Бүгінгі таңда отандық бес банктің балансында 1,5 трлн теңгеге жуық мемлекеттің көмек ақшасы жатыр, бірақ олар оны қайтаруға еш асықпайды. Дегенмен олардың кейбіреуі қарызды бөліп-бөліп қарастыруға тырысып, тіпті оны мерзімінен бұрын төлей бастағандары да бар. Басқалары болса, басын бұғып, кімде кім "әй" демейінше, тығыла отыруды жөн көруде. Бұл арада мәселе бизнесті қолдау немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама туралы емес, банктердің кезінде бюджеттен, Ұлттық қордан, Ұлттық Банктен, отандық тұрақтылық қорынан жеңілдік шарттарымен алған салымдары, облигациялары, қарыздары бойынша міндеттемелері, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың қаражаты жайында сөз болып отыр, деп жазады Dalanews.kz Forbes.kz-ның сараптамалық материалына сілтеме жасай отырып.
Сөзімізді банк секторының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасынан бастайық, өйткені соның есебінен алты ЕДБ-ға субсидияланған облигацияларын сатып алу арқылы мемлекеттік қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, осы қаржы институттары акционерлерінің ортақ жауапкершілік алуының арқасында. ҚР Ұлттық Банкі 2017 жылдан 2020 жылға дейін осы бағдарлама шеңберінде 700,5 млрд теңге бөлді.
Ең қомақты сома - 243,7 млрд теңге Bank RBK иеленді, оның мажоритары Владимир Ким болып табылады. Одан сәл азы - 150 млрд теңге артында Александр Машкевич, Патох Шодиев және Ибрагимовтар отбасына тиесілі ЕҚК тұрған Еуразиялық банкке бұйырды. Одан кейін АТФБанк пен Цеснабанкке 100 млрд теңгеден берілді. Ірі акционері Бақытбек Байсейітов болып табылатын Банкке ЦентрКредит 60 млрд теңге, ал меншік иесі Эльдар Сәрсенов болып табылатын Нұрбанк 46,8 млрд теңге иеленді.
Бірақ кейбір банктерді бұл көмек ақша да құтқара алмады. Мәселен, АТФБанк пен Цеснабанктің келмеске кеткеніне бірнеше жыл болды, олар қарыздарын жаңа иелері, дәлірек айтсақ, Ғалымжан Есеновтің мойынына артып қойған. Бірақ ол бұл жүкті ұзаққа алып жүре алады ма? Бұл туралы кейінірек.
Ал қалған ЕДБ-лар мемлекеттен алған қарызын, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдегендей, жасалған шарттардың талаптарына сәйкес қайтарады. Алайда олардың сөздерін растау үшін тек үш мысал келтіріледі.
Біріншісі - "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ-дан 100 млрд теңгеге субсидияланған облигацияларды мерзімінен бұрын сатып алған Цеснабанктің барлық міндеттемелері мұра ретінде өткен Jusan Bank. Ол 2020 жылы банкті сатып алу туралы шешім қабылдаған соң АТФБанктің қағаздарын қорға дәл осындай сомаға сатқан.
Сондай-ақ, ҚНРДА Bank RBK және Банк Центркредит туралы мәлімдеме жасады, әзірге мемлекет ақшасы тек ішінара қайтарылған, сәйкесінше 29,6 млрд және 20 млрд теңгеден.
Басқа екеуі — Еуразиялық және Нұрбанктің жоспарларына қатысты агенттік ләм-мим деп жақ ашпайды. Бұл ретте агенттік банктерді мемлекеттік көмек ақшаны мерзімінен бұрын қайтаруға одан әрі ынталандыру жөніндегі қосымша шараларды пысықтауды әрі қарастырып жатқанын нақтылайды. Мысалы, мемлекет алдында қарызы бар қаржы институттарына дивидендтерді есептеуге және төлеуге заңнамалық тұрғыда шектеу енгізді. Алайда, бұл шара тек 2022 жылы ғана қолданылды. Бірақ...
Ауыл шаруашылығы өндірушілерін құтқаруға арналған триллиондар немесе Цеснабанк?
Қазақстанда Цеснабанктің дәуірі жүріп тұрған кезге оралсақ. 2019 жылдың ақпан айына дейін ол ҚР Тұңғыш Президенті Әкімшілігінің бұрынғы басшысы Әділбек Жақсыбековке тиесілі болды, содан кейін First Heartland Securities-тің (сол кезде — "Назарбаев Университеті", "Назарбаев Зияткерлік мектептері" және "Назарбаев Қоры"дербес білім беру ұйымдары тобының қаржы холдингтік компаниясының инвестициялық бөлімшесі) меншігіне өтті. Шамамен сол кезеңде Цеснабанк Jysan Bank, ал біраз уақыттан кейін қазіргі Jusan bank болып өзгерді.
Бір қызығы, осы даталар арасында, яғни 2018 жылдың аяғы мен 2019 жылдың басында Проблемалық кредиттер қоры Цеснабанктен "Агробизнес-2020" бағдарламасының негізгі қатысушысы ретінде агроөнеркәсіптік кешеннің залалды портфелін 1,054 трлн теңгеге сатып алды (оның ішінде 450 млрд теңге — бірінші транш және 604 млрд теңге — екінші транш). Бұған 2018 жылы Үкімет және тағы да Ұлттық Банк бекіткен, Ауыл шаруашылығы өндірушілерін сауықтыруды және Цеснабанктің қаржылық жағдайын қолдауды қамтамасыз етуге арналған механизм түрткі болды. Әйтпесе, соңғысы депозиторлар алдындағы міндеттемелерін орындамай қоюы да мүмкін еді.
Алайда, осы мәселе бойынша сауалға ҚНРДА былай жауап берген: "2018-2019 жылдары жоғарыда аталған тетікке сәйкес шараларды іске асыру шеңберінде, сондай-ақ екі ірі банк - "АТФ Банк" АҚ және "Цеснабанк"АҚ-ты біріктіру процесіне жәрдемдесу мақсатында — коронавирус пандемиясының таралуына байланысты экономикалық конъюнктураның нашарлауы жағдайында 2020 жылдың соңына қарай аталған банктерге қарыздар беру және облигацияларды сатып алу жолымен мемлекеттік қолдау көрсетілді, соның нәтижесінде қазіргі уақытта "Jusan Bank" АҚ балансында жалпы сомасы 1 трлн теңге болатын мемлекеттік қолдау қаражаты бар".
Бүгінде осының бәрі мұра ретінде қазіргі Jusan Bank акционері Ғалымжан Есеновке беріліп отыр. Айтпақшы, 2021 жылға дейін ол Jusan Bank-пен біріктірілгенге дейін АТФБанктің қожайыны болған. Осыдан кейін Есенов біріктірілген банктердің 19,67% акциясына ие болды. Шамамен сол кезеңде банктің өзін де, басқа да бірқатар ірі активтерді қамтитын Jusan тобы да шетелдік юрисдикцияға шығарылды. 2023 жылдың маусым айының ортасында аталған қаржылық топ қазақстандық юрисдикцияға қайта қайтарылды. Ал тамыз айында Jusan Bank-тің 78,73% жай акцияларына иелік ететін "First Heartland Securities" АҚ-тың меншік құқығы толығымен Ғалымжан Есеновке өтті. 2023 жылдың соңына қарай First Heartland Securities банктің капиталындағы үлесін 78,73%-дан 79,63%-ға дейін арттырды.
Осылайша, қазақстандық банктердің балансында мемлекеттің көмек ақшасы әлі қалып отыр, оның үстіне бұл сектордың табысы жылдан жылға еселеп артып келеді.
Мемлекеттік қарыздың жалпы мөлшері 1,4 трлн теңге болады, оның 1 триллионы Jusan Bank-ке, 213 млрд теңгесі — Bank RBK-ға, 150 млрд теңгесі Еуразиялық банкке, 47 млрд теңгесі Нұрбанкке, 40 млрд теңгес Банк ЦентрКредитке тиесілі. Бұл банктердің барлығы Forbes Kazakhstan тізіміндегі бизнесмендерге тиесілі.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың ақпан айының басында Kaspi.kz-ның тең қожасы Вячеслав Ким (2024 жылы Қазақстанның ең бай бизнесмендерінің рейтингінде – 1-орын) Jusan Bank-тің 97,5% акциясын сатып алу үшін ҚНРДА-ға өтінім берді. Енді осы арада заңды сұрақ туындайды: ол банктің ескі қарызын төлеп, басқа акционерлерге үлгі көрсете алады ма екен?..