Еліміздегі ірі банктер мемлекеттен алған берешек ақшаны қайтаруға кірісті

Кәмшат Тілеухан 23 шіл. 2025 15:58

БанкЦентрКредит 2017 жылы мемлекеттен алған көмек ақшаны мерзімінен бұрын жабатын болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгіндері кейбір банктер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезінде мемлекеттен алған қомақты көмек ақшаны мерзімінен бұрын қайтару туралы өтінішін қабыл алып, өз жауапкершіліктерін орындауда.

Қаңтар айында Мемлекет басшысы: "Жекелеген банктер барлық шығынды өтеп үлгерді, бірақ мемлекетке тиесілі қаражатты әлі пайдайланып жүр. Онда да тәуекелсіз мемлекеттік құралдарға жоғары пайызбен инвестициялай отырып, одан олар кепілдендірілген пайдаға кеңелуде", - деді.

"Шынында да, төмен пайызбен алынған (0,1-ден 4% - ға дейін) мемлекет ақшасын екінші деңгейдегі банктер қайтаруға еш асықпайды, тіпті өкіртіп табыс тауып жатқандарына қарамастан. Олар 2032-2040 жылдарға дейін мемлекеттен су тегінге ақша алды. ЦентрКредит Банкі мемлекеттік көмек ақшаны 2026 жылға дейін қайтаруды жоспарлап отырғаны белгілі болды", деп жазады "Ручная экономика" Telegram арнасы.

Мемлекеттік көмек ақшаны өз балансында ұстаушы банктердің қатарынан (Alatau City Bank, RBK Bank, Еуразиялық банк, Нұрбанк) болып табылатын БЦК 2017 жылы еліміздегі банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасы аясында 60 млрд теңгені жылдық сыйақы мөлшершлемесі 4%-бен 2032 жылға дейін алған еді.

"Біз мемлекеттік қаражатты мерзімінен бұрын қайтаруды жоспарлап отырмыз. Оны 2026 жылға дейін аяқтаймыз", – деді ірі акционер Бақытбек Байсейітов.

Негізінен, аталған банк мемлекеттік көмектің бір бөлігін қайтарып үлгерген: 2024 жылдың соңында - 20 млрд теңге, биыл - тағы 10 млрд теңге. Осы жағынан алғанда, банк мемлекетке тағы 30 млрд теңге қарыз.

Шын мәнінде, жоғары табысқа ие БЦК-ның мемлекет алдындағы қарызын мерзімінен бұрын жабуы кеш болса да күтілген жағдай. 2022 жылдан бастап банк табысы бойынша үздік үш/үздік бес банктердің қатарынан көріне білді. Соңғы үш жылда БЦК жарты триллион теңгеге жуық таза пайда тапты: 2024 жылы – 202 млрд теңге (+50%), 2023 жылы – 135 млрд теңге (-7%), 2022 жылы – 145 млрд теңге (+600%). Бүгіндері БЦК 7 трлн теңге активтер көрсеткішімен бойынша еліміздегі ең ірі үшінші банк болып табылады. 2025 жылдың 5 айындағы банк табысы 120 млрд теңгені құрады.

Бұған дейін сайтымызда "Өкіртіп табыс тапса да мемлекеттен алған қарызын қайтармай жүрген қай банктер" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар