Қарағанды қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінде жаңа шақырылған жас сарбаздардың Әскери ант қабылдау салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Салтанатты іс-шара барысында 400-ге жуық жас жауынгер Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге, Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, әскери тәртіпті бұлжытпай орындауға және ел тыныштығын қорғауға ант берді.
Ант қабылдау рәсіміне әскери бөлімнің қолбасшылығы, әскери қызметшілердің ата-аналары мен жақындары, ардагерлер және құрметті қонақтар қатысты. Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, Мемлекеттік Ту енгізілді.

Іс-шара барысында әскери бөлім басшылығы жас сарбаздарды маңызды оқиғамен құттықтап, әскери анттың әрбір жауынгер үшін қасиетті міндет әрі үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Сондай-ақ жас сарбаздарға әскери қызметте табандылық, тәртіп және Отанға адал қызмет тіледі.

Әскери ант – әрбір әскери қызметшінің өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Осы сәттен бастап жас жауынгерлер Ұлттық ұлан сапындағы әскери қызметтің барлық талаптарын орындауға және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосатын болады.
Салтанатты рәсім соңында жас сарбаздар салтанатты маршпен жүріп өтіп, ата-аналары мен жақындарына әскери бөлімнің тыныс-тіршілігі таныстырылды. Бұл күн жас жауынгерлердің өміріндегі ұмытылмас сәтке айналып, олардың Отан алдындағы қасиетті борышын адал атқаруға деген сенімін нығайтты.