Ауылда өмір бар ма?

Dalanews 07 ақп. 2017 14:02 1397

 "Шеврон" компаниясы және "Қала мен Дала" газетінің біріккен жобасы 

«Ауыл құрып барады» дейді қазір. Иә, рас. Ауыл қараусыз қалып барады. Бірақ, бұлай болуы заңды еді. Кеңес кезіндегі іргелі шаруашылықтар тәуелсіздік алғасын ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті емес пе?.. Алайда барлығы емес. Сақтап қалғандар бар. Ауыл шаруашылығын шатқаяқтатпай сақтап қалғандар қазір тіршілігін дөңгелетіп отыр. 
Тәуелсіздік тақырыбын тілге тиек еткенде ауылды айналып өту мүмкін емес. Бірақ, тұтас ауылдың тағдырын жазсақ тағы да тақырыптан ауыр кетерміз. Одан да осы ауылды дамытуға, ауыл шаруашылығын өркендетуге үлес қосқан және қосып жатқан – Елбасы айтатын еңбектің адамын сөз етейікші. 


 

Супермаркетте сауда жасайды


Қызылорданың Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылын «заманауи ауыл» деп атайтынын білесіз бе?

Осы ауылда күріш шаруашылығымен айналысатын – «Абзал және К» толық серіктестігі бар. Аты айтып тұрғандай төрағасы - Абзал Ералиев. Аймақтағы егін шаруашылығын дамытуды қолға алып, ұлттық брендті ұлықтап жүрген азамат екен.

Жоқ, біз Ералиевті мақтап отырған жоқпыз. Мұның бізге қажеті жоқ. Мақсат еңбегін көрсету. Тәуелсіздік жылдары осы ауылдан түлеп ұшқан Абзал Ералиев шатқаяқтаған шаруашылықтың еңсесін тіктеуді өзіне мақсат тұтады. Қиындықтың көкесін көреді. Жеңеді. Жемісін қалтасына баспайды. Ауылына салады.

Қазір бұл ауылда супермаркет бар! «Аумағы кішігірім Магнумнан кем емес» деп қалжыңдайды ауыл тұрғындары. Ауылдың дәл ортасында субұрқақ (фонтан ғой) атқылап тұр.

Ауылына жасаған жақсылығы Ералиевке Алладан қайтқан екен. Былтыр «Абзал және К» серіктестігі Қазақстандағы жетекші күріш өндіруші компаниялардың үштігіне енді. Солай.

Біздің бидайдың бойында протеин мол. Бұл жақсы ма?


Иә, біздің бидай экспорттаймыз. Өзіміздің өнім. Адал еңбек. Таза табыс. Бірақ, біздегі ауарайы әртүрлі. Содан да шығар еліміздің ауа-райына қолайлы бидай түрлерін шығарудың маңызы зор екен. Бірақ, Қазақстандағы мен деген ғалымның көпшілігі бидайдың басқа түрін ойлап табуға жүрегі дауаламаған. Тәуекелі көп екен.

Соған қарамай ҚазҰАУ-дың ҚазҰАУ-дің Өсімдік өндірісінің агротехнологиясы кафедрасының профессоры Айгүл Әбуғалиева осы іске кірісіп көруге бел буыпты. Ол не дейді?

– Сәл кешіксек біздің бидай сұраныстан қалуы мүмкін. Себебі, әлем бұл өнімнің құрғақшылыққа төзімді және өнімді көп беретін жаңа тұқымын ойлап табу үшін жанталасып жатыр. Бидайдың жаңа сортын ойлап табу үшін тәуекел деп үлкен ғылыми зерттеу жұмысын бастап кеттім.Қаншама тер төгілді. Күш кетті. Таңдап алынған бидай тұқымын 180 рет сынақтан өткізіп, құрғақшылыққа төзімді және өнімді көп беретін бидайдың жаңа тұқымын алудың сәті түсті. Кез келген өсімдік көктеп, қара жерді жарып шыққасын белгілі бір уақытқа дейін ылғалды қатты қажетсінеді. Дәл осы кезеңде құрғақшылық болса өсімдік бойына қажетті ылғалды жинақтай алмай қалады. Бұдан ол солып қалмайды. Бірақөнімділігін жоғалтады. Біздің мақсат бидайдың осындай аралық кезіңде ылғалдың аздығына қарамастан жақсы өсіп, жетілетін жаңа түрін дайындау болды. Ғылыми жұмыс 15 жылға созылды..., – деп түсіндірді ғалым өзінің ғылыми жұмысы жайында.

Маманның айтуынша, Еуропаның қоңыржай алқаптарында көп өнім алуға болады. Өйткені Кәрі құрлықта ылғал мөлшері жоғары. Ал бізде керісінше, дихандардың бір гектардан алатын өнімі 10 центнерден аспайды екен.

