Маңғыстау облысы Құрық ауылындағы мектеп-гимназияның акт залында мектеп төбесінің опырылып түсуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 278-бабы, 2-бөлігі "Ғимараттарды, құрылыстарды немесе олардың жекелеген бөліктерін пайдалануға беру кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды", — делінген хабарламада.
Оқиға орнына мамандар жіберіліп, қазіргі уақытта техникалық сараптамалар мен тиісті тексерулер жүргізілуде. Әкімдік мәліметінше, мектеп аумағына бөгде адамдардың кіруіне уақытша тыйым салынған.
"Алдағы жөндеу жұмыстары мен нақты шешімдер туралы ақпарат ресми түрде қосымша хабарланады", — деп нақтылады әкімдік.
Еске салайық, оқиға 23 шілде күні таңғы сағат 6:30 шамасында болған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.