Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова еден жуушы, сантехник, аула тазалаушы, электрик, плотник секілді жұмысшылардың мүддесін қорғайтын депутаттық сауалдарына Үкімет нақты шешімдер қабылдамағанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың сауалы премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа бағытталды. Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, депутаттар әрдайым қарапайым еңбек адамдарының мүддесін қорғап, олардың өмір сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөліп келеді.
"Мәжілістің үшінші сессиясында бюджеттік ұйымдарда еңбек ететін техникалық қызметкерлер – еден жуушы, сантехник, аула тазалаушы, электрик, плотник секілді жұмысшылардың мүддесін қорғайтын 7 депутаттық сауал жолданды. Бұл – өңірлердегі еңбек ұжымдарымен кездесу кезінде азаматтар көтерген нақты сұрақтар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялауы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру арқылы еңбек нарығындағы құрылымдық теңгерімсіздікті шешуге арналған", - деді ол.
Дегенмен депутат жеті сауал да жауапсыз қалғанына қынжылды.
"2025 жылдың 5 наурыздағы Үкіметтен келіп түскен ресми жауапта біздің ұсыныстарымызға байланысты нақты шешімдер қабылданбаған. Мысалы, еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақысын техникалық қызметкерлерге де қарастыру, өңірлер арасындағы теңсіздікті жою мақсатында әлеуметтік кепілдіктердің бірыңғай механизмін бекіту туралы ұсыныс ескерусіз қалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мақсатқа 28,7 млрд теңге қажет екенін есептесе де, нақты шешімдер қабылданбаған", - деп сынады ол.
Депутаттың айтуынша, Үкімет қаулысына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар азаматтық қызметшілерге қосымша үстемеақы белгілеуге құқылы.
"Бұл жүйенің орталықтандырылмағаны себепті өңірлерде үлкен айырмашылықтар туындауда: кейбір облыстарда жалақы өссе, қаржы тапшылығына байланысты кейбір өңірлерде жағдай өзгеріссіз қалуда. Сонымен бірге, хлор қолданатын жұмысшыларға өтемақы төлеу жөніндегі ұсынысымызға келіп түскен жауап мүлдем қисынсыз: "жұмыс берушіге жүгінсін" деп айтылған", - деп ашынды Сүлейменова.
Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменова бұл жолы тағы да ұсыныстар жолдаған:
- Техникалық қызметкерлердің жалақысын арттыруға арналған бірыңғай әдістеме әзірлеу қажет. Бұл әдістемеде еңбек өтілі, жүктеме көлемі, жұмыс күрделілігі мен өңірлік ерекшеліктер ескерілуге тиіс. Барлық техникалық қызметкерге, біліктілік дәрежесіне қарамастан, сауықтыру жәрдемақысын төлеуді орталықтандырылған түрде, республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен, бірақ бірыңғай әдіспен қамтамасыз ету және оны №1193 қаулыда нақты бекіту ұсынылады.
- Техникалық қызметкерлерді ағымдағы жөндеу жұмыстарына заңсыз тарту тоқтатылсын. Мұндай жағдайлар болса, еңбек шарттарындағы міндеттемелердің орындалуын бақылау тетігін күшейту қажет.
- Хлор және басқа да зиян заттармен жұмыс істейтін техникалық қызметкерлерге қосымша өтемақы қарастыру және олардың еңбек жағдайын жақсарту тетігін әзірлеу қажет.
Айта кетейік, депутат Жұлдыз Сүлейменова Мәжіліс мінберінде еңбек адамдарының мүддесін қорғап, көзге түсіп жүр. Бұған дейін кітапханашыларға қатысты жағдайды да жеткізіп, ұсыныстар жолдаған еді.