«Қазақ жастарының ғарышқа ұшқанын қалаймын»
Күні кеше ғана ғарышқа ұшып әп-сәтте Қазақстандағы ең танымал адамға айналған Айдын Айымбетов соңғы уақыттары ел-елді аралап, ғарышқа ұшқандағы әсерімен бөлісіп жүр. Мұндай кездесулердің басты мақсаты жастарды отаншылдық сезімге үндеу болып табылады. Бірақ кездесу жайында хабар таратқан кейбір әріптестеріміз елімізді ғарыш саласы дамыған елдердің қатарына қосып, сыпыра мақтап жүргені жасырын емес. Шамасы олар көпірме сөзбен Қазақстанды ғарыштық державалардың қатарына қосуды көксейтін болса керек.
Таяуда Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының бастамасымен Айдын Айымбетов Азаматтық авиация академиясында болашақ авиация мамандарымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Өз кезегінде Азаматтық авиация академиясының ректоры Мұхтар Байжұманов жиынның мақсатын айтып өткеннен кейін, көпірме сөзден қашып, жастар мен ғарышкердің емен-жарқын сөйлесуіне мүмкіндік туғызып, әсерлі әңгімені естіп, таным көкжиегіміз өсе түскендей болды. Әп дегеннен-ақ, ғарышкер мен болашақ ұшқыштардың арасында тартымды сұхбат өрбіді. Өз кезегінде Айдын Айымбетов студенттерге «Мен бұған дейін көптеген ұжымдық кездесуде болып, жастардың сұрақтарына жауап бердім. Мен үшін бүгінгі кездесу ерекше болатынына сенімдімін. Өйткені, мен бүгін болашақ ұшқыштармен, яғни, әріптестеріммен кездесіп отырмын. Мұхтар мырза маған академияның материалдық техникалық базасы мен жаңадан алынған жаттығу манеждерін көрсетті. Маңызды құрылғыларды күнделікті сабақ барысында пайдаланып жүрген академия түлектері болашақта білікті ұшқыш болып шығатынына сенім зор. Сіздерге осы мүмкіндікті барынша пайдалануға кеңес беремін», – деп жастарға ағалық кеңесін айтты. Осы ретте құр сөзден қуырдақ қуырмай, ғарышкер мен жастардың арасында өрбіген әсерлі әңгімені қысқаша газет оқырмандарының назарына ұсынуды жөн санап отырмыз.
Сұрақ: Айдын аға, ғарышқа ұшқанда біраз ғылыми-тәжірибелік сынақтар жүргізгеніңізді білеміз. Тәжірибе барысында тосын оқиғалар орын алмады ма?
Айдын Айымбетов:
– Ғарыш кеңістігіне көтерілгенде мен қазақ ғалымдарының тапсырысы бойынша физика-техникалық, медико-биологиялық 20-ға жуық ғылыми тәжірибе жүргіздім. Бұлардың бәрі отандық ғылымды дамыту үшін аса қажет жобалар. Тәжірибе барысында кейбір заттардың тартылыс күшінен тыс ғарыш кеңістігінде қандай күйге түсетінін бақылап, оны бейнатаспаға түсіріп, ғалымдарға жеткізіп бердім. Таяуда бір ғалым ғарышта жүргізілген тәжірибенің арқасында ғылымда маңызды төрт ғылыми-зерттеу жұмысы қолға алынғанын айтып, қуантты. Сонымен қатар ультракүлгін сәулелерді түсіретін арнайы камерамен ғарыш кеңістігіндегі гамма сәулелерін түсіріп алдым. Бұл зерттеудің медико-биологиялық маңызы зор. Ғалымдарымыз алдағы уақытта осы материалдарды пайдаланып, радиация сәулесін кең көлемде зерттейді. Ал оқыс оқиғаға келетін болсақ, тәжірибе жүргізу барысында ешқандай төтенше оқиға болған жоқ.
Сұрақ: Сіздің мамандығыңыз ұшқыш па?
Айдын Айымбетов:
– Иә, мен – ұшқышпын. Бірақ мен сіздер сияқты жолаушылар ұшағын басқармаймын. Әскери жойғыш ұшақтарды тізгіндейтін маманмын.
Сұрақ: Ұшқыш, ғарышкер болуды бала кезіңізде армандадыңыз ба?
Айдын Айымбетов:
– Адамзат баласы алғаш рет ғарышқа ұшқан қазақ топырағанда туған балалар секілді мен де ғарышкер болуды армандадым. Кейіннен есейіп, жоғары сыныпқа аяқ басқанда ізгі арманымды іске асырудың жолдарын қарастыра бастадым. Кеңес заманында ғарышқа ұшқан азаматтардың көпшілігі әскери ұшқыштар еді. Сондықтан ғарышкер болу үшін алдымен әскери ұшқыш болу керек екенін түсіндім. Сонымен қатар күреспен айналысқан адамдардың ғарышқа ұшқанда организмі ғарыш кеңістігіне тез бейімделетінін біліп, біраз жыл күреспен де айналысқан кездерім болды. Осылайша тыңғылықты дайындық пен тынымсыз ізденістің арқасында арманыма қол жеткіздім.
Сұрақ: Болашақтағы жоспарыңызбен бөліссеңіз?
Айдын Айымбетов:
– Алдағы уақытта «Қазғарышта» қызметімді жалғастырамын. Сонымен қатар ғарышқа тағы бір мәрте ұшу ойымда бар. Дегенмен ғарышқа қазақ жастарының ұзақ мерзімге ұшқанын қалаймын. Өйткені менің жасымда ғарыш кеңістігінде ұзақ уақыт аялдау қауіпті. Ғарышкер мейлінше жас болса, ғарыш кеңістігінде ұзақ уақыт болатын мүмкіндігі бар. Сондықтан қазақ жастарының ғарышқа ұшқанын қалаймын.
Сұрақ: Сіз әскери ұшқышсыз. Ал біздер болашақта азаматтық авиация саласының ұшқышы болуға талпынудамыз. Маман ретінде айтыңызшы, әскери ұшқыш пен азаматтық авиация саласы ұшқыштарының арасында қандай ерекшеліктер бар?
Айдын Айымбетов:
– Дәл осы сұраққа жауап беретін қызық әзіл бар. Оны өздеріңіз де білетін шығарсыздар. Сондықтан оны айтпай-ақ қояйын. Шындығында әскери ұшқыш пен азаматтық авиация саласы ұшқыштарының арасында өзіндік ерекшелік бар. Азаматтық авиация саласы ұшқыштары бірінші кезекте жолаушылардың қауіпсіздігін есепке алып, ұшақты басқарады. Өйткені үлкен лайнердің ішінде жас та, кәрі де отырады. Ал әскери ұшқыштар истребительмен ұшып келе жатып 1,5 секунд ішінде 60 градусқа шалт бұрып, күрделі маневрлар жасай алады. Сондықтан екі сала пилоттарының ұшақты басқаруда өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан әскери ұшқыштарды азаматтық авиация саласына жұмысқа қабылдай бермейді (күлді).
Сұрақ: Ғарыш кеңістігінде жер шарынан қандай да бір қызық құбылыстар көре алдыңыз ба?
Айдын Айымбетов:
– Ғарышкерлер арасында «егер ғарыштан оқыс жайтқа куә болып, тосын жайтты көрсең, оны бірден психологқа айтпа» деген әзіл бар. Ғарыш кеңістігінде төтенше бір құблысты көріп, куә болмадым. Бірақ солтүстік полюстің күн нұрына малынуы маған қатты әсер етті. Бұл көріністі тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Тек қана көру керек.
Сұрақ: Ғарыштан жерге қарағанда көркімен көз тартқан жер болды ма?
Айдын Айымбетов:
– Болды. Ол – кең байтақ Қазақ жері. Өйткені қазақ жерінде өзен мен көл, тау, ну орманға оранған аймақ пен шөлейт жерлер бар. Осы табиғат ананың ғажайып үйлесімі ғарыштан көзге бірден шалынады. Бұл – шын сөзім. Сеніңіздер.
Сұрақ: Айтыңызшы, ғарыштан өзге ғаламшарлар жақсы көріне ме?
Айдын Айымбетов:
– Ғарыштан өзге ғаламшарларды тамашалауды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Біздер атмосфера қабатынан өзге ғаламшарларды мүлде көре алмаймыз. Ғарышта мұндай кедергі болмағандықтан өзге ғаламшарларды анық көруге болады. Марс, Юпитер, Сатурн бәрі-бәрі қол созым жерде тұрғандай әсерге қалдырады.
Сұрақ: Ғарыштан оралғаннан кейін дүниетанымыңызда қандай да бір өзгерістер орын алды ма?
Айдын Айымбетов:
– Өте орынды сұрақ. Біздер жер бетінде жүргенде жер ананың шеті мен шегі жоқ кең дүние деп елестетеміз ғой. Ал ғарыштан қарағанда жердің тұңғиық кеңістік тұрған қорғансыз планеталардың бірі екенін байқайсың. Ғарыш кемесінің иллюминаторынан қарағанда жершарын аялаудың қаншалықты маңызы зор екенін түсіндім. Осы тұрғыдан алғанда жан дүниемде біраз өзгерістер болды.
Сұрақ: Ғарышқа ұшарда қандай да бір қорқыныш, қобалжу сезімін бастан кештіңіз бе?
Айдын Айымбетов:
– Қорқыныш болмаса да, қобалжу сезімі болды. Өз басым талай ұшу-жаттығуларынан өтіп, бойымдағы қорқынышымды жеңдім деп ойлаушы едім. Бірақ «Союз ТМ-18М» кемесіне мініп, барлық люктер жабылып, алып машина от алғанда біраз қобалжыдым. Өйткені, 200 миллион аттың күші бар алып зымыран дірілдеп, жерден көтерілгенде, оның күш-қуаты кімді болса да қобалжытар еді.
Сұрақ: Ғарышта су кеңістікте қалқып жүретінін білеміз. Жуыну барысында қиындық туындамады ма?
Айдын Айымбетов:
– Ғарышкерлер жуынбайда, тек сүртінеді (күлді). Өйткені су денеге жұқпайды. Сондықтан біздер ұйқыдан тұрған бетте арнайы дымқыл сүрткіштермен сүртініп, тазалық сақтадық.
Сұрақ: Салмақсыздық жағдайында ұйықтау қиындық туғызбай ма екен?
Айдын Айымбетов:
– Ғарышқа ұшқанымда көсіліп жатып ұйықтаудың қаншалықты маңызды дүние екенін түсінгендей болым. Өйткені ғарышта тартылыс күші болмағандықтан күні-түні ауада қалықтап тұрасың. Әдетте біздер жастық жастанып, басымызды ыңғайымызша қисайтып, ұйқыға бас қоямыз ғой. Ал ғарышта басыңды қалаған жағыңа қисайтып ұйықтай алмайсың. Тек сұлық жатып ұйықтап кетесің. Сондықтан ғарышта болған сәтімде жерде жатып ұйықтағанды қатты аңсадым.
Дайындаған Нұрлан ЖҰМАХАН.