– Қазақстан бидайының өнімділігі аз болғанымен сапасы жорғары. Біздің бидайдың бойында протеин өте мол. Енді протеин қалай пайда болады деген сұраққа жауап берсем. Протеин – күн қызуы жоғары болуының нәтижесінде пайда болады.

 Ахоу, ата кәсіп


Байқайсыз ба, мал шаруашылығы десе, ет пен сүттен әріге аспаймыз. Кезінде мал шаруашылығы жеңіл өнеркәсіптің көзі еді ғой осы?..

Кезінде Қазақстанда 38 миллион қой болған. Осындай жоғары межеге қалай қол жеткіздік? Осы сауалды қою үшін Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты директоры Серік Оспановты іздеп бардық. Оспанов өз кезегінде мұндай межені ғылымның арқасында бағындырғанымызды айтты.

– Қой шаруашылығын ғылыми бағытта дамыту ісі қолға алынған 25 жылда елімізде асыл тұқымды 12 қой түрі шықты. Соның 9-ына біздің институт ғылымдары атсалысты. 
Айталық, еліміздің Оңтүстігі үшін ыстыққа шыдамды, таулы жерде еркін жайылатын қой түрі қажет болды. Осы себепті Оңтүстік Қазақстан мироносын шығардық.

Тәуелсіздік жылдары қой тұқымын асылдандыруға да атсалыстық. Биязы жүнді қой тұқымынан біраз малды сұрыптап алып 2011 жылы Алматы облысында етті мироностың жаңа түрі пайда болды. Ұзаққа созылған селекциялық жұмыс 1980 жылдары басталды. Өйткені, қойдың жаңа бір тұқымын шығару үшін 20-30 жыл уақыт қажет, –дейді Оспанов.

Жаңа етті бағыттағы қойдың негізгі ерекшелігі қандай сонда?

Айтайық – салмағы өте жоғары, еті тығыз. Әдетті ірі саналатын саулықтардың тірі салмағы 60 келі болса, жаңа етті бағыттағы миронос қойы сауылығының тірідей салмайы 70-75 келі екен.

Ауыл шаруашылығы саласында қой тұқымын асылдандыруда осындай жетістікке жетіппіз. Онды етін экспортқа шығаруды жоспарлап отыр Үкімет. 

 Қазанатты қалай қайтарамыз?


Мойындаңызшы, жайлауымызда жылқы жайылып, қазанымызда қазы қайнамаса көңіліміз көншімейді ғой, біздің.

Қостанайдағы «Қазақ Тұлпары» кәсіпорының жетекшісі Набидолла Кикебаевқа хабарластық.

Жайдан-жай емес. «Қазіргі уақытта жылқының санын көбейтуге не кедергі?» деген сауалды төтесінен қойдық. Айтуынша, жылқы санын арттыруға субсидияның аздығы кедергі келтіріп отыр.

– Қазақстанда жылқы етін көп тұтынады. Себебі, белгілі ғой.Елімізде жыл сайын 90 мың тоннадан аса жылқы еті өндіріледі. Демек, сұраныс бар. Тек...судсидия мардымсыз. Мемлекет шаруаға асыл тұқымды 1 бас малды ұстау үшін 8 мың теңге, жемге кеткен шығыны үшін қосымша 4,5 мың теңге субсидия төлейді, – деді Набидолла Ақанұлы.

Иә, мәселе мақтау емес. Проблеманы айту. Ілгерідегі сауалға қайта оралдық. Кикебаев былай деді бізге.

– Қазақта қазанат деген жылқы тұқымы болған. Бұл тұқымның санын көбейту, ұлттық мақтанышымыз ғана емес, ұлттық сананы сілку, ояту үшін де керек. Орыстар мен украиндар тұқымы жоғалып кеткен «русская верховая», «украинская верховая» деген жылқы тұқымын өткен ғасырдың 70-90-шы жылдары қалпына келтіріп алды. Көрдіңіз бе? Ал біз қазақтың қазанатын қалпына келтіру мәселесін көтере алмадық. Өйткені, Кеңес одағы кезінде ғалымдарымыз орталықтың тапсырмасы бойынша ет бағытындағы жылқы тұқымын шығарумен айналысты.

Тәуелсіз ел болғаннан кейін ғана жоғымызды іздеуге кірістік. Қазанат қазақтың далалық жылқысы мен осы арғымақтардың буданы. Соғыстарда батырды көтерген қазанат ірі, шомбал, төзімді, жүйрік болған. Күніне 40-50 шақырымды алып отырған.

«Қазақ тұлпары» зауыты Қазақстанда жылқы шаруашылығының барлық мәселесіне қатысты ғылыми жұмыстарды қолға алып жатыр.Жақында «Құлыным-ай» деген жаңа қоспа жем түрі жасапты. Қазір 40-қа тарта параметр бойынша сарапталып, ғылыми негізде алынған өнімді құлындарға беріліп жатыр. Жаман емес. Бұл тәуелсіздіктің жемісі.

