Freedom Inside '26

Ресей шекарасына жақын жерде британ министрі мінген ұшақтың GPS жүйесі істен шықты

Ресей шекарасына жақын жерде британ министрі мінген ұшақтың GPS жүйесі істен шықты
РИА Новости / Сергей Мамонтов

Ұлыбритания қорғаныс министрі Джон Хили мінген Корольдік әуе күштерінің ұшағы Ресей шекарасына жақын маңда GPS сигналын жоғалтқан, деп хабарлайды dalanews.kz.

Британдық БАҚ мәліметінше, оқиға министр Эстонияда орналасқан британ әскерилерімен кездесіп, елге қайтып бара жатқан кезде болған. Бұл туралы алғаш The Times жазды. Кейін ақпаратты Sky News пен The Guardian да таратты.

Хабарларға қарағанда, ұшақ Ресей шекарасына жақын аймақтан өткен сәтте GPS сигналы бұғатталған болуы мүмкін. Кейбір британдық басылымдар мұны Ресей тарапынан жасалған электронды кедергі болуы ықтимал деп жазды. Алайда Мәскеу бұл ақпаратқа қатысты ресми пікір білдірген жоқ.

GPS жүйесі ұшу барысында қолжетімсіз болғандықтан, экипаж балама навигациялық жүйеге сүйенуге мәжбүр болған. Соған қарамастан, ұшақтың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төнбегені айтылды.

Бортта Джон Хилимен бірге оның кеңесшілері, фотографтар мен журналистер де болған. The Times дерегінше, Dassault Falcon 900LX ұшағының бағыты ашық бақылау сайттарында көрініп тұрған. Сондықтан министр мінген әуе кемесі арнайы нысанаға алынды ма, жоқ па – әзірге белгісіз.

Ұлыбритания Қорғаныс министрлігіндегі аты-жөнін атамаған дереккөз бұл жағдайды "Ресей тарапынан жасалған абайсыз араласу" деп бағалаған. Оның айтуынша, британдық әуе күштері мұндай электронды кедергілерге қарсы әрекет етуге дайын.

Бұл оқиға Ресей мен Батыс арасындағы әскери-саяси ахуал шиеленіскен кезеңде тіркеліп отыр. Бұған дейін де Ресей шекарасына жақын аймақтарда GPS сигналын бұғаттау жағдайлары болғаны хабарланған.