Қазақстанда басшылар мен мемлекеттік қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 761 981 теңгені құрады. Алайда ең жоғары және ең төмен жалақы алатын басшылар арасындағы айырмашылық 15 еседен асады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, ең жоғары жалақы су көлігі саласындағы басшыларға тиесілі. Бұл салада жетекшілер орта есеппен айына 4,6 миллион теңге алады.
Екінші орында темекі өнімдерін өндіру саласының басшылары тұр. Олардың орташа жалақысы – 3,16 миллион теңге. Үшінші орын әуе жолаушылар тасымалы саласына тиесілі, мұнда басшылардың табысы айына 2,85 миллион теңгені құрайды.
Сондай-ақ жарнама, сақтандыру, мұнай-газ өндіру, ақпараттық технологиялар және басқарушылық консалтинг салаларында қызмет ететін басшылардың жалақысы 2 миллион теңгеден асады.
Ал мемлекеттік және әлеуметтік салалардағы көрсеткіштер айтарлықтай төмен. Мәселен, мемлекеттік басқару саласындағы басшылардың орташа айлығы 514 мың теңге болса, білім беру саласында – 444 мың теңге.
Ең төмен көрсеткіш мектепке дейінгі білім беру ұйымдары басшылары арасында тіркелген. Олардың орташа жалақысы небәрі 295 811 теңгені құрайды.
Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы Қазақстандағы орташа жалақы 461 486 теңге болған. Ал халықтың нақты табыс деңгейін дәлірек көрсететін медианалық жалақы 331 527 теңгені құрады.