Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажұлымен ылғи сұхбаттаса бермейміз. Бұл «Қала мен Дала» және Шеврон компаниясының бірікккен жобасы аясында мүмкін болды.
Бас мүфтиге тәуелсіздік жылдары қалыптасқан діни ахуалға қатысты сұрақтар қойып, тұщымды жауап алдық. Сұхбат сіздің ойыңыздан шығады деген үміттеміз, құрметті оқырман.
«Біз тым діндар болып алдық». Бұл не сөз?
– Хазірет мырза, мынаны айтыңызшы, Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өзіне қажетті дін мамандарын дайындай алды ма?
– Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Тәуелсіздік алғанымызға 25 болды.
Сіз айтқандай үлкен дін ғұламаларын тәрбиелеп шығару үшін 25 жыл өте аз. Кеңес Одағы кезінде адам санасына сіңірген бір мінез – дінді, дінге бет бұрған адамды жақын тартпау.
Соның салдары болар, тіпті, кейбір ағаларымыз түсінбеушіліктен: «Біз тым діндар болып алдық, жастарымыз мешітке баратын болды» дегендей сөздерді арагідік айтып қалады. Кейір адамдарда дінге деген осындай салқын көзқарас бар. Яғни, дін адамы қаншалықты ғұлама болып тұрса да, кезінде оған айтарлықтай көңіл бөлінбеді.
Себебі, Кеңес идеологиясы дін адамының сөзіне тоқтар бұрынғы менталитетімізді, болмысымызды өзгертуге тырысты.
Кеңес заманында дінді қыспаққа алды. Дін жолын қуған небір ғұламаларды соттап, өлім жазасына кесті. Діни әдебиеттердің көпшілігін өртеді. Дін жолына түскендердің өздерін былай қойып, отбасын, тұқым-тұқиянына дейін тоз-тозын шығарды. Жалғастық үзілген буынның орнын бірден толтыра алмайтынымыз белгілі ғой.
Діни ілім қазақ топырағында Кеңес билігі кезінде біржолата тоқырады. Бұл уақытта ата-әжелеріміз дін амалдарын ғана сақтап қалды. Ақсақалдарымыздың, әжелеріміздің кейбірі бес уақыт намазын оқып, арасында оразасын ұстап жүрді. Бірақ діни ғылым, ілімді ешкім дамытпады. Тамырын тереңнен тартқан, дәстүрлі медреселер жаппай жабылды. Ахмет Риза, Науан хазірет сияқты ірі дін ғалымдарының әлі де шықпай жатқанының келесі бір себебі де – осы.
– Соңғы жылдары діни оқу орындар ашылып, мемлекеттік диплом беріліп жатыр. Діни білім беруді дамытудың маңызы қандай осы?
–Аллаға шүкір, қазір елімізде 9 медресе, 2 қарилар дайындайтын мектеп, Имамдар институты, «Нұр-Мүбарак» университеті жұмыс істеп тұр. Бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда мықты ғалымдар шығып келеді. «Нұр-Мүбарак» университетінің докторантурасын бітіргендер докторлығын қорғап, дін ғалымдарының қатарын көбейтіп жатыр. Білікті, білімді, теолог профессорларымыз да бар. Сонымен қатар, қазақтың қари балаларын тәрбиеледік.
Білесіз бе, осыдан 10-15 жыл бұрын тарауих намазы үшін Мысырдан, Түркиядан қарилар алдыратынбыз! Құдайға шүкір, бүгін тарауих намазы үшін шетелдерден қарилар алдыруға зәру емеспіз. Қазақстандағы қарилар саны 300-ден асты. Бұл да 25 жылдағы жеткен жетістігіміз.
Имам тек мешіттің ішінде отыра бермей, елді бірлікке, татулыққа шақыратын тұлға екенін халық бірте-бірте мойындауда. Имамдар жақсылықта да, жамандықта да халықтың арасында жүретінін еліміз ақырындап түсініп келеді.
Жиырма бес жылда 2000-нан астам мешіт салынды
–Елімізде мешіттердің көбейгенін Тәуелсіздіктің сыйы деп қабылдауымызға бола ма?
– Әлбетте. Айталық, 90-шы жылдарының басында Қазақстанда небары 68 мешіт болған. Бүгінде оны саны 2300-ге жетті. Қазір жаңа замануи мешіттер Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Алматы, Өскемен, Сәтпаев, Қарағанды, Қызылжар, Павлодар қалаларында салынған. Бүгінде мешіттердің имамдары жалақы ала бастады.
Мешіттердің мемлекет бюджетінен қаржыландырылмайтыны белгілі. Сол себепті, діни қызметшілердің әлеуметтік мәселелерін шешу үшін Діни басқарма 2011-2012 жылдары «Зекет» қорын құрды. Оның мақсаты мешіт қызметкерлеріне жалақы төлеу.
Кең байтақ Қазақстанның әрбір елдімекенінде мешіттер көбейгені секілді, тәуелсіздікке қолымыз жеткелі бері қажылыққа барушылардың қатары күн санап өсіп келеді.
Егер 90-шы жылдардың басында қажылыққа баруға ниет еткендердің саны небары 150-200 адам болса, бүгінгі күнде жыл сайын 5 мыңнан аса қазақстандық қасиетті жерлерге барып қайтуда. Бұл дәл қазір менің алдымда жатқан нақты дерек.
Тәуелсіздік жылдары ішінде 32 мың отандасымыз қажылыққа барып, мұсылмандық парызын өтеп қайтқанын мақтанышпен айтамын
Имамдар халықты сөзімен де, ісімен де ұйытуы тиіс
– Бүгінгі имандардың қоғамдық өміріміздегі орны қандай? Өзіңіз айтқан Кеңес заманындағы дінге қатысты стереотип бұзылды ма?
– Мен сізге былай айтайын: Имам-молдалардың білімін ұдайы жетілдіріп отыру – біздің басты талап. Неге? Себебі, бүгінгі дін қызметкері заманның ағысынан, уақыттың талаптарынан әсте қалыс қалмауы тиіс. Уақытпен үндесіп, үнемі өздерін дамытып, жетілдіріп, діни һәм зайырлы біліммен сусындап отыруды талап етеміз.
Соңғы екі жылдың көлемінде имамдарымыздың 80 пайызын қайта аттестациядан өткізіп, білім деңгейін анықтадық. 2015 жылы Астанада өткен І республикалық имамдар форумында «Бүгінгі имамның келбеті», «Дін қызметкерінің этикасы» атты тарихи құжат қабылдадық.
– Бұл құжаттардың мақсаты не сонда?
– Мақсаты дейсіз бе? Мақсаты – ХХІ ғасырға лайық имамдар тобын дайындау. Қоғамда дін қызметкерінің беделі мен ықпалын арттыру.
«ХХІ ғасыр имамы» деген жоба аясында жер-жерлерде дін қызметкерлері арасында интеллектуалды сайыстар ұйымдастырдық. «Қазіргі заманның үздік 500 ағартушы имамы» атты жобаны да қолға алдық. Мақсатымыз – имамдардың қазіргі қабілеті мен білімін одан әрі дамыту, үздік ағартушы дін қызметкерлерін игі жұмыстарға жұмылдыру.
Имамдар халықты сөзімен де ұйыта білуі үшін Имамдарды дайындайтын институтта діни пәндермен қоса, «шешендік өнер» пәнін енгізіп, қазақ ақын-жырауларының өлеңдерін жаттап жүрсін деген тапсырма беріп жатырмыз. Бұл имамдардың халықпен етене араласуына мүмкіндік жасайды деген ойдамыз. Халықпен араласа алған имам ұлттың қоғамдық өмірінен де сырт қалмайды...
– Имамдарға қойылар талап көп дейсіз ғой?
– Көп. Имамдар көпшілік қауыммен көбірек араласқан соң көптеген сұрақтарға тап болады. Оған дер кезінде жауап беру үшін білім керек. Сондықтан білім алу – аса маңызды амал. Себебі, білімсіз пәтуа беру – өте қауіпті іс. Оның соңы құрдымға алып барады. Хадисте: «Кім ілімсіз пәтуә берсе, оған Алланың, періштелердің және бүкіл адамның лағынеті болады» – деп ескертілген.
– Имамдарға қандай талап қоясыздар? Бізге осы жағы қызық болып тұр...
– Әрине, айтайын. Имамға қойылар талаптың бірі – кішіпейілділік, сыпайылық, қарапайымдылық. Кішіпейілділік – пендеге Раббысы тарапынан берілетін ерекше мінез-құлық. Кішіпейілділік – пайғамбарлар мен күллі ізгі ғұламалар мен әулиелерден мирас болған көркем қасиет. Кішіпейіл адам – жер бетінде Раббысынан қорқып, одан ұялып, әрдайым өзін көріп тұр деген оймен ұлыққа да, кішікке де бірдей қарым-қатынас жасайтын жан. Алла Тағала ондай адамды Құранда былай сипаттаған: «Рахманның құлдары жер бетінде кішіпейілділікпен жүреді...»
Бұл аяттың астарында мүміндерге тән кішіпейілділік жатыр. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өсиеттерінің бірінде: «Кім кішіпейілділік көрсетсе, Алла оның мәртебесін өсіреді...» деп сүйіншілеген.
Ал тәкаппарлық – құрдымға алып баратын дерт. Шайтанның Алланың рахметінен айырылып, қуылуына себеп болған да – осы тәкаппарлық, өр көкіректік.
Имам қай заманда да жан-жақты болуы қажет. «Жігітке жеті өнер аз» дегендей, имам-молдалардың тек діни біліммен шектелмей, заманауи технологияны меңгеріп, жан-жақты біліммен қарулануы – уақыт талабы.
«Адасқан» жастармен жеке-жеке кездесеміз
– Осы күні дін ұстану мен дәстүр ұстанудың аражігі ажырап кеткендей. Қазақы дүниетаным – Ислам құндылықтарына әуелден қайшы емес еді. Ендеше, дінде жүрген кейбір жастардың дәстүрді мойындамауының себебі неде?
– 2013 жылы «Дін мен дәстүр» деген кітап шығардық. Қазақтың салт-дәстүрлерінің барлығының шариғат бойынша құптарлық іс екенін хадистермен дәлелдеп көрсеттік.
Ата-бабамыздың салт-дәстүрі шариғатта да бар екен ғой деп қатты қуанғандар көп болды. Біздің дін мен дәстүр біте қайнасып, бірігіп кеткен. Кеңес өкіметі дінге тыйым салғанымен, көпшілік діннің амалдарын ұлттық дәстүріміз ретінде ұстанып қалған.
Бұл дәстүріміз деп дінді өлтірмей бүгінгі күнге жеткізген. Сондықтан шариғатымыз бен дәстүрімізді бөле-жара қарауға болмайды. «Дін мен дәстүр» кітабына адамның дүниеге келуінен өмірден өткеніне дейінгі салттарымыздың бәрін енгіздік.
Мәселен, тұсаукесер – шариғатта мақұлданатын амал. Ол дұғаның бір түрі. Әдетте тұсауды кімге кестіреміз – беделді, кемеңгер адамды таңдаймыз. Бұл – бала болашақта сол адамға ұқсаса екен дейтін амали дұға, ол шариғатқа қайшы емес.
Біз шын мұсылманды мынау – діндар, мынау – дәстүршіл деп бөлмейміз. Дінімізді дәстүрлі дін деп айтатынымыз да сондықтан.
Шынтуайтына келсек, салт-дәстүр деген тәрбие. Ал Ислам қоғамды тәрбиелеу үшін келген дін. Келін түскен сәттен кімді сыйлау керек – беташарда тәлім ретінде айтады. Сәлем салу – үлгенге құрмет, кішіге – ізеттің бір түрі.
Қазақтың отбасы институты осындай салт-дәстүр, жөн-жоралғыларды сақтағандығынан ғана аман сақталған. Біздің оны «дінге қайшы, ұстанымға жат» деп айтуға қақымыз жоқ.
– Жастар имамның айтқанынан гөрі радикалды топтардың айтқанына еріп кеткені жасырын емес. Олардың бетін қалай қайтаруға болады?
– Жастар өзіңіз білесіз, не нәрседен де ерекшеленіп тұрғысы келеді. Не нәрсені де жаңаша, өздігінше жасағысы келіп тұрады. Міне, сондай жастарға, мынау сенің өз жолың дегенді көрсетіп бере қояды. Көрдіңіз бе?!
Намазды көпшілік былай оқыса, сен оқитын дұрыс намаз – мынау деп, дәстүрлі діннен алшақтата бастайды. Біртіндеп келе, Құраннан артық қандай заң бар дейсің дегенді тағы айтып, мемлекеттен оқшаулайды. «Адамдар арасындағы мейірім, ізгілік деген не – бастысы Алланың мейіріміне бөленсең болды» деп қоғамнан бөлектей түседі. Ақылдан бұрын сезімі алға шығып тұратын жастар түптің түбінде арбауға қалай түскенін білмей қалады.
– Олардыңң бетін бері қаратуға ҚМДБ тарапынан қандай ұмтылыс бар ма?
– Әрине.
– Оның дәлелі мынау деп айта аласыз ба?
– Ондай топтардың жетегінде кеткен жастармен жеке-жеке кездесеміз. Былтыр 500-ден астам адам райынан қайтты! Аты-жөндері, телефондарына дейін көрсетіп, «біздің бағыт дұрыс емес екен» деді.
Қазір түрмеде отырғандарға да үгіт-насихат жүргізетін арнайы имамдар тобын жасақтадық.
Жалпы, жастарды теріс ағымға еліктіретіндерді де жауапкершілікке тартатын арнайы бап енгізетін Заң керек, ешкім жауапқа тартылмайтын болса, олардың жұмысына да ешкім тыйым сала алмайды ғой.
Кейбір өңірлерде имамдар өзінің аудандарында қай жерде, қай адам теріс үгіт жүргізіп жатқанын біледі. Тиісті жерге хабарлайды. Олардың қолында заң жоқ болғаннан кейін ешкімді жазаға тарта алмайды.
Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен, Нұрлан ЖҰМАХАН