Қазақстанның Демократиялық «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев өз өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қадам партия басшылығын жаңарту және ішкі партиялық жүйеде монополияның қалыптасуына жол бермеу мақсатында жасалып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәлімдеме 13 маусым күні өтіп жатқан партия съезінде жасалды.
Перуашев қазіргі кезеңде қоғам мен саяси жүйе үлкен өзгерістерді бастан өткеріп жатқанын айтып, мұндай жағдайда биліктің немесе басшылықтың ұзақ уақыт бір қолға шоғырлануы жаңашылдыққа кедергі келтіруі мүмкін екенін жеткізді.
«Біз қазірдің өзінде бүгінгі шынайылықты өзгертіп жатқан оқиғалардың ортасында тұрмыз. Бірақ монополия бұған кедергі келтіруі мүмкін. Ал монополияға қарсы ең тиімді құрал – басшылықтың мерзімді түрде ауысып отыруы. Сондықтан өз-өзіме тұйықталып қалмау және жаңа идеялар мен тың серпіндердің жолын бөгемеу үшін партия төрағасы өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдадым», – деді ол.
Еске салайық, 2 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды менсінбей қарайтын адамдар туралы пікір білдірген болатын. Президент кейбір азаматтардың құқықтық тәртіпті «Штрафстан» немесе «Айыппұлстан» деп келемеждейтінін айтып, олардың арасында Парламент депутаттары да бар екенін атап өткен.
«Штрафстан» сөзін Азат Перуашев 2024 жылы кәсіпкерлерге салынатын айыппұл көлемін сынға алған кезде қолданған еді. Алайда қазіргі таңда мәжілісмен бұл сөзі үшін өкініш білдіретінін айтты.