Бөдене туралы не білеміз?


Бұл деректі эксклюзив деп атасақ әбден болады. Соңғы жылдары құс шаруашылығының ерекше бір тармағы бөдене өсіру ісі қолға алынып жатыр.

Қазақстанда бөдене өсіруді барынша насихаттап жүрген жас ғалым Мұхтар Байбатшановты тауып алдық.

– Чернобыль апатынан кейін ғалымдар апат аймағында радиациядан жапа шеккен балаларды бір орталыққа жинап, тәжірибе жүргізеді. Бір топтың балаларына бір ай бойына бөдененің жұмыртқасын ішкізсе, екінші топтағы балаларға жұмыртқа бермейді. Бір айдан соң жұмыртқасын ішкен балалардың ағзасын тексергенде ғалымдар бөдене жұмыртқасы радиацияны ыдырататынын анықтаған. Кезінде Шыңғыс ханның өзі жаралы жауынгерлеріне бөдененің жұмыртқасын ішкізіп, аяққа тез арада тұрғызғанын тарихтан білеміз, – дейді елімізде бөдене өсіруге бет бұрған шаруашылықтарға барынша көмек көрсетіп жүрген Мұхтар Қасенұлы.

Қазір елімізде бөдене өсіріп, оның еті мен жұмыртқасын саудалап отырған 82 шаруашылық бар. Олардың 25-і Алматы облысының аумағында орналасқан.

Білікті маман бізге тауыққа қарағанда, бөдененің дене қызуы 2 градусқа жоғары болғандықтан оның жұмыртқасын ұдайы тұтынған адамның қан айналымы өте жақсы жұмыс істейтінін айтты.

Сонымен қатар бөдене жұмыртқасы адамның иммунитетін көтеретін қасиетке ие. Ғалымдарымыз бөдене жұмыртқасына тәжірибе жүргізгенде, оның дәрумендік құрамы тауық жұмыртқасына қарағанда 3-4 есе жоғары екеніне көз жеткізіпті.

– Қазақстанда тек қана бөдене шаруашылығын зерттеумен айналысатын институт тұрмақ, шағын зертхана жоқ. Айналамыздағы көршілеріміз – Қытай, Ресей, Украина және Беларуссияда бұл бағытта қызу жұмыстар жүріп жатыр. Біз де қарап қалмауымыз керек, – дейді ол.

Картоп: 1 гектардан 40 тонна


Газетіміздің Ақмола облысындағы тілшісі Степногор қаласына барды. Жай барған жоқ. Осындағы «Ұлттық биотехнологиялық орталық» инновациялық жолмен сапалы картоп тұқымын дайындаған екен. Бұдан да көпшілік хабарсыз. Орталық директоры, жас ғалым Дархан Балапанов өздерінің тың технологиялары жайында әңгімелеп берді.

– Әдетте біздер еккен картобымызды күзде қазып алғанда оны сұрыптап, келер жылға біраз тұқым алып қаламыз ғой. Жалпы, картоптың сапалы тұқымы 6 жылға дейін өзінің өнімділігін жоғалтпайды. Ал бұдан кейін картопқа біраз вирустар мен түрлі аурулар еніп, өнімділігін төмендейді. Біздер картоптың таза жасушасын бөліп алып, арнайы зертханада өсірдік. Бұл аралықта картоптың өсіп жетілуіне қажетті дәуірмендер мен гармондарды арнайы дозаторлар арқылы жібердік.

Нәтижесін айтайын ба? Таңғаларсыз. Үш айлық күтімнен кейін картоптың таза минитүйнегін алдық. Егер қарапайым картоптың бір түйнегінен 8-10 түйнек алсақ, біздің таза тұқымдық минитүйнектерден 80 түйнек картоп алуға болады! – деді бізге жас ғалым.

Әңгіме барысында жас ғалым орталықтың дайындаған тұқымдық картоптары 6-7 жылға дейін өнімділігін сақтайтынын да айтты.

– Ұзақ жыл пайдаланған картоптан алынған тұқымды бір гектар жерге ексеңіз, 15 тонна өнім аласыз. Ал біздің технологиямен алынған минитүйнектік тұқымдарды бір гектар жерге егіп, 40 тоннаға дейін сапалы өніп алуға болады, –дейді Балапанов.

Айтпақшы, аталған жоба ауылшаруашылығы саласына қазірден кірігіп жатыр. Жобаны жүзеге асыруға Ауыл шаруашылығы қомақты қаржы бөлмек.

Дайындаған, Нұрлан ЖҰМАХАН



Бас тақырыптағы сурет massaget.kz сайтынан алынды

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар