Каспийдегі қара дақтар: экологтар мұнай төгілгенін жоққа шығарды

Көркем Алдабергенова 18 там. 2025 15:18

Каспий теңізінде аумағы 80 шаршы шақырымнан асатын ірі дақ тіркелді. Бұл көлем шамамен Ақтау қаласының аумағына тең, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алғашқы хабарламалар «Каспийдегі ашық әлем» телеграм-арнасында жарияланды.

«Sentinel-1А спутнигінің радиолокациялық суреттерінде мынадай дақтар байқалды: бөлшектенген кеме қалдықтары. Аумағы 82,51 шаршы шақырым. Қазақстан және Әзербайжан секторларында, Құрық – Баку теңіз жолы бойында», - деп жазды арна.

Маңғыстау облысы экология департаментінің мәліметінше, ластану орны Қазақстан юрисдикциясынан тыс жерде орналасқан. Мамандар мұнай төгіндісін жоққа шығарып отыр. Бұл май қалдықтары немесе балық аулау кезінде тасталған қалдықтар болуы мүмкін.

«Координаттар бойынша, аталған жер Қазақстанның ең жақын жағалауынан шамамен 61 теңіз милі (113 км) қашықтықта. Бұл аймақ халықаралық теңіз жолдарына жатады және көршілес елдердің акваториясын қамтуы мүмкін», - деп нақтылады департамент.

Жағдайға ТЖД де түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, мұндай құбылыстар спутниктік суреттерде тұрақты тіркеліп отырады. Жыл басынан бері теңіздің солтүстік бөлігінде шамамен 50 дақ байқалған.

«Көп жағдайда бұл дақтар ұзыншақ пішінде болады, олар кеме қозғалысы кезінде төгілген қалдық суларға тән. Мұндай дақтардың химиялық құрамы анықталмайды, мұнай төгіндісі бар деген дәлелденген деректер жоқ. Барлық бақылау тек спутниктік мәліметтердің визуалды талдауына негізделеді», - деді Маңғыстау облысы ТЖД.

Экологтардың айтуынша, кемелер көбіне жауапкершіліктен құтылу үшін Каспийдің бейтарап су аймақтарына өз қалдықтарын немесе лас сұйықтықтарын тастайды.

Мәселені тереңірек зерттеу үшін «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ тартылды. Компания халықаралық ғарыш ұйымдарымен бірлесіп, теңіз акваториясына жедел түсірілім жүргізіп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар