Берденов шындық детекторынан өтуге дайын екенін мәлімдеді

Көркем Алдабергенова 18 там. 2025 13:47

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов детектор арқылы тексеруден өтуге дайын екенін сот отырысында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сотта Берденов айыпталушы Ернар Жиенбаймен өткен жұмыс кездесулері туралы айтып берді. Оның сөзінше, алғашқы кездесуге Жиенбай дайын келмеген, қойылған сұрақтарға жауап бере алмаған.

"Алғашқы кездесуде Ернар есеп бермеді, бюджеттің қалай қалыптасатынын түсіндірмеді, инспектормен тіпті менің көзімше дауласа бастады. Маған оның көп көлемде құрылыс материалдарын сатып алып жатқаны туралы ақпарат түскен еді, бірақ сұрағанымда ештеңе айта алмады. Бізде дауыс көтеріп ұрысқан жағдай болған жоқ... Сол кезде мен: «Осылай жалғасса, біз бірге жұмыс істей алмаймыз» дедім. Ол: «Мен жұмыстан кете аламын» деді. Мен: «Онда кет» деп жауап бердім", – деді Берденов.

Зардап шегушінің айтуынша, екінші кездесу әлдеқайда сабырлы өткен. Берденовтің сөзінше, Жиенбай ол кезде алғысын айтып, тіпті құшақтаған.

"Екінші кездесуде ол: «Біз бүкіл жанұямызбен сізді құрметтейміз, сіз – біздің кумирімізсіз» деді де, мені құшақтады. Біз 2–3 минут қана сөйлестік. Осыдан кейін әріптестеріме: «Бір-екі айдан кейін өзі-ақ кетеді, бақылауда ұстаңдар» дедім", – деді әкімнің орынбасары.

Берденов өз көрсетілімдерін полиграф арқылы растауға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ ол ешкімнің кешірім сұрамағанын атап өтті. Оның айтуынша, айыпталушының жұбайының ағасы Нғашбек Алжанов егер Берденов Жиенбайды кешірмесе, оған қарсы түрлі айыптаулар қойыла бастауы мүмкін екенін ескерткен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар