Азаттық радиосының тв-продюсері Қасым Аманжол журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында редакцияға жасалып жатқан қысымдар туралы айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, қазір "Азаттық радиосына" билік тарапынан қысым басталып жатыр.
"Біздің 36 тілшімізге Сыртқы істер министрлігі аккредитация беруден бас тартты. Бірнеше себеп айтты. Біз сол бойынша үлкен жұмыстар бастап жатырмыз. Ақпараттық науқанның ортасында жүрміз. Сол себепті де сұхбат беруге келістім", - дейді Қасым Аманжол.
Ол билік тарапынан қысым не себепті болуы мүмкін екенін де айтты.
"Азаттық" - халықаралық үлкен медиакомпания. Ол тек Қазақстанда хабар таратпайды, ол әлемнің 23 мемлекетінде 27 тілде хабар таратады. Яғни қазақ тілінен басқа тағы 26 тілде хабар тарататын үлкен, ірі халықаралық медиакомпания. Ондай компаниялар әлемде баршылық. Соның бірі және жүйелі түрде Қазақстанда тәуелсіз қаражатпен, тәуелсіз стандартпен, халықаралық стандартпен жұмыс істеп жатқан жалғыз, бірегей компаниямыз. Осы өкілдіктің басшысы ретінде жауапкершілікті мойныма алып айтамын: билік тек "Азаттықты" баспасөз құралы ретінде жеке тіркейді және журналистерге жеке аккредитация тағы беруі тиіс. Онсыз біздің жұмыс істеу мүмкіндігіміз шектеледі. Сол үшін біз екі жыл сайын әр журналиске "Қазақстанда жұмыс істеуге мүмкіндігі бар" деп жеке аккредитация аламыз. Билік соңғы екі жылда бізге аккредитация беруді тоқтатты. Ішінара 1-2 рет қана бергені болды.
Осылайша соңғы 15 рет берген өтінішімізді "игнор" жасап, жақында 36 журналисімізге "аккредитация бермейміз, себебі сендер аккредитациясыз жұмыс істеп келгенсіңдер "дейді. Бірақ өздері бермей қойған кезде біздің журналистер жұмыс істеп жүргенін "аккредитациясыз жұмыс істедіңдер, сол үшін бермейміз" деді. Екіншіден, желтоқсанда "Азаттыққа" қатысты "жалған ақпарат таратты" деген сот шешімі шыққан. Соған сүйеніп "сендер Қазақстан заңын бұздыңдар, жалған ақпарат тарттыңдар" деп аккредитация бермейміз деді. Осының кесірінен Қазақстанда "Азаттық" қиын жағдайда тұр", - дейді Қасым Аманжол.
Қасым Аманжолдың сөзінше, бұл мәселе бойынша билікті Сыртқы істер министрлігі деңгейінде сотқа беріп, Қазақстан билігіне қарсы өз құқығын талап етпек.