Аймағамбетов МӘМС-тегі мемлекет тарапынан жіберілген заңсыздықты әшкерелеп, мәселе көтерді

Кәмшат Тілеухан 27 нау. 2025 12:44 567

Күні кеше, 26 наурызда Мәжілісте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң жобасы таныстырылды. Жиынға комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік етіп, Мәжіліс вице-спикері Дания Еспаева қатысқан еді. Осы жиыннан кейін депутат әлеуметтік желіде аталған жүйедегі шикілік жайында ашып айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәжіліс депутатының айтуынша, МӘМС жүйесінде әрбір азамат ай сайын жалақысынан 2% жарна төлейді. Жұмыс беруші де әр қызметкері үшін қосымша 3% аударады. Бұл жағынан ешқандай кілтипан жоқ. 

Енді, осыдан бөлек, 15 санаттағы азаматтар бар: зейнеткерлер, балалар, студенттер және тағы басқалар. Олар үшін жарнаны мемлекет төлеуі тиіс. Заң бойынша — орташа жалақының 2%-ы көлемінде. Ал іс жүзінде не болып жатыр?

"Мәселен, азаматтар мен жұмыс берушілер жарнаны уақтылы төлейді. Төлемесе — бірден жүйеден шығарылады, медициналық көмек тоқтайды. Ал мемлекет ше? Қаржы министрлігі жарнаны орташа емес, медиандық жалақыдан есептейді. Бұл — заң бұзушылық. Сонда орта есеппен жүйе жыл сайын 250 млрд теңге жоғалтады. 2024 жылы, тіпті осы азайтылған жарнаның жартысы ғана төленген.  Соның салдарынан денсаулық сақтау жүйесі 2024 жылы 500 млрд теңгеден астам қаражаттан қағылды", - дейді Асхат Аймағамбетов.

Депутат бұл жай ғана сан деп, оны елеусіз қалдыруға болмайтынын айтады.

"Өйткені осы қаражаттың түспеуіне байланысты, біріншіден, емханалардағы ұзын-сонар кезектер,екіншіден, қолжетімсіз анализдер мен дәрі-дәрмек,үшіншіден, уақытында көмек ала алмаған мыңдаған адамның мәселесі туындауда", - деген ол "азамат төлемесе — жүйеден шығарылады. Ал мемлекет төлемесе — ештеңе болмайды. Ешкім жауап бермейді. Сонда бұл қалай болғаны? Заң бәріне ортақ болуы керек емес пе" деп күйенеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар