"Бұрын барып алатын еді, қазір кредит өз аяғымен келіп жүр" - депутат

Сағыныш Сардарова 15 мам. 2025 15:54 799

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев қазақстандықтардың жеке деректері ашық таралып жатқанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, 2025 жылдың басында қазақстандықтардың кредиттік портфелі 24,1 трлн теңгеге жеткені жарияланған. Бұл бір жыл бұрынғы берешектен 22,9% көп.

"Бұрын бұқара кредитті барып алатын еді, қазір кредит өз аяғымен келіп жүр. Себебі интернетті ашып қалсаң, телефонды қосып қалсаң несие ұсынған компаниялардан аяқ алып жүре алмайсың. Банк телефон шалып, "кредит алыңыз" деп қиылып тұрады, қала берді займ, найм, микрозайм, айлыққа дейінгі қарыз деген неше түрлі атаумен телефонымызға күн сайын несие алуға үндейтін сансыз хабарлама келеді. Тіпті көбі "сізге осынша теңге несие шықты, келіп алыңыз немесе сілтемемен өтіңіз" деп жазады.

Ағайынды ашындыратыны осы, бүкіл елдің телефон нөмірі, жеке деректері, құжаттағы ресми ақпараттары айналадағы болмаса айдаладағы компанияларда қайдан жүр? Сандық технологияны дамытамыз деп елдің жеке мәліметі жиналған сандықты кім ашып тастады? Алаяқтар мен кредит бергіш компанияларға біздің деректерді кім ұсынып жүр? Цифрлық даму министрлігі бастаған ведомствалардың жеке деректі мұқият сақтаймыз дегені осы ма? Бұған кім жауап береді? Міне менің өзіме қанша смс келді" - деп ашынды ол.

Ол бұған дейін денсаулыққа қатысты деректер де тарап кеткенін еске салды.

"Бұдан бұрын азаматтарымыздың денсаулығына қатысты деректер тарап кетті, кейін отбасы мүшелеріне, бала-шағамызға қатысты деректер желіде жүрді, енді жеке құжаттағы мәліметтеріміз бен телефон нөмірлеріміз әркімнің қолында жүр? Бұл қалай болғаны?

Қазір қандай да бір мемлекеттік немесе жеке қосымшаға кірейін десең "сіздің жеке мәліметтеріңізді өңдеуге рұқсат беріңіз" деген батырма шығады. Оған келіспесең бітті, ешқандай қызмет көрсетпейді. Ол жеке деректі алғандар оны кейін қайда қолданады, кімге береді Құдай білсін", - деді депутат.

Нартай Аралбайұлы мұның арты алаяқтыққа әкеп соғатынын жеткізді.

"Артынша азаматтар алданып жатыр деп алашапқын боламыз. Себебі жеке дерегі қолды болған азаматтар жаппай алаяқтардың құрығына түсіп жатыр. "Әзіл айту мен қарыз алу кенет болу керек" дейді қазақ, қазір қарызға кіру де кенет болады. Нақты дерек, 2024 жылы қазақстандықтар 22 900 рет интернет алаяқтарға алданған, келтірілген шығын 45,5 млрд теңге. Азаматтар "ақшамды есепшотымнан сыпырып алған алаяқты табыңыз" деп полияцияға арыз жазады. Бірақ одан нәтиже жоқ. Себебі интернет алаяқтыққа қатысты қозғалған істердің  81,8 проценті "қылмыс жасаған адамның анықталмауына байланысты" жабылып қалады. Бітті. Есепшотың тұрған банк өзіне мүлдем жауапкершілік алмайды. Тергеуші таппайды. Жеке деректеріңді, банктегі есепшорттарыңды кімнің, қашан, қалай қолды қылғанын да білу мүмкін емес. Сонда сандық технологияны халықты сан соқтыру үшін ойлап табылды ма?" - деп ашынды ол.

Депутат былтыр интернет алаяқтар мемлекеттік мекемелерді алдап, 8,4 миллион теңгесін ұрлап кеткенін, бұл парадокс екенін мәлімдеді.

"Ел болса мемлекеттік мекемелер бізді құтқарады деп сеніп жүр...", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар