Алматыдағы әйгілі «Жібек жолы» базары сүрілуі мүмкін. Себеп – нысанның «қызыл сызықта» орналасуы. Алайда бұл шешімге саудагерлер мен кәсіпкерлер үзілді-кесілді қарсы. Айтуларынша, ескерту қағазы небәрі үш күн бұрын ғана берілген. Енді олар биліктен кемі бір жыл мұрсат сұрап отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Базарда бірнеше жылдан бері асхана жұмысын жүргізіп келген Марал Жақсылыққызы – жалғызбасты ана. Ол бұл хабарды ауыр соққы деп бағалап отыр. Айтуынша, базарда мыңнан астам кәсіпкер бар.
"Бір басымда алты кредитім бар. Үйім банкте кепілде тұр. Асханамды төрт ай бұрын 3,5 млн теңгеге сатып алған едім. Жайдан-жай кете алмаймыз. Орын тауып берсе, босатуға дайынмын. Қазір жастар жанармай құйып алып, өздерін өртейміз деп жүр", – дейді кәсіпкер КТК арнасына берген сұхбатында.
Көлік бөлшектерін сатумен айналысатындар да дағдарып отыр. Көпшілігіне дүңгіршіктердің сүрілетіні жөнінде алдын ала еш ескерту жасалмаған.
"Біз заң бұзып жатқан жоқпыз. Жұмыс істеп, бала-шағамызды асырап отырмыз. Ендеше, неге бастапқыда рұқсат берді? Енді келіп сүрмек. Талап – тиіспесін, жұмыс істеуге мүмкіндік берсін", – дейді кәсіпкер Әбдіразақ Кенжебаев.
"Мен бұл жерде 10 жылдан бері автоэлектрик болып жұмыс істеп келемін. Заңды түрде жалға алып, салық төлеп отырмыз. Бәрімізде банктен алған несиеміз бар. Кем дегенде келесі жылға дейін қалдыруын сұраймыз", – дейді Серіхан Ерманханұлы.
Базарға жуырда ғана тағайындалған жаңа директор Азамат Құлмаханбеттің айтуынша, бұл аумақтағы нысандар техникалық байқау станциясының аумағында орналасқан және заңдастырылмаған.
"Кейбір дүңгіршектер «қызыл сызықта» тұр. Бізге базарды толық модернизациялау тапсырылды. Сол үшін жоба дайындап жатырмыз. Заң бойынша ескертіп жатырмыз. Қазірдің өзінде біраз кәсіпкер шығарылып үлгерді", – дейді ол.
Сот шешімі былтыр шыққан
Сот орындаушыларының мәліметінше, базарды бұзу туралы шешім 2023 жылы 4 сәуірде заңды күшіне енген. Содан бері бірнеше рет ескерту берілген.
"Әкімшілікке бірінші ескерту 26 мамырда, екіншісі 14 шілдеде жасалды. Енді кәсіпкерлерге 11 тамызға дейін уақыт беріліп отыр", – дейді сот орындаушы Арнұр Бақберген.
Әкімдік уәжі мен кәсіпкерлердің талаптары
Ал қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Әлібек Тұлбасиевтің айтуынша, тексеру кезінде 30-ға жуық нысан анықталып, оларда рұқсат құжаттары мен жобалар болмаған.
"Сараптамадан өтпеген, рұқсат құжаттары жоқ нысандар. Сол үшін әкімшілік шаралар қолданылды", – дейді ол.
Дегенмен кәсіпкерлер әкімдік талапқа келіспейді. Олар кем дегенде келесі жылға дейін жұмыс істеуге мүмкіндік беруді сұрап отыр. Әйтпесе, бұл аумақтан кетпеуге бекінген.