Алматыда әлеуметтік желіде дипломын жыртып жатқан бейнежазба жариялаған колледж түлегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында TikTok платформасында қоғамда қызу талқыға түскен видеоны анықтаған.
Бейнежазбада Алматыдағы жекеменшік колледждердің бірін тәмамдаған түлек диплом табыстау рәсімінен кейін көпшілік алдында диплом мұқабасына ұқсас затты жыртып тастаған.
Тексеру кезінде түлектің дипломының түпнұсқасы, оған қоса берілген қосымшасы және оқу орны табыстаған ресми мұқабасы бүлінбегені белгілі болды. Видеоны түсіру үшін алдын ала дайындалған диплом мұқабасының көшірмесі пайдаланылған.
Соған қарамастан ролик интернетте кең тарап, желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызған. Бұл жағдай полицияның тексеру жүргізуіне негіз болды.
Тексеру қорытындысы бойынша бейнежазба авторы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.