Алматы қаласындағы "Братский шашлык" кафесінде болған оқиға әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Оған себеп – тұтынушының қазақ тіліндегі мәзірді талап еткені үшін мекеме тарапынан қорлау сипатындағы жауап алғаны, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға 14 мамыр күні болған. Қала тұрғыны Досғали Әміров аталмыш кафеде тамақтанып, мәзірдің қазақ тілінде ұсынылмағанын айтып, 2GIS қосымшасында пікір қалдырған. Алайда мекеме өкілі оған дөрекі түрде жауап берген.
Пікірде: "Сен бәрін түсініп тұрсың ғой, неге ақымақ кейпін танытып тұрсың? Нацист, фашист. Егер пікірді өшірмесеңдер, қонақтарды күтіңдер!" – деген сөздер жазылған.
Осыдан кейін кафе жауабын өшіріп, тұтынушыны бұғаттап тастаған.
Кейіннен тағы бір пікірде: "Сәлеметсіз бе, біз сіздің тіліңізде жауап беруге міндеттіміз бе, әлде мемлекетімізде ондай заң бар ма?" – деп жазған. Бұл жайтқа байланысты тұтынушы құқық қорғау органдарына жүгінуді жоспарлап отыр.
Осы жағдайдан кейін желі қолданушылары дәмханаға бойкот жариялап, мемлекеттік тілде қызмет көрсету – заңмен кепілдендірілген құқық екенін еске салды. Олардың айтуынша, мұндай әрекет тұтынушы құқығын бұзады және тілді кемсітуге жол береді.
Мәселенің ушығуына 2GIS қосымшасының модерация саясаты да әсер еткен. Желі қолданушыларының бірі қазақ тілінде жазылған пікірлер жиі модерациядан өтпейтінін, сондай-ақ қосымша арқылы пайдаланушылардың қандай мейрамханаға барғаны жөніндегі мәлімет салық органдарына берілуі мүмкін екенін айтқан. Осыған байланысты ол 2GIS-ті пайдаланбауға кеңес берді.
Сонымен қатар, кафе өздерінің TikTok парақшасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қос тілділікке қатысты мәлімдемесін жариялаған. Алайда көп ұзамай бұл видеоны өшіріп тастаған. Еске салсақ, 24 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде президент тіл мәселесін саяси құралға айналдыруға болмайтынын, мұндай әрекеттер заңмен жазаланатынын ескерткен еді. Сондай-ақ, мемлекет басшысы түлектердің 80 пайызы ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсыратынын, ал мектепке алғаш баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде білім алып жатқанын айтқан. Сонымен қатар ешкімді қандай да бір тілде сөйлеуге мәжбүрлеуге болмайтынын да атап өткен.