптің шекесіне ирек не түзу сызықша, қос нүкте әріптің үстіне қойылады. Тіптен, жіңішкелікті қос әріптеп те белгілеп жатқан жобалар бар. Сөйтіп, дәйекше немесе үстеме белгі қойылған дауысты әріп болсын, қос әріп болсын, сөзде қанша буын болса, кирилшедегі дауысты әріптердей сонша рет қайталануға тиіс.
Егер сөзде екі буын болса екі рет, он буын болса он рет қайталанады. Сонда кирилл мен латынның әліпбиінің арасындағы мазмұн айырма жоқ, айырма тек әріп тұрқында ғана.
Қазақ тілінің сөз құрылымы жалғамалы және де сөз құрамында қанша буын болса да олардың бәрі бір ғана әуезбен айтылады. Ендеше, бір дауысты сөзде қанша дауысты буын болса, сонша рет қайталанады.
Мысалы, ісінің деген сөздегі «і» төрт рет қайталанып тұр. Сөйтіп, әріптің үстіне төрт рет нүкте (ноқат) қана көрсетіп тұр, қалған нүктелердің бәрінің басы артық. Оны теориялық ғылым тілінде «басы артық мәлімет» дейді. Ал практикалық (әдістемелік) тұрғыдан төрт рет артық қимыл жасап, нүкте қоямыз, артық бояу жұмсаймыз. Жыбырлаған нүктелер көз түйсінімге ауыр. Кез келген әліпби көз дәрігерлерінің сараптауынан өтіп, қолдау табуы керек.
Сөйтіп, сөз ішінде қаздай тізіліп жүрген үстеме белгілер мен қосақ әріптердің барлығы сөз басында бір-ақ рет кездеседі. Ахаң дәйекшесінің (фонологиялық) қызметін атқарады.
Қазақ тілі үшін қазірге әліпби шешімінің екі жолы бар. Бірі – еуропалық фонем тілінің қисынын аламыз, онда жуан-жіңішкелік белгі дауысты таңба арқылы буын сайын қайталанып отырады. Екінші – жуан-жіңішкелік белгіні дәйекшеге береміз де, сөз басында бір-ақ әріпті көрсетіп отырамыз.
Ең жақсы жазу деп ереже-ескертпелері мейлінше аз жазуды айтады. Ондай жазу үлгісі тілдің төл дыбыстарымен төл таңбалар үйлесім тапқанда ғана құрастырылады. Ендеше, әліпби құрамы дұрыс анықталып, оның таңбалары қазақы реттелсе, еміле-ережені жөнге салудың төте жолы ашылады.
Ұзын сөздің қысқасын айтқанда, ешқайсымыз Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиінің негіздемесінен алабөтен нәрсе тауып отырған жоқпыз. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп Мұқағали айтқандай, тек Ахаңның «арабын» латынша қайта жаңғыртып отырмыз.
Әлімхан ЖҮНІСБЕК, филология ғылымдарының докторы, профессор.