Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың назарына!
Бір-екі күн бұрын «Ер Нур & Ника» қазақ-кәріс достығы қоғамдық қорының басшысы Игнатий Тё Қарағанды қаласы әкімі Нұрлан Әубәкіровтың қабылдауында болып Виктор Цойға Қарағандыда ескерткіш орнату туралы бастама көтерген. Қала әкімі бастаманы бірден қолдапты. Жуықта Цойдың ескерткіші орталық Қазақстаннан бой көтерсе, таң қалмаңыз.
Әрине, музыкант, актер, әнші Виктор Цойдың талантына табынушылардың көп екені мәлім. Оның Қазақстанда туып-өскенін де жұрт біледі. Бірақ, Цойдан бұрын Қарағандыда Алаш қайраткерлеріне әлі күнге дейін неге көше беріліп, ескерткіш орнатылмай келеді деген сауал көкіректі кеміріп жатқаны ұзақ жыл болды.
Былтыр Әлихан Бөкейханның ЮНЕСКО көлемінде тойланған 150 жылдығында Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков облыс орталығынан бір ауданның аты Ә.Бөкейханның атына беру жоспарланып отырғанын айтып, қуантқан еді. Алайда, ол мәселе жоспар күйінде қалды. Әкім кетті. Жаңа әкім келді. Ал, қала әкімінің әрекеті – анау. Анау дейтініміз, Қарағанды қаласында күні бүгінге дейін Ленин, Октябрь қатарлы советтік көшелер мызғымай тұр. Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан уақыт асса да Қарағандыда Алаш арыстары орын табылмай тұрғанын қалай, немен түсіндіруге болады? Біздің ше, Үкіметтен ешкім Алаш қайраткерлеріне ескерткіш орнатпаңдар, көше атауын бермеңдер деген тікелей тапсырма бермейді. Бұл – жергілікті әкім-қаралардың ниеті мен ерік-жігеріне байланыстын. Облыс орталығында өзге этнос өкілдерінен қаймығып, советтік өкімет көсемдерімен күресінге тастай алмайтын әкімдерден қандай іскерлік, нендей батыл қадамдар күтуге болады? Тарихи тұлғаларды тұғырына қондыра алмай отырған Қарағанды облыс, қала әкімдерді бүгінгі тірі қазақтың мүддесін қорғайды, қамын ойлайды деген кім сенеді?! Алаштың 100 жылдығы болса, басталып кетті. Әлихан Бөкейханның туған жері, Әлімхан Ермековтің қызмет істеп, еңбегі сіңген мекен – Қарағанды облысындағы Алаштың тағдыры осындай болғанда өзге аймақтарға не дерсің.
Аймақ басшы болған талай әкімге хат жазып, мәселе көтерген сол өңірдегі зиялылардың даусы жергілікті биліктің құлағына жетпеді. Біз де әкім-қаралардан қайран болмасын біліп, мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың назарына осы мәселені жеткізгіміз келеді. Өйткені, тарихты, тарихи тұлғаларды ұлықтау, қоғамды біріктіру мен ұйыстырудағы мемлекеттік маңызы бар идеологиялық іс.
P.S. Қазақ-кәріс достығы қорының басшысы Игнатий мырза шынымен қазақ-кәріс достығын ту етіп ұстаған азамат болса, Алаштың 100 жылдығына орай Қарағанды қаласындағы Ленин көшесін Әлихан Бөкейхановтың атына беріп, ескерткіш орнатып, Әлімхан Ермеков тұрған үйге ескерткіш тақта орнатайық деп ұсыныс неге көтермеді екен деген бір сұрақ көкейімізде әлі тұр...
Нұра Матай
Abai.kz