Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қаһарман оны ата-ана құқығынан айыруды талап етіп, Жоғарғы сотқа жүгінді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аталған арыз бойынша Жоғарғы сот әзірге шешім шығарған жоқ.
Сонымен қатар сәуір айында Бишімбаев алимент төлеуден бас тартқысы келгені белгілі болды. Ол табыс көзі жоқ екенін алға тартып, алимент туралы бұрын жасалған келісімді бұзуға ниетті.
"Бишімбаевтар тарапынан алимент төлемін азайту мақсатында келісімді қайта қарау туралы өтініш түсті. Ақша жоқ деген уәж айтты. Қазір іс қаралып жатыр. Әрине, біз мұнымен келіспейміз", – деді Назым Қаһарман.
Еске салайық, бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман Бишімбаевтың отбасы балаларға алимент төлеуден бас тартқанын жеткізген еді. Ақпаратты Tengrinews.kz жазды.
Оның сөзінше, алимент үнемі кешіктіріліп төленген, ал алимент туралы келісімде қарастырылған кейбір шығын мүлдем өтелмеген.
"Былтыр демалыс үшін ешқандай ақша төленбеді. Психологтың қызметтері үшін де ақы төленбеді, бірақ біз оған бірнеше рет жүгіндік. Мен төлеген барлық соманы Ғазымжанов мырзаға жібердім (Қуандық Бишімбаевтың адвокаты - еск.), бірақ олар мұны елемеді. Денсаулық туралы айтпай-ақ қояйын, дәрігерге көрінгеніміз, дәрумендер, дәрі-дәрмектер төленбеді", - деді ол.
Ол 2020 жылы ажырасу кезінде алимент туралы келісім жасалғанын жеткізді. Оның айтуынша, Қуандық Бишімбаев алдымен қаржылық жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын екеніне сендірген, бірақ кейін бұл туралы оның адвокатына үнемі еске салып отыруға тура келіпті.
"Наурызда алимент төленбеді. Азды-көпті жүйелі түрде төлемдер былтыр қараша-желтоқсанда ғана түсе бастады", - деді Назым Қахарман.
Айта кетейік, Назым Қахарман мәлімдеме жасаған видео 28 наурызда түсірілген. Пікірлерден кейін Қуандық Бишімбаев пен Назым Қахарман арасындағы алимент дауына байланысты бұрынғы министрдің адвокаты Ерлан Ғазымжанов ресми түсініктеме берді.
Оның айтуынша, жақында медиада тараған “Бишімбаевтар отбасы алимент төлеуден толық бас тартты” деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
“Қуандық Бишімбаев алимент төлеуден бас тартқан жоқ. Баланы асырау – әр ата-ананың заң мен ар алдындағы міндеті. Ол тек қазіргі материалдық жағдайының өзгеруіне байланысты, алимент төлеу туралы келісімді заң аясында қайта қарауды немесе бұзуды сұрап отыр. Қазіргі таңда тұрақты табыс көзі жоқ, ал заң бойынша егер адамның қаржылай жағдайы айтарлықтай өзгерсе, алимент көлемін қайта қарауға құқығы бар”, — деді адвокат.
Сонымен қатар Ерлан Ғазымжанов Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы да біршама уақыт бойы өз еріктерімен немерелерін асырауға көмектесіп, бұрынғы келісімде көрсетілген мөлшерде алимент төлеп келгенін айтты. Алайда бұл жағдай соңғы уақытта өзгерген.
“Назым Қахарман Бишімбаевтың қарт ата-анасына бірнеше рет ауыр сөз айтып, бала мен ата-әженің арасын үзіп, немерелерін отбасыға қарсы қоюға тырысты. Бұған қоса, әлеуметтік желіде “психологиялық тренинг” деген атпен олардың беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер жасады. Осындай жағдайлардан кейін Бишімбаевтың ата-анасы немерелерін асырауға көмектесуді тоқтатқан жоқ, бірақ көмек мөлшерін өздері орынды деп санаған көлемге дейін қысқартты. Бұл уақытша шешім, алимент туралы келісім заң аясында қайта қаралғанға дейін ғана күшінде болады”, — деп түсіндірді қорғаушы.
Адвокаттың айтуынша, тараптар арасындағы алимент мәселесі енді заң жүзінде шешіледі.
Айта кетейік, Назым Қахарман Қуандық Бишімбаевпен 14 жыл ресми некеде болды. Ерлі-зайыпты 2020 жылы ажырасқан еді. Олардың үш баласы бар.