Қонаев қаласында жолақы қымбаттайды

Ақтоты Жапатова 18 там. 2025 13:08

20 тамыздан бастап Қонаев қаласында автобустардағы жолақы өзгермек. Енді қала ішінде бір рет жол жүру құны электронды билет жүйесі немесе мобильді қосымша арқылы төлеу кезінде – 120 теңге, ал қолма-қол төлегенде 200 теңге болады,- деп хабарлайды Dalanews.kz 
 
Қонаев қаласы әкімдігінің хабарлауынша, тарифтің өсуі тасымалдаушылар шығындарының артуына, автобус паркін жаңартудың қажеттілігіне және қоғамдық көлік қызметінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге байланысты.
 
Жанар-жағармай бағасының өсуі
 
Соңғы үш жылда бензин мен дизель отыны шамамен 40%-ға қымбаттады. 2023 жылы литрі 200–230 теңге болса, 2024 жылы – 240–270 теңге, ал 2025 жылы баға 290–310 теңгеге дейін жетті.
 
Автобустарды күтіп ұстау құнының өсуі
 
2023 жылдан бері қосалқы бөлшектер, майлау материалдары, сүзгілер мен жөндеу жұмыстары 30–40%-ға қымбаттады. Сондай-ақ шинаның бағасы да едәуір өсті: егер бұрын бір дөңгелек 106–118 мың теңге тұрса, биыл 136 мың теңгеден асып отыр.
 
Бюджетке түсетін жүктемені азайту
 
Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар бағыттар республикалық бюджеттен субсидияланады. Жолақының өсуі бюджетке түсетін салмақты азайтып, қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
 
Қала маңына қатынайтын бағыттардағы жаңа тарифтер:
 
•Қонаев – Заречный, Қонаев – Арна: электронды жүйе арқылы – 150 теңге, қолма-қол – 300 теңге.
•Қонаев – Шеңгелді, Қонаев – Қоскұдық: электронды жүйе арқылы – 200 теңге, қолма-қол – 400 теңге.
•Қонаев – Сарыбұлақ, Қонаев – Кербұлақ: электронды жүйе арқылы – 200 теңге, қолма-қол – 500 теңге.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар