Екі тараптың арасындағы әріптестік биыл да жалғасын тауып Алматыдағы Перинаталдық орталығына аса қажетті құрылғы сатып алынды.
«Гипотермия» аппараты және электроэнцефалограф құрылғысының адамның өмірін сақтап қалудағы маңызы аса зор. Осынау медициналық құрылғылардың көмегімен терапевтік гипотермияның екі саласын өткізуге болады екен.
Айталық, осы құрылғымен науқастың дене қызуын төмендетуге болады. Бұдан сырт гипотермия аппаратын қолдану балалардың ауруы мен бала өлімін төмендетіп, соның ішінде неонатология сатысындағы патологиялық жағдайлардың 48 пайызы тіркелетін гипоксиялық-ишемиялық энцефалопатия көрсеткішін азайтуға көмектеседі.
Дәрігерлердің айтуынша, өткір перинаталды асфиксия кезінде көп жағдайда сәбилерде кездесетін гипоксиялық-ишемиялық энцефалопатияның 20 пайызы өлімге апаруы мүмкін екен. Ал 30 пайызы жүйке-психикалық ауруға тап болуы ғажап емес. Егер де жаңа туған балада ГИЭ-нің ауыр формасы болса, ендеше 60 пайызы өліп кетуі мүмкін. Тірі қалған жағдайда мүгедек болып қалады.
Алматы қаласындағы Перинаталды орталық директоры Мәдина Шәріпбаеваның айтуына қарағанда, бүгінгі таңда орталықта жыл сайын сегіз мыңға жуық әйел босанады. Ал сәбилердің 15 пайызы тым ерте туылғандар.
“Шеврон” компаниясының қаржылай көмегімен сатып алынған осынау медициналық құралдардың арқасында дәрігерлер нәрестелердің өмірін сақтап қалуға мүмкінді алды” дейді ол.
«Шеврон» компаниясы мен «Аяла» қайырымдық қорының атқарған жұмыстары мұнымен шектелмейді.
Күні кеше қалалық №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қауіпсіз алаң ашылғанын айта кетелік.
Сонымен қатар клиникалық «Алатау» балалар шипажайына өкпе көлемін кеңейтуге арналған Spіro Tіger тыныс алуды жаттықтырғыш сыйға тартылды.
Өз кезегінде есту қабілеті нашар балаларға арналған №1 мектеп-интернатында тәрбиеленіп жатқан құлағы нашар еститін балалар да робот-конструкторларға ие болды
«Шеврон» мен «Аяла» әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған Алматыдағы №17 мектеп-интернатының оқушыларына да өз септігін тигізіп жатыр.
Бұдан былай интернаттағы ұл балалар ағаш ұстасы болып, темірден түйін түйген дәнекерлеуші маман да болып шығатын болды. Мектеп-интернатының балалары тек білім алып қана қоймай, өмірге қажетті, өздеріне қажетті қосалқы бір мамандықты игеріп шығуға мүмкіндік алды. Бұдан сырт, қыз балалар үшін тігін шеберханасы ашылды.
«Шеврон» компаниясы мен «Аяла» қайырымдық қорының шарапатына бөленген мекемелердің қуанышында шек жоқ. «Аяла» қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова, «Шеврон» компаниясының өкілі Жанар Қошпанова, «Аяла» қайырымдылық қорының өкілі Динара Мұратова сөз сөйлеп, әлі де байланыста болатындарын айтса, №17 мектеп-интернатының басшысы Серік Қалиев демеушілерге деген алғысын білдірді.