Астанада балалардың терезеден құлауының алдын алуға әрі болдырмауға бағытталған ауқымды профилактикалық акция басталды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Іс-шара басталған орын – №5 өрт бөлімі, онда қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің, жасөспірімдер полициясының, әкімдіктің өкілдері, сондай-ақ еріктілер мен іздестіру-құтқару жасақтары жиналды. Акцияның басты мақсаты – терезелерге қорғаныс механизмдерін орнату және халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы балалар арасындағы апаттық жағдайлардың санын азайту.
«Жыл басынан бері Астанада балалардың терезеден құлауының 50-ден астам жағдайы тіркелді. 39 бала әртүрлі жарақат алды. Бұл алаңдататын статистика, біз көз жазып қала алмаймыз. Бүгін еріктілер мен қалалық қызметтердің қолдауымен әлеуметтік осал отбасылардың пәтерлерінде блокаторлар орнатамыз», – деді Астана ТЖД-ның азаматтық қорғау полковнигі, орынбасары Қанат Алтынбеков.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, рейд барысында 600-ден астам отбасының пәтеріне шамамен мың блокатор орнатылады. Артықшылық – көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға және тәуекел аймағында орналасқан басқа санаттарға беріледі.
Белсенділер құрылғыларды орнатумен ғана шектелмей, профилактикалық әңгімелер өткізеді, ата-аналарға баланы үйде қауіпсіздікпен қамтамасыз ету жолдарын түсіндіреді.
«Блокатор – үйде кішкентай баласы бар әрбір пәтерде болуы тиіс зат. Оны орнату бірнеше минутты ғана алады, есесіне адам өмірін сақтап қалады», – деді құрылғы орнатқан жергілікті тұрғын.
Шараға шамамен 600 адам қатысуда – төтенше қызметтердің мамандары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және еріктілер.
«Ата-аналар абай болғаны жөн. Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар, міндетті түрде блокатор орнатыңыздар. Мұндай қарапайым шешім бір өмірді сақтап қалуы мүмкін», – деп қосты Алтынбеков.