Путин? Ресейден құтылудың екі жолы бар - саясаттанушы Сәтпаев

Dalanews 16 нау. 2022 04:32 859

«Ресейдің ДХР мен ЛХР-ды тәуелсіз деп тануы Украинаны бөліп-бөлшектеудің басталғанын білдіреді» дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Dalanews.kz қазіргі ахуалға қатысты көзқарасын білдірген Сәтпаевтың сараптамасын оқырман назарына ұсынады.

Ресей үшін геосаяси ықпалын күшейту «жер аумағын кеңейтуді» білдіреді.  Кремль орта ғасырлық өлшеммен ойлайды. Киев осы тәжірибені жүзеге асыратын сынақ алаңына айналып кетті.

 Бірінші фаза 2014 жылы іске қосылды.

Екінші фазаны Украина Конституциясының жаңаруы тездетіп жіберген секілді. 2019 жылы Украинаның Еуропалық Одақ пен НАТО-ға толық құқылы мүшелікке ие болу үшін қажетті стратегиялық бағыт бекітілді.

2020 жылы Солтүстік Атлант кеңесі Украинаға серіктес мәртебесін берді. Осының бәрі биыл қабылданатын Ресейдің жаңа әскери доктринасында есепке алынды. Құжатта Ресей шекарасынан аулақтағы буферлік аймақтарды «пайдалануға» баса назар аударылады.



Батыс бағыттағы мұндай аймаққа ДХР мен ЛХР кірді. Бұларға доктринада НАТО-ны тежеу мақсатында ресми түрде ресей әскері орналастырылады.

Ал Шығыс бағыт ше? Бұл тарапта Кремль үшін Қазақстанның шығыстағы ресейлік буфер рөлін сақтауы маңызды.


Ресейдің позициясы: Қазақстанда Батыс пен АҚШ-тың әскери базалары пайда болмауы керек. Қазақстанды Ресейдің буферлік аймағына теңестіру қауіпті тренд. Ресей жаңа әскери доктринасында біздің елге қандай баға берілгені әлі күнге жұмбақ.

Мәскеу Астананың сыртқы саясатта дербес шешім қабылдағанын қаламайды. Ал Еуразиялық одақ пен ОДКБ Путин үшін саяси құрал. Ол осы арқылы Батыспен арадағы араздықты ушықтыра түсуді көздейді және содан ләззат алады.

 Қазақстанның ең үлкен проблемасы – Ресеймен арада ортақ шекараның болуы.


Ұзақ жылдар бойы біздің қауіпсіздігіміз бен аумақтық тұтастығымыз өте тұрақсыз сипатта ілдебайлап келді. Тек халықаралық келісімдерді сақтау тұрғысында өзге елдердің ішкі ісіне араласпау қағидаты ғана бізді құтқарып тұр.

Нақтырақ айтқанда, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі ұзақ уақыт бойы қарулы күштерге емес, халықаралық құқық жүйесіндегі баяғыда іргесі сөгіліп, қадірі кете бастаған құжаттарға байланып тұр.

Мәскеу Минск келісімдерін отқа тастай салды, ал халықаралық келісімдерді өз қолынан өтпеген болса, Путин мүлде мойындамайды.

Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылғаннан кейін Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік берген бір кездергі Будапешт меморандумы да осы күйді кешті.

Украина Ресеймен жалғыз өзі шайқасып жатыр


Батыстың санкция сипатындағы жанама қолдауын Мәскеу миземейді де. Себебі санкцияларға қатысты Ресей белгілі бір иммунитет қалыптастырып үлгерді.



Соғыс Батыстың Украинаға қатысты ұстанымын өзгерте ме, жоқ па белгісіз. НАТО-ға қосылу процесі бюрократияның шырмауына түссе, соғұрлым Ресей ұтады. АҚШ билігінің сабаздығы, жайбасарлығы Украинаның түбіне жетуі мүмкін.

Түркі ұйымының құрылуы және Анкараның саяси белсенділігінің артуы Кремльдің жүйкесіне тиюде.


Мәскеу Таулы Қарабақтағы қақтығыста бауырлас Түркия мен Әзірбайжан әскери альянсының сәтті үлгісінің куәсі болды.

Мәскеудің көз алдында посткеңестік кеңістікте екі елдің әскери операциясы сәтті жүзеге асырылды, онда да құр сөзбен емес, іс жүзінде мәселе шешілді. Украина президенті Владимир Зеленский Түркия президенті Ердоғанмен тілдескенде де Кремль қуана қойған жоқ.

Зеленский әріптесін Мәскеудің "провокациялық шешімдеріне" қатысты Украина ұстанымын жақтағаны үшін және Киевті БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл кездесуін өткізу мәселесінде қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Түркия Президенті Ресейдің Донецк және Луганск халық республикаларын тәуелсіздік деп тануын ашық түрде айыптаған еді.

Ақорда өмір бойы Ресей мен Қытайдың қас-қабағына қарап жүре алмайды


Бізге тепе-теңдік қана емес, тең дәрежедегі әріптестік керек.

Міне, осындай теңгерім тетіктерінің бірі – Түркі мемлекеттерінің неғұрлым тығыз әскери-саяси ынтымақтастығы болуы шарт. Дәл осы қадамды жеделдетуге тиіспіз.

Кешігер болсақ, келешекте Кремль Қазақстанды сынақ алаңына айналдыруы мүмкін. Мәскеу «хаосты экспорттау» атты саяси тәсілді біздің территорияда сынап көруден тайынбайды.

Путиннің экс-көмекшісі Владислав Сурковтың пікірінше, Ресей «хаосты басқа аумақтарға экспорттауға», сол арқылы өз жерінде қордаланған мың-сан мәселеден ел назарын аударуды көздейді.


Қырымды аннексиялау және ДХР мен ЛХР тәуелсіздігін тану Ресей билігі мен Путиннің жеке рейтингтерін нығайту үшін керек болды.

Кремль үшін Қазақстанның ДХР мен ЛХР-ды мойындамағаны трагедия емес. Мәскеу үшін біздің елдің Ресей орбитасында айналып жүре бергені керек. ЕАЭО мен ҰҚШҰ-ға ұзақ уақыт бойғы мүшелігі қажет. Мәскеуге біздің елде демократиялық реформалардың болмауы неғұрлым маңызды.

Қазақстан 2014 жылы қармаққа ілінді


Еуразиялық одаққа кірген кезде-ақ  экономикадағы егемендіктен айырылдық. Сол кезден бастап біз Ресейдің геосаяси ойындарының тұтқынына айналдық, салдарынан белгілі бір қаржылық-экономикалық қауіп-қатерлерге бас тігіп, шаш етектен шығынға ұшырадық.



Бұл тәуекелдер биыл Ресейге қарсы жарияланған Батыс санкцияларының жаңа пакетіне байланысты айтарлықтай артады, бұл жолы әлдеқайда қатаң шаралар қолданылып жатыр. Геосаяси шиеленістер жағдайында Қазақстан экономикасы үшін тек қана мұнай бағасының өсімі «дәрумен» болуы мүмкін, онда да әсері әлсіздеу болады.

...

2022 жылдың қаңтарында тағы бір қателік жібердік. Әскери-саяси егемендігімізді шектеп үлгердік. Елге ОДКБ әскері кірді. Осы күнге дейін бұл ұйымнан бейхабар болып келген аудитория Ресейдің қолындағы кезекті саяси құралдан тіксініп қалды. Ең сорақысы, Қазақстанды Ресейдің стратегиялық серіктесі ретінде таныды.

Уақыт өте келе Қазақстанның саяси имиджіне қатысты тәуекелдер күшеюі мүмкін.  


Бұл біздің елді Батыс санкцияларының тізіміне енгізу тұрғысынан қосымша қауіп туғызады. Мәскеу және Минскімен бір компанияда болғанымыздан түптің-түбі таяқ жейміз.

Қазақстанның Қарулы күштері қауіпсіздігіміздің басты кепілі бола алмайды


Жақында экс-қорғаныс министрі тұтқындалды және басқа да күштік құрылымдарда «тазарту» жүргізіліп жатыр.

Бұл дегеніңіз ел үшін стратегиялық маңызы бар саланың ми батпаққа батқанының белгісі. Осы жағынан алғанда, сырттан жау төнсе, не болатынымызды елестетудің өзі қорқынышты.

Біздің қауіпсіздігіміздің басты кепілі – әділетті саяси реформалар. Билік пен қоғам, орталық пен өңірлер, әртүрлі әлеуметтік, демографиялық және этникалық топтар арасындағы алшақтық қысқарған кезде ғана болашаққа сенім пайда болады.


Өзін "аутсайдер" санайтын адамдар жоғалғанда, Қазақстанды "өз үйім" деп есептейтін аудиторияның қатары артқанда осы мемлекетті бар жан-тәнімен қорғауға әзір "қауымдастық" қалыптасады. Мұндай жағдайда Ресейдің провокациясы мен Қытайға қатысты фобиядан түпкілікті арыламыз.

Мысалы Швейцария өзінің егемендігін сақтап қана қоймай, ішкі экономикалық өсімді қамтамасыз ете алды, әйтпесе оған бірнеше рет соғыс қатері төнді.

Бұл арада Швейцарияның "бейтарап" және "қаржылық" мәртебесі үлкен рөл атқарғаны түсінікті, ал Қазақстанда бұл да жоқ қой. Швейцария өте салмақты қаржылық-экономикалық ойыншыға айналды, соғысқаннан гөрі әріптесе жұмыс істеген тиімді дегенді мойындатты.

Федералды мемлекет 26 кантоннан тұратынына қарамастан, кез-келген сыртқы қысымға қоғам тойтарыс беріп отырады. Бұл швейцариялықтардың патриотизмінің жоғары деңгейін көрсетеді. "Ұлттық бірлік" доктринасын билік пен халық ақылдаса әзірлегенін дәлелдейді.

Швейцария тұрғындары өмір сүрудің өте жоғары деңгейіне жету үшін талай тер төкті. Олар елдің бүгінгі дәрежеге жеткенін мақтан тұтады. Бұл арада әркімнің шындап жоғалтатыны және оны қорғауға барын салуға жағдай жасалғанын көре аламыз.

Айтқандай, тіпті алақандай Швейцария әскері басқа Еуропа елдерінің ішіндегі ең тиімдісі болып саналады. "Бейтарап мәртебе" жағдайында, "егер бейбіт әлемде өмір сүргіңіз келсе, онда соғысқа әрдайым дайын болуыңыз керек" деген түсінік бар.

...

Сайып келгенде, егер жергілікті билік өз халқымен "соғыспаса", ал халық билікке сенім білдірсе, кез-келген сыртқы қауіп-қатер соншалықты қорқынышты болмайды.

Әйтпесе, сыбайлас жемқорлық, "идеологиялық сепаратизм", билікке деген сенімнің құнсыздануы және тұрақты ішкі қақтығыстар кез-келген мемлекетті сыртқы жағынан да, ішкі жағынан да осалдандырып, жарылғыш қоспаға айналады.

Халықаралық қатынастардың батыстық зерттеушісі Арнольд Уолферстің мына бір пайымымен сөзімді түйіндесем деймін: "Мұндай жағдайда Қазақстан қозғалыс траекториясын өздері анықтайтын басқа ойыншылардың ойынындағы бильярд шарына ұқсап қалатын болады".

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар