"Тағы бір оккупант келе жатыр...". Қазақтар ресейлік әншінің концертіне қарсы шықты

Қаракөз Амантай 01 ақп. 2024 11:34 14331


Қазақстандықтар Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қолдаушы ресейлік әнші Владимир Пресняковтің концертін тоқтатуды талап етуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.


Өнер иесі Қазақстанға наурыз айында келуді жоспарлап отыр. Ресейлік әншінің концерті 15 наурыз Астанада, ал 16 наурыз Алматыда ұйымдастырылмақ. Билет бағасы 15-60 мың теңге аралығында сатылып жатыр.


2022 жылы Пресняков Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қолдап, концерттен түскен қаржысын Ресей әскеріне аударылғанын жариялаған болатын.



2023 жылдың 7 қаңтарында өнер иесі Украинаның санкциялық тізіміне енді. Себебі ол Ресей басқыншыларын және Ресей Федерациясының Украинаға қарсы сұрапыл соғысын ашық түрде қолдайтынын жеткізді.



Өткен жылы қазақстандықтар соғысты қолдайтын әртістердің бірнеше концертінен бас тартуға мүмкіндік алды. Бұл тізімде Григорий Лепс, Татьяна Навка және “Камызяки” тобы болды.


Оның орнына қазақстандықтар соғысқа қарсылық танытқан Максим Галкиннің концертін өткізуді ұсынған. Өкінішке қарай, әзілкештің Алматы мен Астана қалаларындағы концерті сахналар мен коммуникациялар бойынша туындаған мәселелерге байланысты өткізілмеді. Осы тұста, халық Галкиннің өнеріне қолдау білдіру үшін петиция да құрды. Алайда бұл әрекет еш нәтижесін бермеді.


Қазіргі таңда Владимир Пресняковтің концертіне байланысты әлеуметтік желі қолданушылары "тағы бір оккупант келе жатыр", “қолын қанға малған елдің әншілері елімізге кірмесін” деген сыңайда түрлі пікір білдіруде.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар