Ақтау қаласынан 51 шақырым жерде Каспий теңізінде суға батып кеткен жасөспірімді іздестіру жұмыстары аяқталды. Құтқарушылар оның денесін жағалау сызығынан шамамен 10 метр қашықтан тапты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Куәгерлердің айтуынша, екі жасөспірім жағалаудың жабдықталмаған бөлігінде сапбордпен серуендеген. Кейін олар суға түсу үшін құтқару кеудешелерін шешкен. Сол сәтте жасөспірімдердің бірі суға батып кете жаздап, аман құтқарылған. Ал екіншісі су астына кетіп, із-түзсіз жоғалған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, іздестіру-құтқару жұмыстарына 253 адам, 100-ге жуық арнайы техника, жүзу құралдары, ұшқышсыз ұшу аппараттары және екі тікұшақ жұмылдырылған.
Ведомствоның хабарлауынша, іздеу жұмыстары Каспий теңізіндегі кең аумақты тексеру қажеттілігіне, теңіз түбінің күрделі бедеріне, су астындағы көріну деңгейінің төмендігіне, теңіз ағыстары мен желдің әсеріне байланысты күрделене түскен.
Сондай-ақ теңіз ағыстарының бағыты үнемі өзгеріп отырғандықтан, құтқарушылар акваторияны бірнеше рет қайта тексерген. Іздеу жұмыстары су бетінде де, әуеден де жүргізіліп, оған сүңгуірлер, дрондар және авиация тартылған.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.