2026 жылғы маусымда Қазақстанда 167,8 мыңнан астам автокөлік алғаш рет есепке қойылды, деп хабарлайды Dalanews Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Статистикаға сәйкес, маусым айында республика бойынша 167 878 автокөлік тіркелген. Бұл мамыр айымен салыстырғанда 13,7 пайызға көп.
Есепке қойылған көліктердің 87,4 пайызы жеңіл автокөлік, 5,7 пайызы жүк көлігі, 2,4 пайызы тіркеме, 1 пайызы мотоцикл, 0,9 пайызы автобус, ал 2,6 пайызы басқа көлік түрлері болды.
Маусымда тіркелген автокөліктердің ішінде қозғалтқыш көлемі 1500-2000 текше сантиметр болатын машиналар ең көп тіркеліп, олардың үлесі 34,5 пайызды құрады.
Жанармай түрі бойынша:
• бензинмен жүретін көліктер – 136 232 немесе 81,1 пайыз;
• дизель отынымен – 10 845 немесе 6,5 пайыз;
• газбен жүретін – 895 немесе 0,5 пайыз;
• аралас отынмен – 11 183 немесе 6,7 пайыз;
• электр көліктері – 2 872 немесе 1,7 пайыз;
• отын түрі көрсетілмеген көліктер – 5 851.
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөліктердің жалпы саны 6 млн 25,9 мыңға жетті.
Олардың ішінде:
• 5 млн 53,7 мыңы немесе 83,9 пайызы жеңіл автокөлік;
• 493,7 мыңы немесе 8,2 пайызы жүк көлігі;
• 262,3 мыңы немесе 4,4 пайызы тіркеме;
• 89,5 мыңы немесе 1,5 пайызы автобус;
• 74,2 мыңы немесе 1,2 пайызы мотоцикл;
• 52,6 мыңы немесе 0,9 пайызы өзге көлік түрлері.
Автокөліктер ең көп тіркелген өңірлер қатарында Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда 733,3 мың көлік есепте болса, Алматы облысында бұл көрсеткіш 646,3 мың бірлікті құрады.