Мемлекеттік қолдауға ие болып, кезінде көмек ақша алған банктерге МРТ-ны өз баланстарындағы мемлекеттік қолдау сомасының 10%-на дейін арттыруға мәжбүр етпек, деп жазады Dalanews.kz.
"2025 жылғы 1 қаңтарға дейін балансында мемлекеттік көмек ақшаға ие қазақстандық банктер ең төмен резервтік талаптарды (МРТ) мемлекеттік қолдау сомасының 10% көлеміне дейін ұлғайтуға мәжбүр болады. Бірақ бұл көрсеткіштің өзі Ұлттық Банктің бұрынғы жоспарындағыдан әлдеқайда кем", деп жазады Ручная экономика Telegram арнасы.
Бір қызығы, бұған дейін бұл ретте басқа цифр айтылып келген, яғни 10 емес 75 пайыз деген.
"Банктер үшін ең төмен резервтік талаптар міндеттемелеріндегі қайтаруға жататын мемлекеттік қолдау қаражаты сомасының (сыйақыны есептемегенде негізгі борыш сомасы) 75% - на тең сомаға ұлғайтуды ұсынады" делінген бұған дейінгі құжат жобасында.
Ал Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов банктерді қаражатты тезірек қайтаруға ынталандырғысы келетіндігін айтып, тіпті борышкерлермен кейбір құпия келіссөздер жүргізіп жатқанын да мәлімдеген. Соған қарамастан оның ведомствосы мемлекеттік көмектің 10%-на келіскен.
Айта кетсек, мемлекет алдындағы ең ірі борышкер триллиондаған қарызға ие Alatau City Bank болып табылады, 214,1 млрд теңге сомасымен екінші орында RBK Банкі тұр.
Демек, мұндайда балансында мемлекеттік қолдау ақшасы бар банктерге резервте басқаларына қарағанда көбірек ақша ұстау міндеттеліп, бұрынғысына қарағанда табысы шектелу қаупі туындайды. Сондықтан олар қарыз ақшаны тезірек мемлекетке қайтаруға ынталы болмақ.
2025 жылы 12 тамызда ҚР Ұлттық Банкі инфляцияны тежеп ұстау мақсатында екінші деңгейдегі банктер үшін ең төмен резервтік талаптарды (ЕТРТ) арттыратынын мәлімдеді. Онда да теңгедегі міндеттемелер бойынша – 3,5% және 5%, валюталық міндеттемелер бойынша – 10% және 15%. Ұлттық Банктің басты мақсаты – инфляцияны 5%-ға дейін төмендету делінді сол кезде. Экономист Эльдар Шамсутдинов ҚР Ұлттық Банкі ең төмен резервтік талаптар мөлшерлемесін жоғарылату арқылы банктерді несиеге берудің орнына резервте көбірек ақша ұстауға мәжбүр ететінін нақтылады. Мұндай шара, әдетте экономикадағы ақша мөлшерін шектеп ұстауға мүмкіндік береді. Бұл шешім нарыққа бірден әсер етті. 13 тамызда 1 АҚШ долларының бағамы 542,66 теңгеден 537,96 теңгеге дейін күрт төмендеді. Құлдырау 4,7 теңгені немесе 0,86% құрады.
2025 жылғы 11 тамызда Банк ЦентрКредит (БЦК) Қазақстанның банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы аясында мемлекеттен алынған 30 млрд теңгені мерзімінен бұрын қайтарғаны хабарланған.