Freedom Inside '26

Алматы облысында кітап оқуды насихаттайтын жаңа жоба басталды

Алматы облысында кітап оқуды насихаттайтын жаңа жоба басталды

Алматы облысы мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында іске асырылуда. Жоба бойынша өңірдегі кітапханалар, мәдениет және білім беру ұйымдары арқылы бірлескен жобалар мен іс-шараларды ұйымдастыру, жастардың интеллектуалдық және рухани дамуына ықпал ететін бастамаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры былтыр шілде айында құрылып, жұмысын бастаған. Өткен жылы Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында алғашқы ағартушылық жобаларын жүзеге асырды. Нәтижесінде 190 мыңға жуық адам кітап оқу дағдысын қалыптастырған. Биыл олардың санын 1,5-2 млн-ға арттыру көзделуде. Ал Алматы облысында 100 мыңнан аса адамды қамту жоспарланған.

Шараға қатысқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениеті мен кітапхана ісін дамыту мәселесіне ерекше мән беріп отырғанын атап өтті. Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде облыста 145 кітапхана жұмыс істейді. Олар 71 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетуде. Жалпы кітап қоры 2,7 млн-нан асады. Кітапханалар жанында коворкинг орталықтары, клубтар мен үйірмелер жұмыс істеп, жастардың шығармашылық және зияткерлік дамуына жағдай жасалуда.

«Биыл Ұйғыр аудандық кітапханасы, Қарасай ауданындағы Жандосов ауылдық кітапханасы және Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылдық кітапханасы жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Алдағы уақытта тағы екі кітапхананы жаңарту жоспарланған.

2023 жылдан бастап барлық аудандық кітапханалар САБ ИРБИС-64+ бағдарламасына көшірілді. Бүгінгі таңда электрондық каталогқа және электрондық кітапхана қорына 1,9 млн-нан астам библиографиялық жазба енгізілді. Сондай-ақ KazNEB платформасына 1 943 кітаптың цифрлық нұсқасы жолданды. Облыс бойынша қоғамдық орындарға 786 KazNEB QR-коды орналастырылып, 82 мыңнан астам электрондық кітапты пайдалану мүмкіндігі жасалды», – деді Марат Елеусізұлы.

Жиын барысында аталған қоғамдық қордың төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков жобаның мақсаты мен атқарылған жұмыстары жайлы баяндады.

«Кітапхана кітап сақтайтын орын емес, бұл – адамдар білім алып, таным-түсінігін тереңдететін рухани орда. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан жоба аясында кітапханаларға оқырмандарды тарту және кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Біздің басты мақсаттарымыздың бірі – кітапханаларды оқырманға толтыру. Жұмыс барысында халықтың кітап оқуға ықыласы жоғары екенін байқадық. Әуелде әр аймақтан 25-30 мың адам қатысады деп ойлағанбыз. Бірақ нәтиже біз ойлағаннан да жақсы болды. Жобаға 190 мыңға жуық адам қатысса, оның 104 мыңнан астамы ұсынылған 15 кітапты толық оқып бітірген. Бұл тест нәтижесінде белгілі болды.

Біз 7 бағыт бойынша жұмыс істейміз. Соған сәйкес мектеп оқушыларын, колледж бен университет студенттерін, сондай-ақ педагогтерді, жеке әулеттерді, мемлекеттік қызметшілер мен спортшыларды кітап оқуға баулимыз. Мәселен, мектеп оқушылары жас ерекшеліктеріне қарай 5 топқа бөлінген. Әр топқа оқуы тиіс 15 кітаптан ұсынылған. Дәл осылай орыс сыныптарына да бөлек тізім жасалған. Оның ішінде бесеуі қазақстандық авторлардың шығармалары, бесеуі Батыс, ал қалған бесеуі Шығыс авторларының кітаптары. Бұл сыни ойлауды қалыптастыруда өте маңызды. Яғни мектеп оқушыларына арналған бағыттың өзінде ғана 150 кітаптың тізімі бекітілген», – дейді Бақытжан Тұрлыбеков.

Шара қорытындысында екі жақты меморандумға қол қойылып, қос тарап бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Осыған орай Марат Елеусізұлы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама, ішкі саясат, білім және жастар саясаты басқармаларына арнайы міндеттер жүктеді. Өңірде кітап оқу мәдениетін дамыту, халықтың, әсіресе балалар мен жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқырман қауымдастығын қалыптастыру және бірлескен мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыруда қарқынды жұмыс істеу керегін баса айтты.

Қоғамдағы кеселдің көбі рухани тоқыраудан болады. Ал адамды кемелдік пен терең пайымға жетелейтін басты құрал – кітап. Сондықтан аталған бастама шығарма оқумен ғана шектелмейді. Бұл қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал ететін маңызды жоба болмақ.