Алматыда әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 15 маусымда сот отырысында айыпталушы А.П. жауап берді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жауап алу басталар алдында А. П. сотқа жүгініп, қайғылы оқиғаға байланысты кінәсін мойындайтынын айтты. Ол жауапкершіліктен жалтаруға тырыспайтынын, жазаны өтеуге дайын екенін және өзіне шартты жаза сұрамайтынын атап өтті.
"Өз кінәмді толық мойындаймын. Үш бірдей жазықсыз адамның қазасына себеп болғаныма кінәлімін. Олардың отбасына ауыр қайғы әкелгеніме, өз өмірімді және отбасымның өмірін бүлдіргеніме өкінемін”, - деді айыпталушы.
Ол бұқаралық ақпарат құралдарына да үндеу жасады.
“БАҚ-қа айтарым, ешбір жағдайда жазадан жалтаруға тырыспаймын. Мен үшін шартты жаза қабылданбайды. Заң аясында толық жауапкершілік алуға дайынмын. Бұл - үлкен трагедия, мен толықтай жазаға дайынмын”, - деді ол.