Назарбаев: "Ельцин қалжыңдаған жоқ"

Dalanews 07 ақп. 2017 14:27 932

"Шеврон" компаниясы және "Қала мен Дала" газетінің біріккен жобасы 

Тәуелсіздік. Былай қарасаң, бір ауыз ғана сөз. Бірақ, түсіне білген адам Тәуелсіздіктің ата-ананың қадірімен тең екенін білсе керек. Бір жерден оқығанымыз бар. «Ата-анаңды қалай сүйсең, Отаныңды да солай құрмет тұт» дейді. Тамаша айтылған ә? Жә, пафосқа берілмейік.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі қабылданған ең алғашқы заңды айтып бере аласыз ба? Әрине, білмеуіңіз мүмкін. Әрине, ұмытып қалуыңыз мүмкін. Есіңізге салайық. Бұл «Шетелдік инвестициялар туралы» заң болатын. 1991 жылы қабылданған. Қажет еді. Қазақстан алғаш рет Кремльге жалтақтамай Американың «Шеврон» корпорациясымен Атырау облысындағы Теңіз кен орнында біріккен кәсіпорын құру келіссөздерін жүргізе бастады.

Тек Теңіз емес, басқа да кен орындарына инвестиция ауадай қажет еді. Қарашығанақ, Өзен, Жаңажолдың «жүрегі» тоқтап қалудың аз-алдында тұрған.

Айтпақшы, сол кездегі жағдайға баға беретін Назарбаевтың кітабын таптық. Сол кезгі Қазақстан экономикасына Елбасы «находилась в «коматозном состоянии» деген баға беріпті.Анығы, Қазақстанға ақша керек еді. Қазақстанның әлемге ұсынатын және өткізе алтын жалғыз тауары мұнай болатын. Мемлекеттік стратегияның осы салаға басымдық берген содан...

Саланың жұмысын жүргізу үшін саланы басқаратын орган қажет қой. 1992 жылы Назарбаевтың бұйрығымен Энергетика және отын ресурстары министрлігі құрылады. Оның басшысы ,болып Қадыр Байкенов тағайындалады. Осы уақытқа дейін бұл министрліктің атауы сан рет өзгерді.

«Ғасыр келісімі»


1993 жылы Қазақстандағы мұнай-газ саласында «төңкеріс» болды. Жаман ойлап қалмаңыз. Дәл осы жылы шетелдік инвесторларға бізбен жұмыс істеуге болатынын дәлелдеген үлкен жобаға қол қойылды.

Осы жылдың 6 сәуірінде Алматыдағы «Достық үйінде» президент Назарбаев пен «Шеврон» корпорациясының жетекшісі Кеннет Дерр алдағы 40 жыл бойы қоян-қолтық бірігіп игеретін «Теңізшевройл» кәсіпорнын құру туралы келісімшартқа қол қойды.

Дәл осы күні Назарбаев «Біріккен «Теңізшевройл» кәсіпорнының қызметі» туралы қаулыға қол қойды. Осы арқылы Елбасы жобаға ең жоғары заңдық кепілдіктер беретінін көрсетті немесе дәлелдеді.



Айтпақшы, Теңізге теріскейдегі көршіміз қызыққан. Назарбаевтың ол естелігін де таптық.
«Мәскеуде Ельцин маған: «Теңізді бізге беріңдер» деді. Қараймын, қалжыңдап тұрған жоқ. «Ендеше Ресей бізге Орынбор облысын қайтарсын. Орынбор Қазақстанның астанасы болды емес пе?» дедім. «Сіз Ресейдің аумағына қатысты арыз-шағымыңыз бар ма?» деді ол. «Жоға» дедім мен. Ельцин күліп жіберді, мен де күлдім...».

Сөзден санға...


25 жыл бұрын мұнай-газ саласының үлесі күллі Қазақстандағы өндірістің 2,5 пайызын ғана құраған екен. Бір жылдары Энергетика министрі болған, көп жылдар мұнай-газ секторында қызмет еткен, ал әзір Kazenergy қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалиннің дерегінше, соңғы 25 жылда мұнай өндіру көлемі 3 есеге өсіпті.
«1991 жылы Қазақстан 25 млн. тонна мұнай өндірсе, 2014-2015 жылдары өндірілген «қара алтынның» көлемі 80 млн. тоннаға жетті. Қазба отынның едәуір қорының арқасында Қазақстан әлемнің мұнайлы елдерінің арасында 12 орынды алады. «Қара алтын» өндіру деңгейін 80 млн тоннаға жеткізгеннен кейін, еліміз мұнай өндірісі бойынша әлемде 17 орынды иеленді» дейді Қарабалин. Сондай-ақ газ өндіру көлемі бес есеге өсіп, жылына 40 млрд текше метрге жеткен.

Бүгінде ЖІӨ-нің (жалпы ішкі өнімді айтамыз) төрттен бір бөлігі және мемлекеттік бюджетке түсетін табыстың жартысы­нан астамы осы саланың үлесінде.

Каспий құбыр желісі консорциумы


2001 жылдың қазан айында КҚК (Каспий құбыр желісі консорциумы) мұнай құбырының іске қосылуы Қазақстан мұнай өнеркәсібінің тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі болды. Жалпы ұзындығы 1505 шақырымға созылған мұнай құбыры еліміздегі Теңіз мұнай кен орны мен Қара теңіздегі Новороссийск портына таяу орналасқан мұнай терминалының арасын жалғады. Ресей Федерациясының «Транснефть» ААҚ пен КТК «Компани», Қазақстанның «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «Шеврон Каспиан Пайплайн Консорциум Компани», «Лукарко Б.В.», «Мобил Каспийская Тру­бо­проводная Компания», «Роснефть-Шелл Каспиан Венчурс Лимитед» және басқа да компаниялар бұл жобаның қа­ты­сушылары, яғни құрылтайшылары болды.

Айтпақшы...


Бұл – біздің елімізде пайда болған ал­ғашқы тәуелсіздік магистралінің бірі еді. Өйт­кені, осы арқылы өндіру көлемі арта бас­таған мұнайды сыртқа шығарудың бас­тап­қы және негізгі бағыттарының бірі айқын­дал­ды.

Алғашқы жылы осы құбырмен 28 мил­­лион тоннаға жуық мұнай жөнелтілсе, 2015 жылы осы мұнай құбыры арқы­лы 43 миллион тонна мұнай сыртқа шыға­рылды.

Атасу – Алашаңқай


2006 жылдың шілде айында мұнай тасымалдау мәселесіндегі тағы бір үлкен жоба – Қытай Халық Республикасымен бірлесіп салынған Атасу – Алашаңқай мұнай құбыры іске қосылды. Ол Қазақстан жерінде еліміздің үш облысы – Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының аумағымен өтіп, Қытайдағы Алашаңқай пунктіне дейін жеткізілген. 2006 жылы бұл құбырмен 2,2 миллион мұнай тасымалданса, 2007 жылы оның көлемі 4,8 миллион тоннаға дейін арттырылды. Бұл құбырдың мұнай өтімділігін жылына 10 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланса, болашақта одан да асып кетуі әбден мүмкін.

Өйткені, алғашқы он жылда құбырмен 92 миллион тонна мұнай тасымалданып отыр.

Ал газ ше?


Мұнан кейін Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылдың 14 желтоқсанында Ашғабад қаласында мемлекет басшылары Гурбангулы Бердімұхамедовпен, Ху Цзиньтаомен және Өзбекстан президенті марқүм Ислам Каримовпен бірге «Түрікменстан – Өзбекстан – Қазақстан-Қытай» газ құбырының іске қосылуына қатысқан болатын. Газ құбырының жалпы ұзындығы 7000 шақырымды құрады. Оның 188 шақырымы Түрікменстан, 525 шақырымы – Өзбекстан, 1293 шақырымы – Қазақстан, 4860 шақырымнан астамы Қытай аумағында тартылды. Қытайда газ құбыры Гуанчжоу қаласына дейін жеткізіліп, ол жерден басқа да жұмыс істеп тұрған газ құбырларына бөлінді.

Сіз білесіз бе?


Бізге инвестиция келе ме? Келсе қанша келеді? Осыны сұрап білейікші деп Инвестициялар және даму министрлігіне хат жолдағанбыз. Өкінішке орай жарытымды жауап ала алмадық.
Алайда тілге тиек етуге тұрарлық бір жайт бар екен. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасына 160 млрд. АҚШ долларынан астам қаржы тартылса, оның 60 млрд-қа жуығы мұнай-газ саласына тиесілі екен. Тек соңғы 5 жылдың ішінде мұнай-газ саласына 20 млрд долларға жуық қаржы инвестицияланған...

Қашаған


Қашаған ба? Қашаған туралы көп айтылды, көп жазылды. Тарихты қайталап отырғанды қазіргі оқырман жақтыра бермейді. Қазақстанның мұнай-газ тарихындағы ең ауқымды жобаның іске қосылуы 16 жылға созылды (биылғы жылдың күз айында жемісін жей бастадық). Бұл бекер е емес. Үйдің қабырғасын қалау өз алдына, ал жеті қат жер астынан «қара алтынды» алып шығу оңай емес. Осы уақытта ішінде бір емес, үш оператор ауысты. «Қара алтынға» қарық боламыз деп алғаш 2000-шы, одан соң 2008-де, бұдан кейін 2011 мен 2013 жылдары күттік. Бірақ, болмады. Ақыры, 2016 жылдың несібесіне бұйырды.

Осы уақыт ішінде Қазақстан жобаның алғаш 8,33 пайызын 913 млн-ға сатып алса, кейін өз үлесін 16,81 пайызға өсірді. 2010 жылы сметасы қайта қаралып 57 млрд-тан 136 млрд долларға бірақ шарықтады. 2013 жылы басталған құбыр жөндеу жұмыстарына 1,6-4 млрд. доллардың аралығында қаржы кеткен.

Жарайды, тиын санап отырмайық. Не де болса ақыры жақсы аяқталды ғой. Басы ащы, аяғы тәтті болды.
Қараша айында бұл жерден 479 мың тонна мұнай өндіріліпті. Айтпақшы осы Қашағанның арқасында Қазақстан өз тарихында мұнай экспорты көлемін ең жоғарғы деңгейге жеткізген болатын!

Кен орнынан тек қана тауарлық мұнай емес, сондай-ақ газ өндіріліп жатыр. Қазіргі таңда өндірілген тауарлық газдың көлемі 97 млн текше метр.  Ал Энергетика министрлігінің сөзіне сенсек, 2017 жылы Қашаған кен орнынан 4-тен 8 млн тоннаға дейін мұнай өндіру жоспарлануда. Мұнай өндіру «шыңына» жеткесін, алдыда оны тәулігіне 1,5 млн баррельге дейін шығару міндеті тұр. Аталған ведомство басшысы сондай-ақ жыл соңына дейін Қашағанда 1 млн. тонна мұнай өндірілетінін айтқан.

Балғымбаев


Мақтаудың қажеті жоқ. Атқарған ісін ғана айтайық. 1994 жылы Мұнай және газ министрілігіне басшы болып Нұрлан Балғымбаев тағайындалды. Оның сол кездегі Терещенконың үкіметінде аға-көкелерден ой-көзқарасы бөлек болатын. Ол Атырауда туған. Тұқым-жұрағаты мұнайшылар. Мұнай саласының барлық сатысынан өткен. Мұнай шығатын кен орнындағы оператордан бастап КСРО-дағы мұнай және газ өндірісі министрілігінде жауапты қызметтерді атқарған.

Балғымбаев бөлек ойлайтын. Ол кезгі Үкіметті ағылшынша білетін, әрі Массачусетс университетінде екі жыл жатпай-тұрмай білім алды. Бұған қоса «Шеврон» компаниясының штаб-пәтерінде жұмыс істеген тәжирибесі бар.

Мұнайшылар отбасынан шығуы, мұнай-газ саласына қатысты тиісті білім алып, білік жинауы себепті Балғымбаев саланың қалай жұмыс істеу керектігін жақсы білетін.

Дәл осы жылы Балғымбаев Қазақстандағы мұнай-газ кешенін дамыту бағдарламасын депутаттардың алдында қорғап шықты. Балғымбаев 7 бағытты анықтап берді.

1) Японияның Эксимбанк қаржысы есебінен Маңғыстау мұнай өңдеу зауытының құрылысын салу.

2) Дүниежүзілік банктің көмегімен Өзен кен орнын сауықтыру.

3) Ақтөбедегі Жаңажол газөңдеу зауытын кеңіту

4) Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаңарту

5) Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында жаңа құрылғы орнату

6) «Батыс Қазақстан –Құмкөл» мұнайқұбырының құрылысын жүргізу

6) Құмкөл кен орнын кеңейту, Қызылордаға дейін газқұбырын жүргізу.

Айтпақшы, мұнайшылар Балғымбаев мына ісі үшін құрметтейді: Оның бастамасымен Үкімет мұнай өндіретін кәсіпорындарда өндірген мұнайының 30 пайызын өздігінен сату құқығын беретін қаулы қабылдайды. Міне, осыдан 22 жыл бұрын осындай шешімдер қабылданған...

Теңізшевройл


«Теңізшевройл» ЖШС-ы Теңіз кен орнындағы өндіріс қуатты кеңейту бойынша шешім қабылдады. Жобаға бақандай 37 млрд. доллар инвестиция құйылмақ.

Бәлкім, бұл сізге ештеңе айтпауы мүмкін. Алайда әлеуметтік жағына назар аударайық. Жоба аясында 20 мың жұмыс орны құрылады. Ал мұнай өндіру жылына 12 млн. тоннаға дейін өседі. Баррельге шақтасақ 260 мың барраль мұнай өндірілетін болады. «Алғашқы мұнайды 2022 жылы аламыз. ТШО-дағы әріптестеріміздің бұл бастамасы құптарлық-ақ» деген-тұғын өз сөзінде энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Ал бұдан Қазақстанға қандай пайда? Елдің бюджетіне түсетін табыс қандай? Бозымбаевты тыңдайықшы.

«Жобаны жүзеге асыру келісімшарт аяқталғанға дейінгі 2033 жылға дейін қосымша 250 млн. тонна мұнай алуға мүмкіндік береді. Алайда кен орны бұдан кейін қаңырап қалады деген сөз емес. Тұтастай алғанда келісімшарт аяқталғаннан кейінде кен орнынан тағы 420 млн. тонна мұнай алуға мүмкіндік бар. Мұнай бағасы дұрыс болса келісімшарт аяқталғанға дейінгі мерзімде Қазақстанның қазынасына салық түрінде 120 млрд. доллар табыс түспек» дейді министр.

Дерек:
Теңіз кен орнындағы барланған мұнай қоры 3 млрд. метрикалық тоннаны құрайды. Ал Королев кен орнындағы «қара алтынның» қоры 190 млн. метрикалық тонна. Теңіз кен орнындағы көмірсутек шикізатын «Теңізшевройл» ЖШС-ы өндіруде.

ДайындағанДуман БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар